Basty bet

“Мәселенің оң шешілуі дұрыс жоспарлауға байланысты”

Аудан әкімі Жалғас Мұртаза жұма күні ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” №826 Жарлығына байланысты бекітілген округ тұрғындарымен тоқсанына бір рет кездесу кестесіне сәйкес Қарасаз және Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Қарасаз ауылдық мәдениет үйінің ауласында өткен кездесуге ауылдағы түрлі сала ардагерлері, аналар мен жастар қатысты.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы алдымен ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
-Ауылдағы кезек күттірмейтін мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Ауыл жолдары жөнделді, көшелер жарықтандырылды, спорт кешені салынуда. Спорт кешенінің құрылысы келесі жылға өтпелі. Ендігі мәселе – құрылыс жұмысына бөлінген қаржыдан шашау шығармай сапалы әрі дер кезінде бітіріп алу.
Б.Момышұлы-Қошқарата бағытындағы облыстық мәндегі жолдың қазіргі таңда Жұрымбай ауылы мен “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізіне дейінгі аралығын жөндеу жұмыстары басталып жатыр. Жөндеу жұмыстарын күн суығанға дейін бітіріп алу жоспарлануда.
Қарасаз ауылдық округіне қарасты ауыл тұрғындары мемлекет қолдауын, пилоттық жобаның шапағатын сезінуде. Алла амандық берсін, ел ішінде бірлік, ауызбіршілік болса басқа мәселелеріңіз де кезең-кезеңімен шешімін таба береді,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Сөз сөйлеген ардагерлер Сағындық Тоқбергенов, Есімхан Сеңгірбаев, Айгүл Омарова, т.б ауыл тұрғындарының атынан аудан әкіміне, ауыл әкіміне алғысын білдіріп, ұсыныс, тілектерін жеткізді.
С.Тоқбергенов Қарасаз ауылынан “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықарылық дәлізіне қосылар бұрылысқа жарық орнатылса, аудан орталығындағы “Жастар саябағына” күтім жасалса деген ұсынысын айтып, көкпар ойынына арналған жер мәселесі туралы сұрақ қойды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза халықаралық дәлізге қатысты жол мекемесі басшыларының уәдесі бойынша биыл Қарасаз және Шақпақата ауылының тұсына жарық орнатылуы керектігін айтты. Ал саябақ мәселесі бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырғанын жеткізді.
-Жуалылық көкпаршылар көкпар тартып жүрген жер Б.Момышұлы ауылының теңгеріміне алынған. Бірақ тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін ол жерге көкпар тартуға болмайды. Ол жердің халықаралық дәліз жақ бетін қоршап, кіру есігін мешіт жақтан жасауды да ойландық. Оның өзін де жолдың бойы болғандықтан қауіптілеу. Сондықтан Ақбастаудағы колледждің жеріне (оларға басқа ыңғайлы жер тауып беру арқылы алып) атшабарды салып берсек деген жоспар бар. Яғни, бұл әлі толық шешімін таппаған ашық күйінде тұрған мәселе,- деді аудан әкімі.
Аудан басшысы ардагерлердің сауалдарына қарай аудан орталығын көркейтуге бағытталған жоспарларымен де бөлісті. Қарасаздықтарға кейбір мәселелерді ауыл болып ұйымдасып, демеушілікпен шешсеңіздер деген өтінішін де білдірді.
-Көлтоған ауылы қазір ауылда туып-өскен, түлеп ұшқан көлтоғандықтардың ұйымдасуымен, демеушілігімен көркейіп келеді. Көлтоғандықтардың бұл игі ісі барша ауылдықтарға үлгі-өнеге. Сіздер де ауылға кіреберіске ұйымдасып арка жасатсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді,- деді аудан әкімі.
Ауылдық округтегі аналар алқасының төрағасы Айгүл Омарова ауыл болып ауылды таза ұстайық деген ниетпен жұмыс жасап жатқандарын жеткізді.
Кездесу соңынан ардагерлер аудан басшысына ашық, емен-жарқын әңгіме, кездесу үшін алғысын білдірді.

***
Шақпақата ауылындағы кездесуде де аудан басшысы маңызды мәселелерге, алдағы жоспарларға тоқталып өтті.
Ауылдық округтегі маңызды мәселелердің бірі – Шақпақата ауылдық мәдениет үйі. Аудан әкімі мәдениет үйін жөндетуге қажетті құжаттардың барлығы дайындалғанын, ендігі жерде республикалық бюджетті қалыптасыру кезінде жоба қайта ұсынылатынын, ұсыныс қолдау тапса, жөнделетінін жеткізді.
Шақпақ ауылдық округінде де бірқатар жұмыстар атқарылуда, яғни бірқатар жолдар жөнделді, ауызсу тартылды. Келер жылы Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілетін болады.
-Ауылдық округ әкімі өздеріңіздің қолдауларыңызбен жақында ғана сайланды. Ауылдағы мәселелер өздеріңіздің бірлесіп, ой елегінен өткізіп, дұрыс жоспарлауларыңыз арқылы шешіледі. Билік пен халық үндесіп жұмыс істейтін болса, шешілмейтін мәселе жоқ,- деді аудан әкімі.
Кездесу барысында ауылдағы К.Тұртаев көшесінің бойындағы арықтың ұйық басуына байланысты көшеге толық ағын судың бармайтыны, орталық Д.Пахомов көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу, Т.Дүйсебайұлы ауылындағы С.Тотайұлы көшесін жөндеу, тағы да басқа мәселелер көтерілді.
Көтерілген мәселелер бойынша Жалғас Әлижанұлы ауыл әкімі Н.Балтабаевқа тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close