Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның агрокешендік перспективасы өте зор.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында әдеттегідей ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешенді жаңа заманға сай дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі қай кезеңде де өзінің маңызын жоймақ емес.
Бұл туралы биылғы Жолдауда: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы»,- деп атап өтті Президент.
Жері, суы дуалы – Жуалы ауданында да ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи озық тәжірибелерді басшылыққа алып, егін және мал шаруашылығын дамытуда елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген шаруа қожалықтар аз емес. Өңірдегі жұмысы алға басқан агроқұрылымдардың бірі – Жетітөбе ауылдық округіндегі «Ұлжан» шаруа қожалығы.
1999 жылы құрылған қожалықтың иелігінде 180 гектардай егістік жер және жайылымдық жер бар.
Шаруа қожалық алғашқы жылдары алқапқа көбінде арпа-бидай егуді қолға алады. Өндірілген өнімді сатып, одан түскен қаржыға жер өңдеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып ала бастады.
Тірлігі сан салалы әрі өнімді жұмыс істеу үшін техникасы да сақадай сай агроқұрылым бүгінде өңірдің аграрлық саласын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүргізуде. Биыл «Ұлжан» шаруа қожалығы 50-60 гектар алқапқа жаздық арпа, 70 гектарға мақсары дақылын егіп, одан (әр гектардан) орта есеппен 10-12 центнерден өнім жинады. Шаруашылық басшысы, іскер азамат Ерлан Қораласбаев одан бөлек, көпжылдық шөптен 35 гектар алқапқа мал азығына жаңадан жоңышқа және эспарцет еккендерін айтады.
Қыстың қамын жазда ойлайтын шаруалар қауымы үшін егін жинау, мал азығын молынан дайындау жұмыстары қандай жауапты науқан саналса, күзгі дала жұмыстары да сондай маңызды рөл атқарады. Күздің жылы күндерін тиімді пайдаланған шаруашылық мүшелері жақында егістік алқаптарды сүрге айдауға кірісті. «Жерді күз аудар, күз аудармасаң жүз аудар» деген қағиданы басшылыққа алған шаруашылық биыл 100 гектарды парға айдауды жоспарлап, қазіргі таңда оның 80 гектарын аударып үлгерді.
-Әр жылдың өзіне тән ерекшелігі болатыны белгілі. Биыл өңірімізге жауын-шашын жылдағыдан аз түсіп, аздап қуаңшылық байқалды. Егін жинау науқаны кезінде соған сай өнімділік те жылдағыдан аз болды. Бұған да шүкір. Алқаптағы дәнді дақылдарды шашпай-төкпей жинап алдық. Қысқы мал азығына да қажетті жемшөп қорын молынан дайындадық.
Ендігі кезекте келер жылдың өнімі үшін күзгі дала жұмыстарына кірісіп, оны аяқтауға да таяп қалдық. Биыл 100 гектарға жуық пар айдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Оған келер жылы көктемде арпа және мақсары егіледі. Өздеріңіз де жақсы білетіндей, биылғы күз айлары да құрғақ болып, жауын-шашын аз түсіп отыр. Бұл да жер айдауға өзінің кері әсерін тигізуде. Айдалатын алқап топырағының кейбір тұстары қатты болуда. Сонда да межелі жұмысты аяқтауымыз қажет.
Күзгі дала жұмыстары кезінде пар айдаумен қатар, келер жылдың өніміне 15-20 гектар алқапқа күздік бидайдың І репродукциялы жаңа тұқымын егуді де жоспарлап отырмыз. Дала жұмыстарын жүргізуге қажетті кепілдендірілген жанар-жағармайды да еш кедергісіз алып жатырмыз. Шаруашылықта жұмысшы күші де жеткілікті. Қазір жер айдау жұмыстарын өзімнің туған ағам Нұржан Қуанышбайұлы және үш механизатор үш бірдей доңғалақты трактормен сапалы атқарып жатыр,- дейді шаруа қожалық басшысы Ерлан Қораласбаев.
Аталған шаруашылық жұмысының сан салалы екенін сөз басында атап өткеніміздей, «Ұлжан» шаруа қожалығы егін егумен қатар төрт түлік малдың басын көбейтумен де тұрақты айналысып келеді. Олардың атакәсіпті ойдағыдай дамытуының нәтижесінде қазіргі таңда малдың басы едәуір артты. Ата-бабаларының ескі қонысы болған бұрынғы «Түркісіб» колхозының орнында шаруашылықтың мал қыстауы орналасқан. Мұнда негізінен қой-ешкі, бірнеше бас ірі қара тұқымы, оның ішінде сүтті бағыттағы сауынды сиыр және етті бағыттағы бұқашықтар бағылады. Шаруашылықта барлығы сегіз адам жұмыспен қамтылған.
Адымы аршынды, жұмысы жүйелі агроқұрылымда мал бордақылау ісі де жүйелі жолға қойылған. Олай дейтініміз, шаруашылықта жыл сайын жүздеген бас қой, (оның ішінде, аталық қошқарлар), сонымен қатар, жылқы және бұқашықтар семіртіліп, етке өткізіледі. Бұл да аудан және облыс тұрғындарын экологиялық таза ет өнімімен қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізіп отырғаны анық.
«Ұлжан» шаруа қожалығында жер өңдеуге қажетті техникалардың барлығы жеткілікті. Арпа, бидай және мақсары дәнін жинауға арналған «Енисей» маркалы екі бірлік комбайн «МТЗ-952-2», «МТЗ-920», «МТЗ-80» маркалы үш бірдей доңғалақты трактор, одан бөлек, шөп оратын комбайн, шөптайлағыштар, басқа да қосымша агрегаттар науқандық жұмыстарды сапалы жүргізуге үлкен көмек болумен қатар, өнімділікті де ұлғайтуға сеп болып отыр. Шаруашылықтағы тракторлардың дені «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеке қаражатқа алынды. Одан бөлек, 2020 жылы шаруашылық жеке қаражатқа көпфункциялы жүктиегіш сатып алынған.
Жетітөбе ауылдық округі өңірдегі ауыл шаруашылығы дамыған ауылдық округтің бірі болып саналады. Қосымша айта кететін болсақ, былтырғы күзгі дала жұмыстары кезінде барлығы 1 233 гектар алқапқа бидай егілді. Ал жаздық арпа алқабының көлемі -2 250, жүгері -10, картоп -90, мақсары -4 016, күнбағыс -5, бақша дақылдары -15, жоңышқа алқабы -380 гектар, ал мал азығы дақылдары -3 695 гектар алқапқа орналастырылған, пар -82 гектарды құрайды. Биыл округ шаруалары арпа мен бидайдан орта есеппен алғанда әр гектардан -14,1 центнерден өнім жинады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»