Basty bet

Адал қызмет атқару – басты парызымыз!

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 1-ші тарауында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді», делінген.
Мемлекеттік қызметтегі талаптарды орындау – біздің басты міндетіміз. Яғни, әдеп нормаларын сақтай отырып, айналадағы адамдармен мәдениетті қарым-қатынас жасауға шақырады. Осы талаптар мен міндеттемелерде адами құндылықтарды сақтау алдыңғы орынға қойылған. Қоғам алдындағы жауапты қызметтерді атқара жүріп, ел сүйіспеншілігіне бөленуді өзіңе мақсат етуің керек.
Қызмет беруші мен жұмысшы арасындағы тәртіпті сақтай отырып, олардың құқылы талаптарына жауаптылық танытады. Қол астындағы қызметкерлердің атқаратын міндетіне сай тапсырма жүктеп, оның орындалуын талап ету барысында басшы үлгілі маман бола білуі қажет. Өйткені өзіне бағынышты қызметкерлердің басшыға баса назар аударып, сыртқы мәдениеті мен ұжымды басқару әдебіне көңіл бөлетіні шындық.
Мемлекеттік қызметкерлердің әрбір іс-әрекеті, сөйлеу мәдениеті көңіл аударушылар мен тыңдаушылардың ықыласын оята білуі, оның сымбаты мен киім кию үлгісі де көпке үлгі. Әрбір мемлекеттік қызметкердің өз саласына сай біліктілігі мен сапалы атқарған ісі және тапқырлығы мен іскерлігі өзі үшін де, қоғам үшін де үлкен олжа.
Өскелең ұрпақ өсіп-жетілуі жолында алдыңғы толқынға қарап бой түзейтіндігі белгілі. Олардың алдына қойған мақсаттары да сол толқынмен тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметкердің бойындағы барлық бағалы қасиеті сол жастарға үлгі-өнеге. «Мемлекеттік қызметкердің әдебі – қоғам айнасы» деуіміздің де басты мәні осында.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» – деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, қандай ортада болсын басты талап алдымен тәртіп болуға тиісті. Мемлекет бекіткен талаптарға сай халыққа қызмет ету – қызметкердің айнымас анты.
Өзімізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға тырысып келеміз. Әдептілік пен әділдікті ту етіп, халық игілігіне барынша пайдамыз тисе біз үшін үлкен жеңіс сол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында үкімет басына жас кадрларды тарту, білімді азаматтарға қолдау көрсету, ел болашағының кепілі екенін тілге тиек етті. Сондықтан, Президентіміз сенім артып тапсырған қызметімізді адал атқару – бәріміздің басты парызымыз.

Ғазиза Естаева,
аудан әкімдігінің мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close