Basty bet
Талаптарды сақтау – әр адамның азаматтық міндеті
Жуалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Искаковпен сұхбат
– Марат Ілиясұлы, соңғы күндерде ауданда коронавирустық инфекцияға қатысты қалыптасып отырған эпидахуалға қандай баға бересіз?
– 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны – 31, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 58,4 құрайды, оның ішінде 21 (67,7%) симптомы бар науқас және 10 (32,2%) адам КВИ симптомы жоқ науқастар.
Өткен екі аптада орта есеппен үш күнде бір адамда індет анықталса, қазір бұл көрсеткіш 5,5 есеге артқан. Бұған тұрғындардың сақтық шараларына бей-жай қарауы, көпшілік орындарға жиі баруы себеп болып отыр.
Эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты Жамбыл облысы бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймаққа енді, осыған сәйкес өңірде шектеу шаралары күшейтіледі.
– Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты белгіленген үш аймақтың (жасыл, сары, қызыл) ерекшелігі қандай? Ол қандай өлшемдерге сүйеніп белгіленеді?
– Өңірлер корнавирустың таралу қарқыны бойынша «жасыл», «сары» және «қызыл» аймақтарға келесі көрсеткіштерге байланысты бөлінеді:
– R саны (репродуктивтік көрсеткіші немесе инфекция жұқтырғандардан байланысатын адамға берілу саны). Бұл сан коронавирусты бір науқастан қанша адам жұқтыруы мүмкін екенін көрсетеді.
– 100 мың тұрғынға шаққандағы соңғы 7 күндегі аурушаңдық.
Екі көрсеткіш күнделікті бақыланады.
Егер облыста:
– 100 мың адамға шаққанда 50-ден аса жұқтыру жағдайы анықталса және R көрсеткіші бірліктен артық болса, «қызыл» аймаққа;
– 100 мың адамға шаққанда 25-тен 50-ге дейін жұқтыру жағдайы анықталса және R көрсеткіші бірліктен артық болса, «сары» аймаққа;
– 100 мың адамға шаққанда 50-ге дейін жұқтыру жағдайы анықталса және R көрсеткіші бірліктен артық болса, «жасыл» аймаққа кіреді.
– Коронавирустық инфекция ауданның қай аймағында көбірек таралуда? Оған не себеп болып отыр?
– Науқастар бүгінде ауданымыздың барлық дерлік аймақтарында тіркеліп отыр. Мәселен, инфекцияның ең жоғары таралу көрсеткіші аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында, мұнда 12 (38%) науқас тіркелсе, Мыңбұлақ ауылдық округінде 3 (9%), Шақпақ ауылдық округінде 2 (6%), Қарасаз ауылдық округінде 2 (6%), Нұрлыкент ауылдық округінде 2 (6%), Билікөл ауылдық округінде 2 (6%), Ақсай ауылдық округінде 1 (3%), Көкбастау ауылдық округінде 1 (3%), Қызыларық ауылдық округінде 1 (3%), Күреңбел ауылдық округінде 1 (3%), Қошқарата ауылдық округінде 1(3%), Боралдай ауылдық округінде 1 (3%).
Науқастардын ішінде ерлер/ұлдар -14 (45%), әйел/қыздар- 17(55%). Кәсібі бойынша жұмыссыздар -17, жұмысшылар – 5, зейнеткер/мүгедектер – 3, мұғалім – 1, мектепке дейінгі балалар -1, жалпы жүкті әйелдер – 6.
– Қазір коронавирустық инфекция жұқтырған адамдарда ауру барысы бұрынғымен салыстырғанда қалай өтуде? Вакцина салдырған адамдар вирус жұқтырған жағдайда аурудың өтуінде қандай да бір жеңілдік байқала ма?
– Биылғы жылы індетті жұқтырған 31 адамның ішінде 17-сі екпе алғандар және оның 10-да індет жеңіл симптомсыз өтуде. Бұл екпенің арқасында. Жалпы 31 адамның 18-і үй жағдайында амбулаториялық ем қабылдауда, нашар халде жатқан науқас жоқ, өлім-жітім тіркелген жоқ.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы үй карантиніндегі адамдарды оқшаулау шарттарын қатаң сақтауға шақырады.
Қиын эпидемиологиялық күндерде тәртіпті сақтау әр адамның азаматтық міндеті. Бұл тек өзі үшін ғана емес, өз балаларының, отандастарының және бүкіл қоғамның денсаулығы, өмірі мен әл-ауқаты үшін де үлкен жауапкершілік.
Алдағы эпидемиологиялық жағдай барлық қажетті карантиндік шектеу шараларын қаншалықты сақтайтынымызға байланысты. Егер Сіз вакцинацияланбаған болсаңыз, жақын арада шешім қабылдаңыз, өйткені бір уақытта және жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және бәрімізге тез арада әдеттегі өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Өздеріңізге індетті жұқтыру қаупін төндірмеңіз, өз денсаулығыңызды сақтаңыздар.
Әлемде, соның ішінде елімізде пандемияның жалғасуы мен күрт өршуін ескере отырып, халықты жаппай вакцинациялауға және қарапайым шараларды сақтауға: бетперде тағып жүруге, әлеуметтік қашықтықты және қол гигиенасын сақтауға шақырамыз.
– Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға сәттілік пен табыс тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»