Basty bet

ТАЗАЛЫҚҚА ТАСТАЙ ТАЛАП ҚАЖЕТ!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде тазалық және акция туралы былай деді:
-Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың басты міндеті болып табылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде санитарлық-тазалық жұмыстары жалғасуда. Бұл акция өткен жылдың сәуір айынан бастау алғаны белгілі.
Қазіргі таңда бұл акция еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бұл шараға ерікті жастар мен аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары және түрлі мекеме қызметкерлері де белсене атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Апта басында аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің қызметкерлері мен “Жасыл ел” бағдарламасы аясында құрылған “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының мүшелері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Аталған акция барысында жастар «Жасай бер, Қазақстан!» саябағы маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. Әрі қарай тазалық жұмыстары «Жастар аллеясында» жалғасты.
Одан бөлек, мұндай іс-шара Нұрлыкент ауылдық округінде де өтті. Ауылдық округте ауыл жастары Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған мемориал тақталары мен ескерткіштерге іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстары бойынша қайырымдылық акциясын өткізді.
Акцияның мақсаты – сенбілік тек қоршаған ортаны тазартуға бағытталған шара ғана емес, сонымен қатар тұрғындар мен жастардың экологиялық мәдениетін көтеру, олардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осылайша халықты экологиялық сауаттылыққа үйретіп, қоршаған ортаға деген қамқорлықты күшейтуге ықпал етуде.
Ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау – әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген ізгі қасиет болуы қажет деп білеміз!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close