Basty bet

«Кел, балалар, оқылық!»

ұлт руханиятына арналған тағылымды кеш өтті

«15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафон» жобасы аясында қазақтың ұлы ағартушысы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай «Кел, балалар, оқылық» атты мазмұнды әдеби кеш ұйымдастырылды. Тағылымы терең бұл шараның басты мақсаты – ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, оның білім мен ғылымға үндеген асыл мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіру.

Кеш шымылдығы жүргізушілердің жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылып, Ыбырай Алтынсариннің халықты білімге шақырған әйгілі «Кел, балалар, оқылық!» өлең жолдарымен жалғасын тапты. Ұйымдастырушылар жоба аясында ұлы тұлғалардың мұрасын дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, ағартушының қазақ қоғамындағы тарихи рөлін ерекше атап өтті.
Іс-шарада арнайы шақырылған қонақтар таныстырылып, білім мен мәдениет саласының өкілдері жастарға ізгі тілектерін арнады. Кешке қатысқан оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, Ыбырай шығармаларын мәнерлеп оқып, оның өнегелі өмір жолы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Әдеби кештің көркемдік бөлімі ерекше әсерге толы болды. Жас өнерпаздар ақынның өлеңдерін жатқа айтып, сахналық қойылымдар арқылы оның шығармаларындағы тәрбиелік мәнді көрерменге жеткізе білді. Әсіресе, «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінен қойылған көрініс көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен әсер қалдырды. Сонымен қатар, ән мен би де кештің сәнін келтіріп, өнерлі жастардың талантына тәнті етті.
Кеш барысында ұйымдастырылған «Кім тапқыр?» атты ойын оқушылардың білімін сынап, олардың тапқырлығы мен шапшаңдығын көрсетті. Қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерінің жолдарын дұрыс құрастырып, өз білімдерін дәлелдей білді.
Шара аясында «Ыбырай салған – сара жол» атты кітап көрмесі таныстырылып, оқырмандарға ағартушының еңбектері мен ол туралы тың мәліметтер ұсынылды. Бұл көрме қатысушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниесін байыта түсті.
Кеш соңында ұйымдастырушылар оқушыларға алғыс білдіріп, олардың белсенділігі мен өнеріне жоғары баға берді. Қонақтар да өз кезегінде жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мұндай тәрбиелік мәні зор шаралардың маңыздылығын атап өтті.
«Кел, балалар, оқылық!» атты әдеби кеш – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өшпес мұрасын ұлықтаумен қатар, жас ұрпақты білімге, өнерге, адамгершілікке баулитын маңызды рухани басқосу болды.

Гүлнұр Егеубаева,
аудандық балалар
кітапханасының кітапханашысы

Таңдаулы материалдар

Close