Basty bet

Жасөспірімдердің психологиялық жас ерекшеліктері мен психо-эмоцианалды көңіл күйін көтеру

Жасөспірім – адамның 13 пен 16 жас аралығындағы шағы. Жасөспірім кезеңінде адамда жан қуатының сапалық жаңа құрылымдары (сана-сезімнің артуы, айналасымен қарым-қатынасының жаңа мазмұнға ие бола бастауы, іс-әрекетінің күрделене түсуі, моральдік-этикалық түсініктер және т.б.) қалыптасады. Бұл кезде жасөспірім дербестікке, әсерге берілгіштікке салынып, қимыл-қозғалысқа құштар келеді. “Өзім білемге” салыну, ер жеттім деп ойлау кейде жаңсақ, теріс қылықтарға соқтыруы да ықтимал. Осы кезеңде олардың психикалық ерекшеліктерімен санасып, тиісті жерінде талап-тілектерін қолдап, түрлі қоғамдық пайдалы істерге (оқу, спорт, еңбек) белсенді түрде қатыстырып отыру керек.
Жасөспірім кезеңі 15-16, 21-25 жас аралыққа дейінгі жас мөлшерін қамтиды. Бұл кезең адамның сенімсіздік пен жүйесіздік кезеңінен шынайы ер жету шағы. Жасөспірім кезеңінде адамдарда өмір құндылықтарын таңдау мәселесі пайда болады. Жасөспірім жасындағыларды «Қиын», «өзгерілу», «ауысу жастары» деп атайды. Соңғы жағдайда «ауысу жасында» жеткіншек балалық кезеңдерден ересек жасына ауысады. Себебі, бұл кезеңде оның психикалық даму ерекшелігі жас баламен ересектерге қарағанда әлде қайда өзгеше болады. Бұл кезеңге тән тағы бір ерекшелік жасөспірім барлық нәрсені өз бетімен орындап, үлкен адамдардың қамқорлығымен ақыл кеңесінен құтылғысы келеді.
Жасөспірім шақта және жасөспірім кезеңінде де ересек жастағы сияқты адам өзінің ішкі әлемін дамыған рефлексивті қабілеттері арқылы ашады. Бұл сезім мен ой-тылсымдарын тануға бағытталған. Жасөспірім өзіне деген ішкі қарым-қатынасын қалыптастыруға (мен қандай болғым келеді?) басқа адамдарға деген қарым-қатынысқа, және де моральдық құндылықтарға талпынады. Нақ осы жасөспірім кезеңінде адам өзінің жақсылық пен жамандық категориялары арасында саналы түрде өз орнын табады. «Намыс», «адамгершілік», «құқық», «міндет» сияқты тұлғаның сипатын басқа да ұғымдар толғандырады.
Шығыс ғұламасы Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздің болашақтарыңызды айтып берейін» деген. Қазіргі кезеңде қазақ халқының өмірінде бұрын соңды болмаған оқуға, еңбекке, қоғамдық өмірге ықыласы жоқ балалар саны күннен-күнге артуда. Бұлар дөрекі, әдепсіз, барлық жарамсыз әдеттерге еліктеуге бейім келеді. Баланың мінезін жалпы деңгейін ынтасын жақсы білу үшін, оның дамуына адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына не нәрсе қажет екендігін әрбір әке, әрбір ана білуге міндетті.
Сонымен жасөспірім шақта адам өзінің өмір сүруіндегі мәнділікті іздейді, өзінің біртұтастылығын игеруге талпынады, басқалар арасында өз орнын табуға тырысады.
Жасөспірімдердің әлеуметтік есейуін дамыту болашақ өмірге даярлау үшін қоғамдық тұрғыдан қажет. 15-17 жас жасөспірімдердің ең басты оқу-кәсіби іс-әрекетінің арқасында жасөспірімнің танымдық-кәсіби қызығушылықтары артады. «Мен кіммін?», «Мен қандаймын?», «Менің қабілеттерім қандай?», «Менің өмірлік идеалым қандай?», «Мен кім болғым келеді?» – міне осы сияқты сұрақтар жасөспірім жастағыларға өте қатты әсер етеді .«Мен кім болғым келеді?» тақырыбында әңгіме айту немесе бейнеролик көрсету. Мамандық таңдауда балаға қандай көмек көрсете аламыз?«Өскенде кім болғың келеді?» – бұл үлкендер өз балаларына қоятын ең танымал сұрақ. Кәсіби болашағыңды дұрыс таңдау қоғамдағы өз орныңды танудың негізі. Адамның жақсы, өмірлік табысқа жетуіне әсер ететін ең бір маңызды шешімдердің бірі болып табылады.
Ата-аналардың назарына!
1. Ата-ананың толғанысы үнемі балаға беріледі, сондықтан дәл сын сағатта ата-аналар өздерінің эмоцияларына ерік бермей, қолда ұстаса, бала өзінің жас ерекшеліктеріне байланысты өзін ұстай алады.
2. Баланы жігерлендіріп отырыңыз, бір нәрсені жақсы істесе ол үшін міндетті түрде мақтап отырыңыз.
3. Олардың өзіне деген сенімін арттыруға көмектесіңіз, өйткені бала сәтсіздіктен қорыққан сайын, оның қате жіберу қаупі арта береді.
4. Баланың денсаулығын бақылап жүріңіз. Баланың шаршауына байланысты жағдайының нашарлағандығын уақтылы байқап, оны болдырмау.
5. Баланың не жеп жүргеніне көңіл бөліңіз: қарқынды ой жүктемелері кезінде оған нәрлі және әртүрлі тамақ, дәрумендердің балансқа келтірілген кешені қажет. Балық, ірімшік, жаңғақ, кептірілген өрік сияқты тағамдар мидың жұмысын күшейтеді.
9. Балаға дайындық тақырыптарын күндерге бөлуге көмектесіңіз.
Қорыта айтқанда, қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың болашағы деп білген. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге карап ұл өсер» демекші, бала тәрбиесіне сонау заманнан бері аса көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынов айтқандай: “Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.” Балаға тәрбиені дұрыс бергеніміз абзал. Сол ұрпаққа тәрбие беретін үлгі-өнеге көрсете білетін отбасындағы басты құндылықтарды бере білетін ата-ананың бірі болуымыз керек. Абай атамыз : “Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады”- дегендей жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып керек кезде көмегімізді аямауымыз керек.

Людмила Грекова,
аудандық орталық
аурухананың психологі

Таңдаулы материалдар

Close