Basty bet

Ауыл мешітінің ауласына ағаш егілді

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр осы уақытқа дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Осы мақсатта аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемовтің бастамасымен және Ақсай ауылдық округінің ардагерлерінің қолдауымен «Әр азамат бір түп ағаш» челленджінің аясында Қайрат ауылдық мешітінің ауласына 50 дана қылқан жапырақты ағаштың көшеттері отырғызылды.
Ағаш егу – ұрпақтан ұрпаққа қалған үлгілі өнегелі іс саналады. Табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мұндай игі шаралар Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылында да жүйелі түрде атқарылуда. Біріншіден мұндай жұмыстар экологияның жақсаруына қосылған үлес болса, екіншіден ауыл жастарын табиғат ананы аялауға тәрбиелеуде үлкен маңызды рөлге ие.
Ағаш қоршаған ортаның ауасының тазаруына, көріктенуіне әр беріп тұрады. Ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар деп халық ертеден айтады. Ендеше, баланы туылғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік етіп өсіруді мақсат тұтқанындай, ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек. Бұл атқарылған жұмыстарды жылда дәстүрлі түрде ауылдық елді-мекендерде өткізуге ауыл азаматтары қолдау білдіріп келеді.
Экологиялық бағыттағы іс-шараны тек үлкендер жағы емес, жастар жағы да қолдауда. «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу – маңызды істердің бірі. Қазақ көктем айынан бастап тазалық жұмыстарына ерекше даярланған. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Көктем мезгілінде адамның да жан дү¬ние¬сі қуанышты күйге бөленіп, сұлулығына қарап түрленетін, жадырайтын шағы деп айтар едім. Қоршаған ортаны барынша аялауға баршамыз жауаптымыз. Ол үшін айналамызды күл-қоқыстан таза ұстап, тал-дарақтар отырғызу арқылы табиғатқа құрмет көрсеткеніміз дұрыс.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close