Basty bet

Жолың болсын, жас түлек!

14 маусым күні ауданда 30 орта мектепте мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті.
2023-2024 оқу жылында орта мектептерді 618 түлек бітірді. Оның ішінде 15 түлек “Алтын белгі” төсбелгісімен, 60 түлек үздік аттестатпен аяқтады.
Ең көп “Алтын белгі” төсбелгісінің иегері аудан орталығындағы №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда. Яғни, №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияны 65 түлек аяқтаса, оның үшеуі “Алтын белгіге”, бесеуі үздік аттестқа ие болды.
Аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияны 72 түлек аяқтаса, оның екеуі “Алтын белгі” төсбелгісінің иегері, төртеуі үздік аттестаттың иегері атанды.
№29 Мағжан Жұмабев атындағы орта мектепті бітірген 37 түлектің екеуі “Алтын белгі” төсбелгісінің, біреуі үздік аттестаттың иегері.
Сонымен бірге “Алтын белгі” төсбелгісінің иегерлері №4 Құрманбек Сағындықов атындағы ОМ-да- екі, №30 Көктөбе ОМ – екі, №2 Мыңбұлақ, №24 Т.Рысқұлов, №17 Ы.Алтынсарин, №8 С.Бәйтіков атындағы ОМ – бір-бірден.
Ең көп үздік аттестат иегері №2 Мыңбұлақ орта мектебінде. Яғни, орта мектепті тамамдаған 43 түлектің біреуі “Алтын белгімен”, 10 түлек үздік аттестатпен бітіріп отыр.
Аттестат тапсыру рәсімі – әрбір түлек үшін де, ата-ана, ұстаздар қауымы үшін де толқынысқа толы, әсерлі сәт екені белгілі.
Түлектер 11 жыл бойы тәрбие-білім алған алтын ұя мектептерімен, аяулы ұстаздарымен, тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдастарымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Алда оларды жауапты, маңызды сәттер күтіп тұр. Сондықтан барша түлектерге сәттілік тілейміз! Аңсаған армандарына қол жеткізіп, биік белестерді бағындыруларына тілектеспіз! Ақ жол саған, жас түлек!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close