Basty bet

Ақсайдағы машина-трактор сервистік станциясы

ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсетеді

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы ауылдағы ағайынға кәсіп ашып, табыс табуға мүмкіндік беруде. Яғни, аталған қанатқақты жобаның бесінші бағыты аясында ауылдағы шағын жобалар қаржыландырылуда.

Ақсайлық Қуанышбек Төребеков машина-тракторлық сервисі жобасын ұсынып, «Төребеков» жеке кәсіпкерлігін құрған. Жобасы мақұлданып, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 20 миллион теңгені 2,5 пайызбен несиеге алған. Берілген қаражатқа жеке кәсіпкер бірнеше станоктар мен керекті материалдарын сатып алған.
– Жалпы өзім ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Кәсіпкерліктен бөлек, шаруа қожалықтың да жұмысын қолға алғанмын. Қожалықта ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы дерлік бар. Менің бұл жобаны ұсынуымның бір себебі де осы ауыл шаруашылығы техникаларына байланысты болды. Өйткені, техника болған соң, ара-тұра егістікке жұмыс қызған сәтте сынып, бұзылып қалады. Осындай қауырт кезде бір болмашы бөлшекке бола бар уақытыңды жоғалтуың мүмкін. Бір токарьдың өзін таппай, кезек күтіп тұруыңа тура келеді. Ал, егістіктегі жұмыс тоқтамауы керек.
Яғни, жоба арқылы токарьлық, бұрандалы-ойықты, бұрғылау, жаншу, телфер секілді бірнеше станоктарды сатып алдым. Оның әр қайсысының өз мақсаты бар. Жалпы сервис арқылы техникаларға қажетті ұсақ бөлшектерді өзіміз жасап шығара аламыз. Техникамыз бұзылса, керекті бөлшегін осында станоктарға салып кесіп, пайдаланамыз. Жалпы тек өзімізге ғана емес, өзгелерге де бұл қызметті ұсынатын боламыз.
Станоктардың барлығы әлі орнатылып біткен жоқ. Олар тегіс жерде тұруы керек. Сол үшін сервистің іші бетондалып, тегістелуде. Бірнешеуін өз орнына орнатып қойдық. Үш фазалы жарық жүйесі де бар. Дегенмен әлі де бітпеген жұмысымыз көп. Керекті станоктарды, заттарды алғанымызбен жұмысымыз толық ашылмады.
Сонымен қатар, біз әртүрлі көлемдегі ресейлік сапалы трубаларды сатып алдық. Оны да осында майда бөлшектерге кесіп, құрылысқа керекті заттарды, яғни, су жүйесіне, газ құбырына, жылу жүйесіне қажетті заттарды шығарамыз деп жоспарлаудамыз, – дейді Қуанышбек аға.
Жеке кәсіпкер бұл станоктарды екі адамға үйретуді межелеуде. Арнайы мамандар бұл құрылғылардың қыр-сырын жұмысшыларға үйретіп, оқытатын болады. Сонда жеке кәсіпкерлік арқылы жергілікті екі адамды жұмыспен қамтылу көзделуде.
– Мұндай жоба арқылы төмен пайызбен несие алып, қажетті құрылғыларды алғаныма қуаныштымын. Біз үшін пайдасы мол. Бес жылда несиені өтеуім керек. Жылына екі рет төлем жасаймын. Қолға алған ісіміз жүзеге асып жатса, онда несиені төлеу де қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Ең бастысы, ерінбей еңбек етіп, қаржыны мақсатты пайдалана алуымыз қажет.
Кәсіпкерлік арқылы жұмысым ұлғайып, тұрғындарға да қажетті қызмет ұсынудамын. Оны өзім үшін ғана емес, көпшілік үшін де жасаудамын, – дейді ол.
Жалпы ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қызмет түрін ұсынып отырған Қуанышбек Төребековтың алдағы жоспары ауқымды. Қаржысын мақсатты пайдаланған ол табыс табудың да жолын қарастырған. Ендігі кезекте тек мұндағы жұмыстар бітіп, өз ісін бастау ғана тұр. Ауылдағы ағайынның табысы осындай жобалар арқылы артса, онда пилоттық жоба мақсатының да орындалғаны.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close