Basty bet
Табыстың кілті – табанды еңбекте
Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деп атап көрсетті.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезіну. Сонда ғана еліміз дамудың даңғыл жолына түседі.
Осындай қарапайым еңбек адамының бірі ретінде Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Кеңесбек Утеевты айтуға болады. Ол 1962 жылы өңірге қарасты Шыңбұлақ ауылында, көпбалалы, шаруа отбасында дүниеге келген. Ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы сегіз жылдық мектепті жақсы аяқтап, әрі қарай Түлкібас ауданының Т.Рысқұлов ауылындағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түсіп, ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығын алып шығады. Техникумда оқып жүріп Германияда Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден оралған соң оқуын аяқтап, қазіргі №16 Жуалы колледжіне шебер және трактордан сабақ беретін мұғалім болып орналасады. Ол мекемеде 10 жылдан аса оқытушы болып, 1996 жылы аудандық ЖЭС-ке экскаваторшы болып жұмысқа ауысады. Сол орында табан аудармай 30 жыл жұмыс істеп, биыл көктемде зейнетке шықты.
– Өмірде адам еңбектен бақ табады деп жатамыз. Бұл шын мәнінде солай. Менің өмірлік қағидама айналған табысқа жету – табандылықтан деген сөзді іспен дәлелдеп келемін.
Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен көлікке жақын өскендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендім және жетістікке қол жеткіздім. Адал еңбегіммен табысымның арқасында елге сыйлы болдым. Техникумды аяқтағаннан кейін Ақбастау ауылындағы колледжде сабақ бердім. Мен бар білгенімді білім алушыларға үйретуден жалықпадым. Қазіргі таңда сабақ берген шәкірттерім механизатор және басқа мамандықтарда жемісті жұмыс істеп жүрген мамандар. Әлі күнге дейін маған өздерінің алғыстарын айтады.
Әр жұмыстың қызығы мен қиыншылығы қатар жүретіні белгілі. Аудандық электр желілерін тарату стансасына жұмысқа орналасқанымда басында кішкене қиыншылықтар болды. Бірақ уақыт өте қиыншылықтарды да жеңіп, жоғары дәрежелі маман атандым. Ауданның энергетикалық әлеуетін арттыруға қосқан үлесімді және қызметтік міндетімді абыройлы атқарғаным үшін көптеген марапатқа ие болдым. Өзімнен кейінгі буынға бар білгенімді үйреттім,-дейді Кеңесбек Палуанұлы.
Кеңесбек Утеевтың өмірлік жары Анапия Дүйсебайқызы ауданға қарасты Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте 40 жылдай мұғалім болып қызмет атқарады. Екеуі өмірге үш ұл, екі қыз әкеліп, бүгінде олар өмірден өз орындарын тауып, бір-бір шаңырақтың иесі атанып отыр. Олар ұл-қыздарынан 11 немере сүйіп отырған ардақты ата-әже.
Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтуі өте орынды.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әрбір адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялады. Бұл – өте орынды бастама. Бұдан шығатын қорытынды – елімізде еңбек адамына деген құрмет-қошеметтің арта түсетіні сөзсіз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»