Basty bet

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет

Бала – бауыр етіміз. Ал баланың қауіпсіздігі мемлекет үшін басты орында тұрады. Айдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинды қабылдап, онда балалардың құқықтары мен олардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуы, балаларға жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекетке қатысты өзекті мәселелерді талқылағаны белгілі.
Президент кездесуде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін пәрменді шараларды қабылдаудың маңызды екенін ерекше атап өтті. Шындығында, балалар қауіпсіздігі мен оларға қатысты мәселелердің өзекті екені белгілі. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.
– Бала – көңілдің гүлі, көзіміздің нұры. Бала қуанышы жүректі де, жанды да жылытады. Баланы көкке көтеріп, ерекше құрметтеген ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгені белгілі. Олардың балалық шағының жарқын әрі бақытты болуы барлық қоғам үшін өте маңызды.
Осы орайда аудандық білім бөлімі облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаевтың бекіткен 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн!» Ұлттық ақпараттық науқанын өткізу туралы іс-шаралар жоспарын басшылыққа ала отырып, аталған науқанның аясында өткізілетін іс-шаралардың жоспарын бекітті.
Шараның басты мақсаты – қоғамның назарын, соның ішінде, ересектерді, балаларды және олардың ата-аналарын балалар еңбегінің ең нашар түрлерін қолданудың алдын алу мәселелеріне аудару, ауыр жұмыс істеу баланың денсаулығына зиян екендігін және әрбір баланың ешбір қиындықсыз, жарқын өмір сүруге тиіс екендігін ұғындыру, жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың ауыр жұмысқа тартылмауының алдын алу, бала еңбегін қанауға және зорлық-зомбылыққа жол бермеу болып табылады.
Науқан аясындағы акциялар ауданның білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептердің барлығында «Бала еңбегін пайдалануға жол жоқ!» ұранымен жоспарға сай өткізілуде. Білім беру ұйымдары бала еңбегінің ең нашар түрлері мен проблемалары және балаларды сатудың алдын алу мақсатында ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, науқан аясында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде рейд жұмыстары да қатар жүргізілуде. Рейд жұмыстарының орындалуы туралы ақпарат барлық білім беру ұйымдарының әлеуметтік желілерінде #балақұқығыжуалы хештегтерімен белгіленуде. «Бала еңбегін қанауға жол жоқ!» ұлттық ақпараттық науқанының барысында бекітілген іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу жұмысы өз жалғасын табады.
Себебі, ел ертеңі – жас ұрпақ, бүгін мектепте білім алып жатқан оқушылар болғандықтан, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты міндетіміз деп білеміз,- дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Жібек Башаева.

Еркебұлан МЫРЗАБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
конвергенттік журналистика мамандығының 2-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close