Basty bet

Ата Заң – мемлекеттің негізгі заңы

Қазақстан Республикасының Конституциясы – ел Тәуелсіздігінің мызғымас тірегі, мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір. Биыл Ата Заңның қабылданғанына – 30 жыл толып отыр.
Бұл – елдің демократиялық даму жолындағы елеулі белесі. Үш онжылдықта Қазақстан Конституциясы бірнеше мәрте өзгеріп, заман талабына сай жаңарып отырды. Алайда оның басты қағидаттары – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділеттілік, заң үстемдігі өзгеріссіз сақталып келеді.
Конституция – бұл мемлекеттің негізгі заңы, ол жоғары заңды күшке ие және мемлекеттің саяси, құқықтық және экономикалық жүйелерінің негіздерін анықтайды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы Жоғарғы Кеңестің тоғызыншы сессиясында бекітілді. Бұл құжат Қазақстанды парламенттік басқару нысаны бар республика деп жариялады, онда Жоғарғы Кеңес елдің жалғыз заң шығарушы және жоғары өкілді органы болды. Бұл Конституцияның авторы – белгілі қазақстандық заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор Нағашбай Шайкенов.
Қазақстанның саяси жүйесі мұндай күйде 1995 жылға дейін болған. Бұрынғы Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен жаңа Конституцияны қабылдау туралы референдум өткізіліп, оның қорытындысы бойынша Жоғарғы Кеңес таратылды.
Осы референдумда 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясымен жаңа конституциялық қадағалау органы – Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құрылды,
Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптап, зерделеп шықты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан.
Айта кетерлігі, Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады. Қазақстан Конституциясына 28 жылда алты рет өзгеріс енгізілген, яғни 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары. Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Қазіргі Ата заңымыз 9 тараудан тұрады.
Ата Заңның құндылықтарын қорғау және қағидаттарын ұстану – әрбір азаматтың парызы және міндеті. Әрине, бұл – заманның талаптарына сай жасалған қадамдар. Сот саласында қаншама заңдар мен мен кодекстермен іргелесіп жұмыс атқарамыз. Осы уақытқа дейін көптеген жаңа кодекстер мен жаңа заңдар шыққан.
Ата Заң мемлекетке және онда тұратын барлық азаматтарға керекті принциптері, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа кепілдік береді. Мемлекеттің тәуелсіздігін әлемде танытатын, мемлекеттің демократиялық бағытын ең бірінші көрсететін, азаматтардың құқықтарының сақталуына, мемлекеттегі дінаралық татулыққа, қауіпсіздігіне, мемлекетті сақтайтын және қауіпсіздігінің кепілі.
Конституция мемлекет қоғамдық өмірге тәртіп пен ұйымшылдықты енгізу, адам мен мемлекет арасындағы қатынастарды реттеу, құқықтың негізгі принциптері мен мемлекеттік органдардың функцияларын бекіту үшін пайдаланылады. Ол мемлекеттік биліктің жұмыс істеуіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекет құрылымын қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін мемлекеттік институттардың заңдылығын, құқықтық тәртібінің және тұрақтылығының қажетті шарты болып табылады.
Бүгінгі күнде егер әлемдегі БАҚ беттеріне үңілсек, кез келген мемлекетте заң саласындағы өзгерістер мен толықтырулар мәселесіне қатысты жаңалықтарда талқыланатын негізгі тақырып осы «Конституция». Оның негізгі себебі, ол әрбір мемлекеттің демократиялық дамуындағы келбеті болып келеді.
БҰҰ құрамындағы барлық мемлекеттер съезд кезінде өздерінің Конституцияларына міндетті түрде сілтеме жасайды. Ол бекер емес, өйткені кез келген дамыған мемлекеттің басты құжаты ол мемлекеттік тұрақтылықтың тамыры.
Мемлекеттің туын биікке көтеретін және Ата Заңды қорғайтын болашақ ұрпақ екенін ескеруіміз керек. Ел бірлігі – басты құжатта. Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырылған елміз, бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол, Конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба. Ел тағдыры үшін маңызы реформаларды жүргізіп, құқықтық және демократиялық қоғамның негізін қаладық.
Қасиетті Отанның шаңырағы берік, ел іргесі бүтін, болашағымыз жарқын болсын!

Бабырхан АБУЕВ,
Жуалы аудандық сотының төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close