Basty bet
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау – жауапты жұмыс
Топырағы қасиетті Жуалы жері. Айбарлы Алатау. Қойнауы қазына мен ғажайып сырға толы қарт Қаратаудың сілемдері. Жан-жағын биік таулар қоршап жатқан Жуалы өңіріне жолы түсіп келген адам қойнауына талай сырды бүгіп жатқан осынау қасиетті топырақтың киесін, ондағы тау жайлаған батыр халықтың мінезін танып, сыйластығын мәңгілік ұмытпайтыны анық. Табиғаты қатал болғанымен, таулы өңір халқының дүниетанымы да, досқа деген ілтипаты мен сыйластығы тым ерекше екенін баса айтуға тиіспіз.
Жуалының топырағы қасиетті болмаса, қиын-қыстау жаугершілік заманда халқына қорған болған баһадүр батырлар, кейіннен әлемге қазақ халқының қаһармандығын танытқан даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, стратег Бауыржан Момышұлы сияқты бірегей тұлғалар туар ма, еді, кім білсін?! Бір сөзбен айтқанда, жері де, суы да дуалы, қасиетті Жуалы жерінің әлемге жайылған асқақ даңқын, ешбір өңірге ұқсамайтын дара табиғатын, тиісінше, осынау өлкеден түлеп, қияға қанат қаққан қайраткер азаматтары туралы аңызға бергісіз әңгімені айтып тауыса алмаспыз…
Ал танымал журналист-жазушы, ауданның Құрметті азаматы Мақұлбек Рысдәулет: «…Жуалыға келгенде жыл құстары қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қысқы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды. Жуалы-Мыңбұлақ аты орта ғасыр тарихында, саяхатшылар мен жиһангерлердің жазбаларында жиі айтылады. Ұлы Жібек жолының алтын арқауында жатқан Жуалы жері талай тарихшылар мен саяхатшыларды да қызықтырған» деп жазады.
Табиғатың – талбесігің! Қасиетті Жуалы жерінің табиғаты мен қоршаған ортасын көздің қарашығындай қорғау – барлығымыздың міндетіміз. Қоршаған ортаны қорғау арқылы өңір экономикасының дамып, халық тұрмысының өркендейтінін барлығымыз жақсы білеміз. Сондықтан, осынау маңызды мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да табиғатты аялау, экологиялық және биологиялық біркелкілікті қорғау жөнінде айтылып, Президент ел Үкіметіне экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.
Онда Президент: «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн.
Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді.Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек» деген нақты тапсырманы жауаптыларға жүктегені белгілі. Бұл бағытта атқарылған жүйелі жұмыстардың бар екенін жақсы білеміз. Атқарылатыны одан да көп.
Экологиялық және биологиялық әркелкілікті сақтауда табиғаты көркем Жуалы ауданында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудандағы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің табиғатты қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарын атап өткен жөн. 2002 жылы Жамбыл облысы әкімдігі қаулысының негізінде құрылған аталған мекеме орманды күзету, қорғау, молықтырумен қатар, орман пайдалану мәселелерімен орман шаруашылығы қызметкерлерінен тұратын мемлекеттік орман күзеті айналысады.
-«Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-на қарасты жалпы аумақ 103 861 гектарды құрайды. Қоянды – (73 629 гектар), Жуалы орманшылығы – (30 232 гектар) аталатын екі орманшылыққа бөлінген.
Мекемеге қарасты екі бірдей ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Атап айтқанда, «Берікққара» және «Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Республикалық дәрежедегі ерекше қорғалатын «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қаумалы (кешені) жалпы ауданы – 17 500 гектар, «Жуалы-Қарашат» ЕҚТА – 148 300 гектар аумақты алып жатыр.
Мекемеде барлығы 86 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде, орманшы- қорықшылар -32, орман өрт сөндіру станциясының қызметкерлері -32. Орман шаруашылығы мамандығымен 10 жоғары білімді және тоғыз арнайы орта білімі бар қызметкер жұмыс атқарады.
Орман шаруашылығы ісінде ормандарды молайту және қалпына келтіру жұмыстары маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта 2023 жылы мекеменің орман қоры жерінде -160 гектар алқапқа 500,0 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылды. Ал 2024 жылы 668 гектарға сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланса, алайда отырғызу материалдарының жетіспеу себебінен сексеуіл көшеті 160 гектар ғана алқапқа отырғызылды. Көктем айларында 240 келі қарағаш тұқымы жиналып, тұқым 2,0 гектар тұқымбаққа себілген болса, күзде 600 келі сексеуіл тұқымы жиналып, 5,0 гектар тұқымбаққа себу жоспарлануда,- дейді мекеме басшысы Мәди Нұралиев.
Жуалы орманшылары қасиетті өңірдің табиғатын тиімді пайдалану мен ондағы сирек кездесетін жануарлар дүниесін көздің қарашығындай қорғау ісіне белсене атсалысу үстінде. Мекеме басшысының айтуынша, бұл бағытта 2024 жылдың сәуіріне дейін рейдтік шаралар жүргізіліп, нәтижесінде, 23 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде, заңсыз аң аулаудың 10 фактісі, 3 өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, 4 заңсыз мал жаю, 5 арнаулы белгілерді бүлдіру, 1 заңсыз техникалық шикізат жинау. Оларға салынған айыппұл -214,1 мың теңге, ал өндірілгені -204,9 мың теңге, мемлекетке келтірілген залал -218,2 мың теңге болса, өндірілгені -218,2 мың теңге.
Мекеме қызметкерлерімен орман ресурстарын пайдалану жұмыстары да тиісінше, заң талаптарына сәйкес атқарылып келеді. Ал орман ресурстарын сақтауда ең маңызды саналатын өрт қауіпсіздігі мәселесіне тоқталсақ, мамандардың мәліметінше, «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-ның орман қоры жерінде биыл 600 шақырымға жуық өртке қарсы минералды жолақ күтіп-бапталған. Мекемеде өртке қарсы техникаларды қамтамасыз етуге және бақылау жұмыстарына АИ-92 маркалы бензин және дизельді отын, бұдан бөлек, 50 дана шартылдақ (хлопушка), 35 дана күрек, 10 дана шелек, 4 балта әзірленген. Радиостанциялар саны -21, оның ішінде -8 дана стационар, 1 дана мобильді, 12 дана қолда алып жүретін рация бар. Табиғи өрттердің алдын алу және өрт бола қалған жағдайда, оны дер кезінде сөндіру мақсатында мекеменің орман қоры аумағында 4 өрт күзету бекеті орналастырылған.
-Мойынқұм өңірінде өрттің алдын-алу және өрт шыққан жағдайда, дер кезінде бірлесіп өшіру туралы шекаралас жатқан – Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм және Талас аудандарындағы тиісті мекеме басшыларымен іс-шара жоспары бекітілген. Онымен қоса, орман қорына жақын орналасқан ауылдық округтердің әкімдерімен өрттің алдын-алу және шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісім-шарттар жасалды.
Облыс аумағында табиғи дала және орман өрттерінің алдын алуға, мемлекеттік орман қоры жерлеріне табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қою, сонымен қатар орман қоры жерлерімен шекаралас жатқан аудан және ауылдық округтердің өрт сөндіру қызметтері мен техникаларының бірлескен іс-қимылының нәтижелерін көтеру және үйлестіру мақсатында аудан аумағында 2024 жылғы өрт-тактикалық оқу-тәжірибелік жаттығу әдістемесінің негізінде №7 Өрт сөндіру бөлімі және ерікті өрт сөндірушілермен бірлесіп өткізілді.
Жануарлар дүниесін қорғау мақсатында жабайы аңдар санағын жүргізуге, сонымен қатар, сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жануарларды, олардың мекендейтін орындарына мониторинг жүргізу іс-шараларына және жануарлар дүниесін қорғауға басымдық берілуде. Бұл – өте маңызды жұмыстардың бірі,- дейді мекеме басшысы.
2020 жылы Жамбыл облысы әкімінің арнайы қаулысының негізінде облыстың Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарының территориясында «Жуалы-Қарашат» жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын. Оның жалпы көлемі -148 300 гектарды алып жатыр. Табиғи қаумал жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне өте бай. Атап айтқанда, онда Қаратау арқары, тау сусары, бүркіт, Үнді жайрасы, безгелдек, қарабауыр және ақбауыр бұлдырық, ұбақ, дуадақ, Сібір елігі, борсық, т.б. бағалы аң-құстар бар. Осыншама табиғат байлығын қорғауға, оны көздің қарашығындай сақтауға Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі бүкіл ұжым болып барлық күш-жігерін біріктіріп, жемісті жұмыс жасауда.
Мыңбұлақ, Жуалы өлкесінің табиғаты көркем, тарихы да терең. Бір ғасырларда мұнда әлемді жаулаған әйгілі қаған Шыңғыс хан әскерлерімен келіп демалған деген деректер бар. Ол заманда бұл аймақта сыңсыған орман мен бұлақтар өте көп болған деседі. Ен далада киік, елік сияқты аңдар емін-еркін жайылып жүретін көрінеді. Одан бері қаншама заман өтті. Бізге сондай табиғаттың ғажайып сыйының жұрнағы ғана жетіп отыр. Осының өзін аман сақтап қалуымыз керек. Тағы бір айта кетерлігі, Алатау аймағында ауданның территориясымен шектесіп жатқан «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының өзінде өсімдіктің 6000-нан астам түрі тіркелген. Бұл да – біздің баға жетпес байлығымыз!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»