Basty bet

Жастар – Қазақстанның интеллектуалды болашағы!

Шахмат – ақыл-ой қызметінің дамуына және балалар денсаулығын нығайтуға ықпал ететін адамзаттың ұлы өнер табысы. Осы ретте, «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында және шахмат ойынын кеңінен насихаттау мақсатында оқушылар арасында «Жастар – Қазақстанның интеллектуалды болашағы!» атты аудандық шахмат турнирі өтті.
Турнир аудандық білім бөлімі, “Жастар ресурстық орталығы” мен “Жас шахматшылар” клубының ұйытқы болуымен Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте ұйымдастырылды.
Турнирді №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты, Руслан Сайлаубаев және «Жастар ресурстық орталығының» директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мейіржан Телеуішов ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнирге жалпы 90 жас шахматшы қатысып, өзара бақ сынасты. Ойынға «Жас шахматшылар» клубының жетекшісі Ардақ Жақыпбаев, №30 Көктөбе орта мектебінің шахмат үйірмесінің жетекшісі Сұлтан Қаренов және Ақтөбе тірек мектебінің шахмат үйірмесінің жетекшісі Ринат Жапаров төрелік етті.
Білім мен ой жүйріктігінің сынға түсер сайысында 7-10 жас, 10-14 жас және 14-18 жас аралығындағы жас спортшылар турнир жеңімпазы болу үшін барын салды.
Сайыстың нәтижесінде, ұлдар арасында 7-10 жас аралығында І орынды Сақтаған Расул, ІІ орынды Бегімше Нұрлан, ІІІ орынды Алдияр Серік иеленді. Ал, 10-14 жас аралығындағы ойынның жеңімпазы Темірлан Жұмахан атанса, ІІ орынды Нұрислам Нұржанұлы, ІІІ орынды Исламали Қойжігіт қанжығасына байлады. 14-18 жас аралығында І орын Данияр Жұмабайға бұйырса, ІІ орынды Асан Боранұлы, ІІІ орынды Ұлықбек Түлкібай иеленді.
Ал, қыздар арасында 7-10 жас аралығында І орын Меруерт Мырзабекке бұйырса, ІІ орыннан Сымбат Нұрмұрат, ІІІ орыннан Бұлбұл Келсінбек көрінді. Сонымен қатар, 10-14 жас аралығында І орын жеңімпазы Еңлік Жүрсін атанса, ІІ орынды Әдия Мелісқызы, ІІІ орынды Даяна Орынбай иеленді. Ал, 14-18 жас аралығында І орынды Анеля Сапарбек қанжығасына байласа, ІІ орынға Жанель Шералхан, ІІІ орынға Шұғыла Нұланқызы тұрақтады.
Турнирге қатысқан барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен Алғысхаттар және ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.
Шахмат турнирінің өтуіне атсалысқан №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп ұжымына алғысымызды білдіреміз.

Аудандық жастар ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close