Basty bet
Байыпты бастамалар жалғаса береді
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртаза жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесті.
Өңіріміздің дамуына үн қосып, аудандағы көкейтесті мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып келе жатқан депутаттармен арнайы кездесудің маңыздылығына тоқталған аудан басшысы бүгінгі күнге дейінгі жұмыс барысының жай-күйін саралап өтті.
Көтерілген мәселелер бойынша бұған дейін де жүйелі жұмыстардың, тиімді ұсыныстардың бар екендігін тілге тиек еткен аудан басшысы бастамалардың жалғасатындығын атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін таратып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындады.
Осыған орай, Президент Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңес өткізді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құру туралы және осы жолда түрлі сын-қатерлерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керектігін тілге тиек етті. Осылайша барша Қазақстан азаматтарын азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырды, – деген аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы, мәслихат депутаттарына еселі еңбектері үшін жылы лебізін білдіріп, Алғысхат және естелік сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады.
Одан әрі сөз тізгінін алған жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаттары Ерғали Тілеубеков, Зиядхан Бүрлібаев, Эльмира Абишева және Жәнібек Исаев аудан басшысының бастамаларына сәттілік тілеп, ел игілігіне бағытталған жұмыстарға қолдау танытатындарын жеткізді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»