Basty bet

Ауылдың тазалығы – баршаға ортақ іс

2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ЖЕТІНШІ мәселе. Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек,- деді Президент.

«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады», – делінген Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – уақытша науқан емес. Маңызды жоба жыл бойы жалғасуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
«Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Аймақ басшысы тек шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы»,- деп атап өтті Президент.
«Тазалық – саулық негізі» демекші, тазалықтың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екені баршамызға белгілі. Дегенмен, осыны біле тұра табалдырықтан басталатын тазалықты қоршаған ортада сақтай бермейміз. Ол біздің әлі де мәдениетіміздің төмендігін, санамыздың, жанымыздың рухани таза еместігін білдіреді. Ауылдың келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығында. Ал, тазалық – әрбір ауладан, отбасыдан басталады.
Шыны керек, көктем шықса көгеріп, ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған кейіпке енетіміз рас. Оның міндеті мен ауыртпалығын жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине, бұл олардың тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғынның да туған өлкеге деген жанашырлық пен сүйіспеншілігі болуы керек. Сондықтан ортақ іске бөле-жара қарап, жауаптыларға жауапсыздық арқалатпай, түсінген адамға ауылының тазалығына ортақтасатын кез келді. Еш болмаса үйдің сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді.
Аудан әкімінің 26 тамыздағы №235 қаулысына сәйкес, өңіріміздің аумағында күзгі екі айлық маусымы жарияланды. Осы ретте, Қарасаз ауылдық округінде де көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызының мәліметінше, елді мекенде күзгі екі айлықта атқарылатын жұмыстардың іс-шара жоспары жасалып, барлық мекемелерге жеткізілген. Сонымен қатар, елді мекендердің әрбір тұрғын үй иесіне аулаларын таза ұстау, тұрғын үйдің сырт келбетін, қоршауларын жөндеу, сырлау әктеу және әр аптаның соңында санитарлық тазалық жұмстарын жүргізу қажеттігі туралы хабарламалар таратылып, ескертілген.
Округ аумағындағы барлық елді мекендер, мекемелер мен ұжымдар күзгі екі айлыққа байланысты әр аптаның соңында санитарлық тазалықты сақтау мақсатында сенбіліктер ұйымдастыру қажеттігі ескертіліп, ұйымдастырылуда.
Бүгінгі күнге әр тұрғын үй иелері мен мекемелер өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқыс аптасына бір рет тасымалдау арқылы шығарылуда.
Округте екі елді мекенде ҰОС ардагерлері ескерткіштерінің аумағы үнемі тазартылып тұрады. Ауылдағы спорт алаңдары тазаланып, ретке келтірілуде. Округ орталығындағы саябақ тазартылып күтілуде. Округ әкімі аппаратының қоғамдық жұмысшылары арқылы жол бойындағы арық-атыздар мен каналдар тазартылды. Ауыл тұрғындарының шарбағына келетін ағын су арықтары тазартылып, тұрғындар өз тұсындағы арықтарын тазалауда. Ағаш отырғызу әр мекеме және жеке тұрғындармен келісіліп атқарылуда және де отырғызылған теректер мен ағаштар күтіп-бапталуда.
Екі айлық басталғалы белгіленген іс-шаралаға сәйкес, 5 елді мекенде бірқатар жұмыстар атқарылды. Әр тұрғын үй иелері, мектептер, ауылдық дәрігерлік амбулатория, бөбекжай-балабақша ұжымдары күзгі екі айлық жұмыстарын атқарып, тазалыққа өз үлестерін қосуда.
Осы күнге дейін Б.Момышұлы-Жетітөбе шекарасына дейінгі автокөлік жолының бойы қоқыстардан тазартылып, 3,5 тонна қоқыс шығарылды. Жол бойындағы талдар әктелген. 1/6000 шаршы метр саябақ аумағы тазаланған. Қоқыс төгетін бір орын жайластырылып, екі кездейсоқ қоқыс төгетін орындар жойылған.
Сырт көз –сыншы. Ауылдың тазалығын сыртынан бақылап, елді мекендегі күзгі екі айлық жұмыстарының жүргізілу барысын көріп қайттық. Ауылдың тазалығы оның кіреберісінен байқалатыны белгілі. Одан әрі қарай бет алғанымызда жолдың бойы тазартылып, талдардың әктелгенін де байқадық. Жалпы ауылдың ішінен кез келген жерде бей-берекет шашылған қоқыстар байқалмайды. Ауылдың тазалығы – баршаға ортақ іс. Оған тек жауапты мекеме қызметкерлері ғана емес, ауыл тұрғындары да атсалысқаны абзал. Жалпы, Қарасаз ауылындағы тазалық жұмыстарын жоққа шығарғымыз келмейді. Бірақ әлі де жұмысты ширатып, атқарылар істің бар екенін айтқымыз келеді. Ауылдың тазалығына, көркеюіне қарасаздықтар біркісідей атсалысатынына сеніміміз мол!

Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close