Basty bet
«Қазақтелеком» АҚ-ның қарышты қадамы
аудандық байланыс желілері торабында жаңа жүйе іске қосылды
Техника мен технологияның қарыштап дамыған қазіргідей жаңа кезеңді заманауи байланыс саласынсыз көзге елестету мүмкін емес. Байланыс саласын жаңаша қырынан дамыту ісінде «Қазақтелеком» АҚ-ның атқарып отырған жұмысы өте орасан. Байланыс саласындағы байырғы компания жылдан жылға дамып, аталған саланы жаңа деңгейге көтеріп, заман ағымына сай жаңа жүйелерді де сәтімен іске қосуға қол жеткізіп келеді.
Атап айтар болсақ, өткен аптада «Қазақтелеком» АҚ-ның Жуалы аудандық байланыс торабында жаңа жүйенің іске қосылу салтанаты ұйымдастырылды. «Қазақтелеком» АҚ-ның ескі мысты желісінен GRON жүйесі арқылы әрбір үйге (аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы) бірнеше көшеге оптикалық желілер тартылып, осының нәтижесінде байланыс жылдамдығын бұрынғыдан да арттыруға қол жеткізіліп отыр.
Өткен аптаның бейсенбі күні жаңа жүйенің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, оған бірқатар лауазымды азаматтар қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар ашылу рәсіміне «Қазақтелеком» АҚ-ның Жамбыл облысының 10 ауданындағы байланыс желілері торабының басшылары да қатысты.
Жаңа жүйенің ашылуында алғашқы құттықтау сөз «Қазақтелеком» АҚ-ның Басқарма төрағасы Бағдат Мусинге берілді.
-Біздің компанияның отандық байланыс саласының дамуына қосып отырған үлесі өте зор. Жамбыл облысының Жуалы ауданында іске қосылғалы отырған жаңа жүйенің, оның ішінде, оптикалық тораптың байланысты арттыруда атқаратын рөлі ерекше. Компания басшылығының қолдауымен жүзеге асырылып отырған осынау жарқын жобаның ел тұрғындарына, оның ішінде, ауылдық жерлердің тұрғындарына пайдасы бар деп айтуға толық негіз бар. Мұндай тораптың іске қосылуын өте құптарлық іс деп санаймын. Жаңа жүйенің жұмысын облысқа қарасты аудандарға үлгі ретінде тарату қажет. Ең біріншіден, мұның тиімділігіне баса мән берген жөн.
Біз байланыс саласының жұмысын жақсартуға арналған мұндай жобаларға қашанда қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді жаңа оптикалық тораптың іске қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Халық игілігіне бағытталған жұмыстарға тек сәттілік тілеймін,- деп атап өтті Бағдат Батырбекұлы.
Келесі кезекте «Қазақтелеком» АҚ-ның оңтүстік өңірдегі мекемелерінде ұзақ жыл басшылық қызметтердің тізгінін ұстаған іскер азамат, Қазақстанның құрметті байланысшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері және ауданның Құрметті азаматы Шерхан Раздықов, аудан әкімі Жалғас Мұртаза және Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев аудан жұртшылығын және жиналған қауымды жаңа тораптың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Компания басшылары келесі кезекте аудандық байланыс желілері мекемесінің ішкі бөлігін аралап көріп, қызметкерлермен тілдесіп, олардан жұмыстың атқарылу барысын сұрады. Одан кейін жаңа торап орналасқан бөлменің жұмысымен танысып, облысқа қарасты аудандардың байланыс саласы басшыларымен шағын құрамда кездесіп, жаңа оптикалық тораптың тиімділігін талқылаумен бірге, компаниядағы ұзақ мерзімді жобалардың жүзеге асырылу барысымен таныса келе, Жамбыл облысы тұрғындарының байланыс жүйелерімен қамтылу деңгейіне сараптама жасап, қызметкерлермен өзара пікір алмасты.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа тораптың іске қосылуы өңірдегі байланыс саласының жұмысын жаңғыртуға жаңаша серпін беріп отыр. Биыл аудан орталығында 1 000 абонентті жаңа оптикалық жүйеге қосу жоспарланса, қазір 270 тұрғын үйге жаңа жүйенің желілері тартылған. Жұмыс қарқыны ары қарай да жалғасады. Байланыс саласына жауапты компанияның алға қойып отырған басты мақсаты да осы…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»