Basty bet

Бар білімнің бастауы – балабақшада

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр.

Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу ісі – білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде.
Бүгінде балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ісіне үлес қосып отырған Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылындағы «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасында екі топта барлығы 50 бала тәрбиеленуде. 2013 жылы ашылған балабақша бүгінде өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып келеді. Балалық шақтың мекені саналатын балабақша әр жылдары тәрбиеленушілерін мектепке шығарып салып, одан кейінгі бүлдіршіндермен тәрбие мен білім беру процесін жалғастыруда.
«Балбөбек» бөбекжай-балабақшасында кіші «Балапан» және орта «Өнерпаз» топтарындағы бүлдіршіндермен сегіз педагог, яғни, төрт тәрбиеші, музыка жетекшісі және психолог жұмыс істеуде. Балабақшаны бүгінде Қаламқас Омарбекова басқаруда. Мекемеде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы аясында әр баланың қызығушылығы, ерекшелігі ескеріліп, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде балаларды толыққанды дамыту мақсатында жұмыстар үйлестірілуде.
-Балабақшада бүлдіршіндердің әр күнін қызықты өткізу үшін педагогтар түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Балалардың бір күні күн тәртібіне сәйкес жоспарланады. Яғни, ұйымдастырылған, кіріктірілген оқу іс-әрекеттер және дамытушы, үстел-үсті, қимылды, дидактикалық тағы басқа да ойындар арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, «Қуыршақ» театры балаларға түрлі ертегілерден көрініс көрсетеді және өзге де тақырыптық жоспарға сай шаралар ұйымдастырылады.
– Балаларды еңбекке баулу және тәжірибелік жоба мақсатында көктемде балабақша ауласына бақша өнімдерін балалармен бірге отырғызамыз. Балалар тәрбиешінің қадағалауымен көшеттерді отырғызғаннан бастап, оны жинап алуға дейінгі аралықта көкөністерді күтіп-баптауға көмек береді. Жинап алған өнімдерді аспазға апарып беріп, сол көкөністерден балаларға тамақ әзірленеді. Міне, бұл арқылы біз балаларды еңбекке баулып қана қоймай, сонымен қатар, үлкенге көмек беру, олардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру секілді қасиеттерін де дамытамыз, – дейді балабақша меңгерушісі Қаламқас Бешкемпірқызы.
Балабақша педагогтары жұмыс барысында ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істеуде. Оларды күнделікті ватсап желісі арқылы балалардың балабақшадағы бір күнінен хабардар етіп отырады. Сондай-ақ, жоспарлы және жоспардан тыс ата-аналар жиналысы өткізіледі. Балалардың тамағына да аса мән беріледі. Бүлдіршіндерге таңғы асқа бес күнге бес түрлі ботқа әзірленіп беріледі, түскі асқа бірінші және екінші тамақ және бесін асқа тәтті бәліштер, түрлі тағамдар дайындалады.
Балабақшадағы балалардың дамуына бірінші кезекте ойыншықтар әсері етеді. Оны тек тәрбие беру және оқыту процесінде дұрыс қолданған жөн. Осы ретте, аталған балабақша балалары әртүрлі дамытушы ортаға арналған ойыншықтармен толық қамтылған. Педагогтар дамытушы ойындар арқылы баланың есте сақтау, ойлау қабілетін дамытуды, әртүрлі заттарды салыстыра білуді үйретуді, қолмен ұстап ойнауда қол моторикасын дамытуды, өзара сюжеттік-рольдік ойындарда сөздік қорын молайтуды, еңбекке баулу арқылы қоршаған ортамен таныстыруды көздейді.
«Балбөбек» бөбекжай-балабақшасының бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі де жетерлік. Айтап айтар болсақ, балабақша меңгерушісі Қ.Омарбекова «Ең үздік балабақша меңгеруші» облыстық байқауының жеңімпазы атанған. Одан бөлек, балабақшаның «Мен көп тіл білемін» республикалық байқауының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталғаны ұжымның ауызбіршілігі мен ынтымағын білдірсе керек. Сонымен қатар, балабақша әдіскері Б.Тажбенова облыстық «Ең үздік флипчарт» байқауының жеңімпазы атанған. Балабақша тәрбиешілері республикалық, облыстық және аудандық көптеген байқауларға қатысып, І, ІІ, ІІІ орын иегерлері атанып, балабақшаның мәртебесін көтеруде.
Сондай-ақ, балабақшаның психологы С.Әкімбекова аудандық «Үздік психолог» байқауының жеңімпазы атанса, балабақша тәрбиешісі Б.Түлегенова «Үздік педагог» республикалық байқауының І дәрежелі дипломымен марапатталғаны да ұжым үшін үлкен мақтаныш. Халықаралық «Бақытты балабақша» байқауында ерекше шығармашылығымен үздік деп танылып, І дәрежелі дипломмен П.Мамытова және Г.Алтыбаева «Шебер тәрбиеші» халықаралық байқауының І дәрежелі дипломымен марапатталды.
Балабақша бүлдіршіндері де түрлі байқаулардан қалыс қалған емес. Атап айтатын болсақ, Диана Қамбар облыстық «Балапан – бояулар әлемі» байқауының жеңімпазы атанса, Адайбай Нұрқасым халықаралық «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» байқауынан жүлдемен оралды. Сонымен қатар, Асылан Түрпенбай облыстық «Менің отбасым» сурет байқауында шығармасы жақсы бағаланып, жеңімпаз атануы да тәрбиешілер мен ата-аналардың өзара байланысының нәтижесін көрсетті.
-Балалардың мектепке дейінгі тәрбие алуы мен білім беруі үшін алға қойған жоспарымыз көп. Басты мақсатымыз – балабақша бүлдіршіндерін саналы, білімді етіп тәрбиелеп, олардың ой-өрісін дамытуға қолайлы жағдай жасау, балабақшаны жоғары деңгейде көрсете білу. Балабақша – бала жанының бағбаны. Біз балаларды балабақшада дұрыс тәрбиелеп, бойындағы өнері мен қабілетін аша білсек, онда ертеңгі күні олардың жақсы азамат болып қалыптасуына қосқан үлесіміз болары анық,- деп қорытындылады балабақша меңгерушісі Қаламқас Омарбекова.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close