Basty bet

“Сыңғырла, соңғы қоңырау!”

Соңғы соңырау салтанаты – оқу жылының аяқталуы мұғалімдер мен оқушылар үшін, әсіресе, мектеп бітіруші түлектер үшін әсерлі шара. 11 жыл бойы білім алған алтын ұя мектебіңмен, ұстаздарыңмен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу кез келген адамның өміріндегі естен кетпес күн! Бұл – қуанышты әрі қимас сезімге толы әсерлі күн.

Биыл аудандағы мектептерде 10 222 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның 612-сі мектеп түлектері.
11 сыныпты аяқтаған 612 түлектің 15-і “Алтын белгі” төсбелгісіне, 60-ы Үздік аттестатқа үміткер.
Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде 1 830 педагог қажырлы еңбек етті.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза №15 Әлихан Бөкейханов атындағы тірек мектеп-лицейдегі “Мектебім, саған мың алғыс!” тақырыбындағы салтанатты шараға қатысты.
Мектеп-лицей ұжымы мен оқушыларды алдымен мектеп директоры Руслан Сайлаубаев құттықтады.
Айта кету керек, 2023-2024 оқу жылында мектеп-лицей республикалық “Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту” жобасына еніп, материалдық-техникалық базасы толықтай жаңарды.
Оқу жылын 578 оқушы аяқтап отыр. Оның 117-сі үздік, 236-сы екпінді болды. 59 оқушы 9- сыныпты, 30 оқушы 11-сыныпты бітіріп, қорытынды аттестаттауға жіберілгелі отыр. Мектеп бітіруші түлектердің 4-уі Үздік аттестатқа үміткер.
Мектеп директоры оқу жылының қорытындысымен жүлделі ұстаздар мен оқушыларды марапаттап, құттықтау сөз кезегін аудан әкімі Жалғас Әлижанұлына берді.
Аудан әкімі құттықтау сөзінде 24 мамыр күні барлық мектептерде өткен “Білімім – Отаныма!” тақырыбындағы жалпы республикалық бірыңғай сынып сағатына тоқталып өтті.
-Балаларды біліммен сусындатып, тәрбие беруде шығармашылықпен еңбек етіп, шәкірттері тиянақты білімдерін көрсетіп жүрген ұстаздарға алғысымды білдіремін.
Бүгінде “Білімді ұлт” сапалы білім беру” Ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі лайықты шешімін тапты,- деген Жалғас Әлижанұлы ауылдағы мектеп оқушыларының сапалы білім алуына жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Сөз соңында мектеп түлектеріне сәтті-сапар, ақ жол тіледі.
Соңғы қоңырау салтанатында оқушылар ән айтып, би биледі. Мектеп түлектері флешмоб және “Мектеп вальсін” биледі. Шара соңынан түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды.

Таңдаулы материалдар

Close