Basty bet

Ауыл тұрмысы айтарлықтай жақсарып келеді

Шақпақ ауылдық округінде тұрғындар тұрмысын жеңілдету ісі қарқын алып отыр

Заман өзгеріп, қоғам дамыған жаңа кезеңге қадам басқан кезде ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму жұмыстарының қарқын ала түсетіні жасырын емес. Жалпы тұрғындардың өмір сүруіне жағдай жасау, тұрмыс жайлылығын арттыру мәселесі мемлекет үшін де маңызды әрі күн тәртібінде тұрған мәселе саналады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жан-жақты айтылып, осыған жауапты өңірлердің атқарушы орган басшыларына тиісті тапсырмалар да жүктеліп отыр. Бұл жайдан-жай емес.
Бұл туралы кеңірек айтатын болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өтіп, ел тұрғындарына лайықты жағдай жасау, өңірлерде инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жақсарту ісін жаңғыртуды тапсырғаны бір жағынан заңды да. Себебі, халықтың, әсіресе, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсармай, ұлттың да сапасы артпайтыны белгілі жай…
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне қолайлы жағдайлар жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, елдімекендерді ауызсумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс, аудан басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.
Ауыл тұрмысын жақсарту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, сол арқылы алыс ауылдарда инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту ісі ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінде де сәтімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта ең бірінші кезекте елдімекен тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауылдық округке қарасты бірқатар көшеге көше жарығы орнатылды. Атап айтқанда, биыл жыл басынан округтің орталығы Шақпақата ауылындағы – Т.Рысқұлов, С.Сүгіртегі және К.Тұрғынбаев көшелеріне, сондай-ақ Т.Дүйсебайұлы ауылындағы Жамбыл көшесіне бетон бағаналар орнатылып, жарық шамдар іске қосылды. Аталған жұмыстар ауыл тұрғындарының түнгі уақытта жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасай отырып, қоғамдық қауіпсіздікті де нығайтуға бағытталған. Енді аталған көшелердің келбеті артып, елдімекеннің көркі де ашыла түспек. Сонымен қатар, тұрғындардың өтінішімен ауылды қақ жарып өтетін Шақпақ өзенінің бойындағы көпірге де жарық шамдар орнатылды. Бұл көпір – ауыл арасындағы негізгі өткелдердің бірі болып табылады дейді ауыл әкімшілігінің мамандары.
– Биыл ауылдық округтің орталығында ұзындығы екі шақырымды құрайтын (1 шақырым 900 метр) орталық көшелерге жаяу жүргіншілер жолы салынып, пайдалануға берілді. Аталған құрылыс жұмыстары аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, жұмысты «Ел Ынтымағы» ЖШС жүргізді. Жаяу жүргіншілерге арналған жаңа жолдың салынуы – ауыл тұрғындарына жасалған қолайлы жағдай. Әсіресе бұл жасөспірімдердің күнделікті мектепке, қосымша сабақтарға, сондай-ақ тұрғындардың жұмыс орны мен орталыққа қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауына қолайлы жағдай жасалып отыр деген сөз.
Өңірде қоршаған ортаны қорғау және жалпы тазалық мәселесіне де жете көңіл бөлініп келеді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында аудан орталығы бағытынан жол бойындағы Шақпақата ауылының кіреберісіндегі оң жақ беткейге «Жасыл белдеу» отырғызылды. Бұл маңызды аумақтың сырты темірмен қоршалып, бояу-сырлау жұмыстары да қоса жүргізілді. Көгалдандыру мақсатында жалпы саны 2 000 дана қарағаш көшеті егілді. Ағаш көшеттеріне тұрақты күтім жасау үшін оның жанынан артезиан құдығынан су шығарылып, қазіргі таңда жаңбырлатып суғару жүйесімен суғарылу үстінде. Жасыл белдеуді әрі қарай түрлендіріп, ағаш қорын арттыру мақсатында алдағы уақытта мұнда басқа да ағаш түрлерін отырғызу жоспарланып отыр.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауылдық округке қарасты Т.Дүйсебайұлы және Ынтымақ ауылдарындағы Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне арналған ескерткіш-монументтерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдың санитариялық тазалығы мен экологиялық жай-күйін жақсарту мақсатында атқарылып жатқан тазалық жұмыстары – тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі екені дау тудырмайды. Соңғы уақытта округтің аумағында көше бойларын таза ұстау, күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды жинау, ағаштарды қырқу, жасыл желектерді ретке келтіру бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл шаралар ауылдың көркіне көрік қосып қана қоймай, тұрғындардың бойында қоршаған ортаға деген жанашырлық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға да оң ықпал ететіні сөзсіз.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес өз жалғасын тауып, елдімекен аумағының әр бұрышында тазалық пен тәртіп орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бұл жұмыстарға тиісті мекемелер мен жауапты мамандардан бөлек, ауыл тұрғындарының да белсенді қатысуы арқылы біз бірлесе отырып, таза әрі жайлы өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыра аламыз. Сондықтан әрбір азаматты ауыл тазалығына бей-жай қарамай, ортақ іске өз үлестерін қосуға шақырамыз,- дейді Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Балтабаев.
«Жас келсе, іске!» демекші, ауыл жастарының бастамасымен ауылдық округте бірқатар жүйелі жұмыс атқарылу үстінде. Жанашыр жастардың игі бастамасы мен жүйелі жұмысы ауылды гүлдендіріп, ауылдастарының бір-біріне деген жанашырлық, мейірбандық сезімін де қалыптастыруға өзіндік үлес қосып отырғанын да баса айтуға тиіспіз. Бұл бағытта Шақпақата ауылында жастардың дамуы үшін жақында игі бастама қолға алынып, жақында «City Құрылыс» ЖШС заманауи талаптарға сай кіші спорт алаңының құрылысын жүргізуде. Мұны жас ұрпақтың спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануына жасалып жатқан нақты қадам деп атасақ та болады. Қазір алаңның сыртына берік темір қоршау орнатылуда. Бұл – ең алдымен балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Алдағы уақытта қоршауы сырланып, табанына жасанды көгал (газон) төселеді. Бұл спорт алаңы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуі арқылы спортқа деген қызығушылығын арттыруға үлкен сеп болмақ.
Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Балтабаевтың айтуынша, ауыл әкімшілігі тарапынан биыл бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынбақ. Соның ішінде, ауылдық округке қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылындағы С.Тотайұлы көшесіне асфальт жабынын төсеу жұмыстары жоспарлану үстінде. Бұл бастама – ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу арқылы тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам екені дау тудырмайды.
Имандылықты алға ұстайтын жамағат үшін биыл ауылдық округтің орталығы «Шақпақата» мешітінде жамағатқа арналған жаңа дәретхана қолданысқа берілді. Бұл игілікті іс ауыл мектебін 2005 жылы бітірген 1987 жылы туған азаматтардың демеушілігімен жүзеге асты. Сонымен қатар, мешіт ауласында бетондау жұмыстары жүргізіліп, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалып отыр.
Сонымен қатар, биыл мектептің 50 жылдық түлектері игі бастама көтеріп, туған ауылына тағзым ретінде ауыл мешітінің ауласына 20 түп қылқан жапырақты ағаш көшетін отырғызды. Жуырда мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектер ауылдың кіреберісіне ауылдық округтің атауы жазылған еңселі стелла орнатуға қол ұшын берді. Осындай игі істі қолға алған түлектерге мың алғыс. Мұны Тәуелсіз елдің елдігін көрсетіп, өткен мен болашақты жалғайтын үлкен рухани белгі деп атасақ та жарасады,- дейді ауыл әкімі өз сөзінде.
Игі істерге ұйытқы болып, заманауи дамудың даңғыл жолына түскен Шақпақ ауылдық округінде дене шынықтыру, спорт саласы да қарқынды дамып келеді. Жуырда ғана мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шақпақтық айтулы спорт шебері Әділет Ратаев қол күресінен Азия чемпионы атанып, қасиетті өңірдің абыройын асқақтатқаны белгілі.
Мектеп лигасы аясында шақпақаталық баскетбол командасы аудандық кезеңде І-орын, ал облыста ІІІ-орын алса, волейболдан мектеп командасы елордасы Астанадағы республикалық жарыста топ жарып, І орынға ие болды. Спорттың бокс және көкпар түрінен де жастар белсенділік танытып жүр. Жас спортшы Нұрасыл Қалмахан аудандық команда құрамында облыста ІІІ орын алды. Бұл – жаттықтырушылар мен ұстаздардың бірлескен еңбегінің жемісі.
– Ауыл – алтын бесік. Ауылдық округті жан-жақты дамыту бағытында маңызды жұмыстар жоспарланып, округтен шыққан кәсіпкерлер мен жомарт жүректі жандарды игі істерге тарту бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта жанашыр азаматтардың қолдауымен ауылда жаңа саябақ пен балалар ойын алаңын жабдықтау – басты жоспарлардың біріне еніп отыр,- деп атап өтті өз сөзінде Н.Балтабаев.
Жарқын болашаққа бет түзеген Шақпақ ауылдық округінің әкімдігі алдағы уақытта да ауылішілік жолдарды, онымен бірге жарықтандыру жүйелері мен инженерлік-инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарыла бермек. Жергілікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс атқара отырып, ауылдың әл-ауқатын арттыру – басты міндеттердің бірі! Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрмысы айтарлықтай жақсарып келеді.
Іске сәт!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close