Basty bet

«Толағай» спорттық сайысы өтті

Ұлы ақын Абай: «Адамның бір қызығы – бала деген» деп жырлағандай, дені сау бала – біздің басты байлығымыз. Ал, сау ұрпақ тәрбиелеуде спорттың алар орны да ерекше. Осы орайда жуырда Қайрат ауылындағы «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасында «Толағай» атты спорттық сайысы өтті.
Бүгінгі ерке құлыншақтар келер күннің айнасы. Өйткені, ел тағдыры – дені сау жас ұрпақтың қолында. Денсаулығы мықты, саламатты өмір салтын ұстанған бүлдіршіндерді тәрбиелеу мақсатында «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасында «Толағай» спорттық сайысына үш команда қатысып, өзара бақ сынады.
Спорттық киім киіп, топ мүшелері алдымен өздерін таныстырды. Одан әрі «Бәйге», «Секірмек» «Кенгуру», «Кім жылдам?», «Қашықтыққа секіру» кезеңдері бойынша бақ сынады. Бүлдіршіндер әр сайыста көңілді де тартысты ойын өрнегін көрсетіп ептілігімен және қырағылығымен көзге түскен балалар мен ата-аналарды бір серпілтіп тастады. Бүлдіршіндердің өнерін бағалаған қазылар, ойын соңында әділ бағаларын беріп, спорттық тартыста қарсыластарынан озып шыққан «Қыран» командасына ерекше қошемет көрсетті.
Әрбір бала – бақытты болу үшін жаралған. Олардың болашағы жарқын болу үшін бір күн ғана назар аудару жеткіліксіз, ол үшін өмір бойы жұмыс істеген де артық болмас. Ендеше, әлемдегі барлық бала балалықтың бал дәмін сезінсін және бақытты болсын деп тілейміз.

Лаура Уксикбаева,
“Мөлдір бұлақ” балабақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close