Basty bet

Конституциялық трансформация: секторлық өзгерістерден жүйелі реформаға

Конституциялық комиссияның құрылуы – жекелеген салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі. Комиссия төрағасы Эльвира Азимова атап өткендей, басты міндет – бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі қағидаттарын сақтау, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге лайықты жауап беру.
Жаңа Конституция жобасы саяси институттардың құрылымын жетілдіруге бағытталған. Парламенттік реформа аясында заң шығару органының мәртебесі мен өкілеттіктері қайта қаралып, басқару жүйесінің тиімділігі арттырылмақ. Бұл шешім мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін күшейтіп, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге негіз болады.
Маңызды тұжырымдамалық өзгерістердің бірі – егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастықты өзгермейтін құндылықтар ретінде бекіту. Бұл – геосаяси тұрақсыздық кезеңінде мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған стратегиялық шешім.
Сонымен қатар бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде белгіленеді. Қазақстан көпэтносты қоғам болғандықтан, бұл қағидаттардың конституциялық деңгейде айқындалуы ел ішіндегі тұрақтылықты сақтаудың кепілі болып табылады.
Комиссия отырыстарының ашық форматта өтуі – реформаның жариялылығы мен транспаренттілігін көрсетті. Қоғам белсенділері, құқық қорғаушылар, депутаттар мен сарапшылар өз ұсыныстарын еркін білдірді. Бұл жаңа Конституцияның тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл халықтың қатысуымен әзірленгенін айғақтайды.
Сарапшылар жаңа Ата Заңды Қазақстанның саяси жаңғыруының маңызды кезеңі ретінде бағалап отыр. Егер құжат жалпыхалықтық қолдауға ие болса, ол елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуының берік құқықтық негізіне айналмақ.

Таңдаулы материалдар

Close