Basty bet
Тұрғындар тастаған күл-қоқыстар
Жуалы ауданының климаты Жамбыл облысы бойынша ең ылғалды, табиғаты күрделі аудан болып саналады.
Таудың сайлары арқылы аққан сулар ауданда ағатын өзендерге қосылып, ол өз кезегінде жер егіншілікті суғаруға пайдаланылады.
Кейбір сайлар өзіміздің аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының ішінен өтеді.
Сайлардың бірі Н.Тұрысов көшесінің жанында орналасқан сай болып табылады. Осы сайдың жағасында орналасқан үйлер күл- қоқыстың, оның ішінде, шиша бөтелке, пластик ыдыстар, құрылыс заттары, және т.б. көптеген заттарды араластырып төгуде. Ол өз кезегінде сайда ағып жатқан судың еркін ағысын бөгеттеп отыр.
Бауыржан Момышұлы ауылының ластануына жол беріп жатқандар баршылық. Заң жүзінде оларға шара қолданбаса тоқтайтын түрі жоқ.
Үйлерінде малды сойып сатумен айналысатын тұрғындар малдың көңдерін, малға егілетін дәрілерін, сойылған еттері мен ішек-қарындарын сай-салаларға тастайды, ол тастағанды үйде жүретін иттер жейді, ол осы көшеде тұратын тұрғындардың иттері, ол иттермен сол тұрғындардың балалары ойнайды.
Б.Момышұлы ауылында коммуналдық қалдықтарды жинаумен және оны арнайы күл-қоқыс полигондарына тасумен айналысатын жекеменшік мекемелері бар. Оған бар-жоғы айына 378 теңге төленеді. Алайда кейбір тұрғындар осы 378 теңгені төлеп күл-қоқысты өткізудің орнына, таудың суы ағып жатқан сай-салаларға күл-қоқысты тастап ластауды жалғастыруда.
ҚР заңнамаларында осы тектес заңбұзушылықтарға да қатысты жауапкершіліктер қарастырылғанын тұрғындардың білгені артық болмас. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінде аталған іс-әрекеттерге жауапкершіліктер қарастырылған.
Мысалы:
324-бапқа сәйкес, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу қоршаған ортаны қорғау жөнiндегі санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптардың нормаларын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
434-2-бабына сай, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін қазіргі таңдағы жазасы.
Ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты.
1. Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Осы бапқа енгізілген өзгерістерге сай, 01.09.2025 жылдан бастап он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не қырық сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға алып келеді.
Қайталап жасағаны үшін жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сексен сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға алып келеді.
Қорытындылай келе, әркім өзінің тұрғылықты тұрып жатқан ауылын өзінің үйіндей көру керек. Жер-анаға қиянат жасауға болмайды. «Жер жарасы – жан жарасы» деген ұлағатты сөзді ұрандатқан халықпыз, соны ұстанайық ағайын!
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»