Basty bet
СОҒЫСТА ҚАН, ЕҢБЕКТЕ ТЕР ТӨККЕН
Майдангер Көлбай Қойбақов неміс-фашистерімен шайқаста бір қол, бір аяғынан ауыр жарланып мүгедек болып оралғаннан кейін елде қайнаған еңбекке араласып, майданға азық-түлік, киім-кешек жіберуге барынша атсалысты. Өйткені, ол өзі оқ пен оттың ортасында болған 2 жылдай уақыттың ішінде жаумен арыстанша алысып жатқан жауынгерлердің ашқұрсақ, суықтан бүрсең қаққан күйін бастан кешкен. Ол жау басып алған жерлердегі тұрғындардың жай-жағдайынан да хбардар. Байқұстар өздері аштан өлуге бар, қолдарындағы барын жаумен шайқасып жатқан жауынгерлердің аузына тосатын.
Ал, жау құрсауында қалған ленинградтықтардың басынан кешкендерін ауызбен айтып жеткізудің өзі қиын. Қаланың бейбіт тұрғындары нағыз ашаршылық жағдайында болды. Талғажау етерлік азық-түлік қоры таусылған. Қалаға Ладога көліндегі «өмір жолы» арқылы жеткізілген азық-түлікті там-тұмдап пайдалану тәртіпке айналған. Жасыратыны жоқ, адамдардың қарт, ауру-сырқау, әлсіз топтары арасында шығын да бар. Ленинградтықтар бәріне төзіп бақты. Ақыры Батыр-қала жеңілген жоқ, жау құрсауынан азат етілді. Сол азат етушілердің қатарында қазақ жауынгері Көлбай Қойбақов та болған. «Соғыс туралы айтқанды ұната бермейтін, көп сөйлемейтін атам: «Совет халқы соғыста бірліктің, төзімділіктің, ерліктің арқасында Жеңіске жетті», – деп отыратын. «Ой, Ленинградта болған жағдайды көрген адам шошығандай», – деп қосып қоюшы еді», – дейді майдангердің ұлы Сағатбек.
Баласы айтқандай, «соғыс жайлы айтқанды ұната бермейтін, көп сөйлемейтін» Көлбай әскерге 1941 жылы Берікқара ауылдық кеңесінен аттанған. Ауыл – Майтөбеде. Майданға аттанып бара жатқандардың барлығы дерлік 18-19-дардағы өрімдей жастар. Бұлармен бір әскерге алынғандардың ішінде Көлбайдың емшектес бауыры Қаңлыбай да бар. Бір үйден екі азамат!
Ерінен ерте айырылған Құлтай апа (әйелдің есімі) жастары келсе де әлі отау құра алмаған қос ұлын сұрапыл соғысқа шығарып салып, аңырап қала берген. Бұл – сол кезде Құлтай сияқты көптеген аналар бастан кешкен қасірет.
Елде кеңес өкіметі толық орнығып алғанға дейін байдың малын баққан Көлбай алдымен артель, кейіннен колхоз атанған шаруашылықта да қара жұмысқ жегілген. Басқа қолынан келер іс жоқ.
Сөйткен қара шаруа пойызбен келіп, қалың орман ортасында айт, два, жат, тұр, оңға, солғаны үйренгендердің ішінде болғанымен ұққаны шамалы. Содан қан майдан ортасына келгенін, келген жерлері Ленинград деп аталатынын жоғарыда айтқан сұмдықты көргеннен кейін бір-ақ білген.
Көп нәрседен хабарсыз болса да, сондағы Көлбайдың анық сезгені совет елі соғысқа сақадай-сай дайын болмаған сияқты. Өйткені, алғашында 4-5 жауынгерге бір-ақ винтовка берілген. Немісті атып өлтірсең де, қапыда қарауылға ілініп қаза тапсаң да, жауға қарсы әрекеттегі 4-5 жауынгерге ортақ жалғыз қару осы. Жан бермек оңай ма, осы ортақ қарумен кезектесіп атып-ақ, жауға сес көрсеткен боласың.
Жаудың екпіні жаман! Қайтсе де құрсаудағы қаланы басып алып, жойып жіберу үшін барын салып жатыр. Фашистер бақайшағына дейін қаруланған, кеңес әскерінің жағдайы әлгінде айтқандай. Толассыз жан алысып, жан беріскен ұрыстар.
– Жаныңда жатқан жауынгер бір қарасаң, жанталасып тыпыршып жатқаны. Аза бойың қаза тұрады. Өйткенше, табан асты тіл тартпай кеткен артық! Сол өліп жатқандардың да көпшілігі – 18-19 жастағы өрімдей жастар, – дейді екен көп сөйлемейтін Көлбай қария Сағатбек баласы соғыс туралы тықақтап сұрап қоймағанда. Әрі қарай әңгіме жоқ. Сірә, соғыста көргендері көзіне елестеп, денесі түршігіп кететін болса керек.
Неміс-фашистерімен қиян-кескі ұрыстардың бірінде Көлбай қолынан жараланған. Госпитальден емделіп шыққаннан кейін қайтадан сапқа тұрды. Бірақ, мылтық атуға қолы жарамсыз. Содан оған атарбамен алғы шептегі жауынгерлерге тамақ тасу жүктелген. Дала асханасы майдан шебінен тысқары. Ұрыс саябырсыған немесе жауға зеңбіректен соққы беретін «артиллериялық дайындық» кезінде окопта жатқан жауынгерлерге ас жеткізеді. Өте сақ әрі таса-тасамен жүру керек. Жау мергендерінің қарауылына ілінсең, аман қалуың неғайбыл.
Алғы шепке тамақ жеткізіп, оны таратып жатқанда тұтқиылдан ұрыс басталып кеткен кездер болады. Немістер кеңес жауынгерлерінің түскі ас ішіп, тамақтанып алуларын тосып отыр дейсің бе?! Керісінше, сондай бейқамдау, ұрымтал тұсты аңдиды ғой жау да. Ондайда иығына ілген винтовкасын кезеніп Көлбай да жата қалады. Жау жақты нысанаға алып бұл да оқ атады. Шабуылдаушы фрицтерден оққа ұшып құлап жатқандарын көзі шалып қалады кейде. Кімнің оғы тиді? Ол – бір Аллаға аян. «Мен пәлен неміс өлтірдім», – деп күпіршілікпен жалған айтар жайы жоқ.
Сондай бір немістер тұтқиылдан шабуыл жасаған ұрыстардың бірінде Көлбай оң аяғының тыз ете қалғанын сезгендей болған. Алғашында ет қызуымен ештеңе сезген жоқ. Бірақ, бара-бара есінен айырылып бара жатқандай. Сірә, қан тоқтамай жатыр-ау шамасы. Жаудың беті қайтарылып, тойтарыс берілгеннен кейін жараланғандарды жинап жүрген санитарлар арбаға салып алып бара жатқаны еміс-еміс есінде.
Сол жолы Көлбай госпитальде 8 айдай жатты. «Дәрігерлер аяғымды кесіп тастайтын шығар» деп ойлаған. Жоқ, кескен жоқ. Бірақ, аяғы таяқ болып қатып-семіп қалды. Илігуге келмейді.
1943 жылдың аяғына қарай майданнан таяққа сүйеніп мүгедек болып оралған Көлбайға сиыр фермасының меңгерушілігі жүктелген. Басқа жұмысқа жарамайды.
Сөз басында айтқанымыздай, соғыстан бәрін көзімен көріп, басынан өткерген Көлбай «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен еңбек етіп, жұмысқа жанын салды. Майданда қан төккен жауынгер еңбекте тер төгуден аянған жоқ.
Көлбай соғыс Жеңіспен аяқталғаннан кейін де сол ұстанымнан танған жоқ. Ол майданнан омырауына жалғыз-ақ «Ленинградты қорғағаны үшін» медалін тағып қайтқан. Кейін бейбіт өмірде оның қатарына Жеңістің, КСРО Қарулы Күштерінің мерекелік медальдары қосылып жатты.
«Кебін емес, кебенек киген» келеді екен, ағасы Қаңлыбай соғыстан 1945 жылы Жеңіспен оралған. Бірақ, жүрімі аз болды, көп ұзамай дүниеден озды. Шүкіршілігі, артында бір ұлы бар. Бүгінде сол ұлдан тараған ұрпақтары аталарының өмірін жалғастырып жатыр.
Қаңлыбай ағасы Көлбай інісіне: «Балаларды оқыт. Болашақ – қаламның ұшында», – деп ақыл айтады екен. Көлбай аға ақылын ұстанды. Ештен кеш жақсы, жасы ұлғайған шағында бірге шаңырақ көтерген жары Мария екеуі төрт перзент көрген: бір қыз, үш ұл.
Көлбай балаларының бәріне де оқып, мамандық алуға барынша жағдай жасады. Тұңғыштары Тұрсынбай Жамбыл технологиялық институтынан инженер-технолог мамандығын алып шыққан. Мамандығымен қызмет атқарды. Бүгінде марқұм. Құдайға шүкір, артында ұрпақтары бар. Нәзипаның мамандығы – медбике. «Қыз балаға лайық» деп өзі таңдаған. Зейнеткерлікке осы мамандықтан шыққан.
Бүгінде қарашаңырақта отырған Сағатбек ширек ғасыр ішкі істер органдарында қызмет атқарып отставкаға шыққан. Қатардағы милиционерден учаскелік полиция инспекторына дейінгі қызметтік жолдан өткен капитан. ҚазМУ-дің заң факультетін сырттай оқып бітірген.
– Негізінен қарашаңырақ – кенже баланікі ғой, – дейді Сағатбек. – Қарашаңыраққа ие болуға тиіс інім Қалтай жол апатынан қазаға ұшырады да, амалсыз ауылда қалдым.
Сағатбек бұл сөздерді қарашаңырақта қалғанына қиналып емес, ізбасар інісінің қапыда қаза тапқанына жаны ауырып, жүрегі сыздап тұрып айтты.
Ұлы Отан соғысының ардагері Көлбай Қойбақов 90 жасында ұл-қыздарының, ұрпағының алдында бақилыққа аттанған. Өмірлік жары, балаларының анасы Мәрия апа шалынан кейін араға 5 жыл салып аттанған о дүниеге. Ата-енесі өздеріне қамқорлықпен қараған Света келіндеріне ризашылығын білдіріп, баталарын беріп отыратын. Света – батаменен көгеріп отырған келін. Бүгінде ол да Құдайдың берген ұл-қыздарынан немерелер сүйіп отыр.
Мұны бүгінгі келіндерге, жалпы жастарға үлгі, өнеге етіп айтып отырмыз. Болсайшы келіндердің бәрі осындай!
– Біздің бақытты өміріміз кешегі Ұлы Отан соғысында майданда қан, еңбекте тер төккен ардагерлердің арқасы ғой. Мен әкемнің Ұлы Жеңіске үлес қосқан майдангер болғанын мақтан етемін! – дейді Сағатбек Көлбайұлы.
Сағатбек дұрыс айтады. Біздің бақытты өміріміз қан майданда қаза тапқан, елге Жеңіспен оралып, кейін қайтыс болған, бүгінде арамызда жүрген майдангер ата-әкелеріміздің арқасы. Бүгінде облысымызда ҰОС алты-ақ (6!) ардагері қалыпты. Олардың барлығына мың тағзым!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Қарабастау ауылы.