Basty bet

Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымшылдықпен өтті

Қыс – қыр астында.
Жуалы – қысы қатал өңір. Қыс мезгілінде ауа райының күрт өзгеруінің әсерінен аудан аумағында жыл сайын кейбір жолдарда көлік қозғалысы тоқтайды. Сондықтан жыл сайын қыс мезгілінің қарсаңында бұл маусымды қалыпты өткеріп, болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға басқару органдарын, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын дайындау мақсатында оқу-жаттығу өтеді.

Сәрсенбі күні ауданда ұйымдастырылған “Қыс-2024” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” республикалық маңызы бар автожол учаскесінің Шақпақ асуында өтті.
Оқу-жаттығуға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, аудан әкімі, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның төрағасы Жалғас Мұртаза, орынбасары Асхат Жабағы қатысты.
Облыс әкімінің орынбасарын аудандық өрт сөндіру бөлімінің басшысы Кеңесбек Әбдірайымов “Қыс-2024” РКШОЖ шеңберінде ауданда өткізілетін штабтық оқу-жаттығудың жоспарымен таныстырды. Қанатбек Қайшыбекұлы әрі қарай құтқарушылар қызметі, өртке қарсы қызмет, жедел медициналық қызмет, құрылымдық бөлімше, электр желілерін тарату, тасымал қоғамдық көлік қызметі, ақпараттық қызмет, сапқа тұрғызылған басқа да жауапты қызметтердің әлеуетін бақылап, техникалармен танысып, қысқа дайындығын бағамдады.
Оқу-жаттығуға барлығы – 70 адам және 24 бірлік техника қатысты.
Оқу-жаттығу барысында “Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлар туындаған кезде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу” тақырыбында кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимылдары ұсынылды. Яғни, ауа райының күрт нашарлауы салдарынан “Алматы-Ташкент” республикалық маңызы бар жол бойында жол-көлік оқиғасы орын алып, аталған оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жедел тобы, жедел медициналық жәрдем көлігі мен адамдарды эвакуациялауға арналған КУНГ, апаттардан құтқару құрал-саймандары, екі техника мен қар үйінділерін тазарту үшін “Қазсервис” ЖШС-ның үш техникасы жіберілді.
Жергілікті полиция қызметі қозғалысты шектеу үшін уақытша бекет қойды. Зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету және оларды емдеу мекемесіне жеткізу үшін “Апаттар медицинасы орталығы” мемлекеттік мекемесі филиалының шұғыл ден қою бригадасы мен екі жедел жәрдем автокөлігі жіберілді.
Оқиға орнында құтқарушылар зардап шегушіні автокөліктен шығарып алып, оны жедел медициналық жәрдем қызметіне берді.
Сонымен бірге жол апатынан соқтығысқан автокөліктерді жолдан алу және жол тазалау техникаларына мүмкіндік жасау мақсатында “Аса-20” арнайы автокөлігі сүйреуге жіберілді.
Аталған төтенше жағдайлар аумағында төменгі температура салдарынан дизель қозғалтқышты автокөліктің дизель отының қатуы орын алды. Автокөлік жүргізушісі өз бетімен жылытуда ашық отын пайдалану кезінде автокөліктің өртенуі орын алды. Өртті өрт сөндіру қызметі жедел түрде сөндірді.
Автобустардың жолаушылары құтқарылып, жылыту пунктіне жеткізілді.
Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісіне полиция департаментінің жедел кезекшісінен “Шақпақ асуы аумағындағы Амансай ауылының тұрғыны мал бағу кезінде жайылымнан оралмағаны” жөнінде хабарлама түсіп, жедел құтқару жасағының құтқарушылары квадрацикл мен ТРЭКОЛ автокөлігінде бір кинологиялық есеп құрамымен іздестіруге жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында тұрғын кинологиялық белгілері бар есеппен табылып, ТРЭКОЛ автокөлігімен эвакуацияланды және жедел медициналық көмек көрсету қызметкерлеріне жеткізілді.
Таулы жерлерде желмен бірге қалың қардың түсуі электр желілері сымдарының мұздануына себеп болды. Сонымен қатар, қардың жабысуы мен қатты желдің әсерінен сымдар массасының артуы сымдардың тербелуіне, олардың қабаттасуына әкелді. Салдарынан электр желілерінің тетіктеріндегі оқшаулағыштардың бұзылуынан сымдардың екпініне, тіректердің тербелуіне және олардың құлау қаупіне әкелді.
Электр жабдықтауды қалпына келтіру үшін апат болған жерге аудандық электр желілерін тарату мекемесінің жөндеу-қалпына келтіру бригадасы жіберілді.
Тартылған құрылымдардың жедел бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде төтенше жағдайлардың туындау қаупі жойылды.
Оқу-жаттығуды облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы қорытындылап, оқу-жаттығудың жоспардағыдай өткенін, бұл шара кәсіби шеберлігімізді шыңдауға бағытталғанын айтып, оқу-жаттығуға қатысушыларға алғысын білдірді.
Қанатбек Қайшыбекұлы жолай Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебіндегі жылыту пунктіне эвакуацияланған жолаушылардың жағдайымен танысты.
Мұнда аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы Жуалының қысы өзгеше қатал өтетіндіктен, жыл сайын мұндай жағдайлар тәжірибеде болатынын, жағдай орын алған жағдайда жауапты мекеме мамандары барынша жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылатынын айтты. Қанатбек Қайшыбекұлы қашанда ел аман-жұрт тыныш болсын дей келіп, дегенмен жауапты мекеме қызметкерлерін әркез дайын болуға шақырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close