Basty bet

Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты туралы не білеміз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына 2022 жылғы 5 қарашада қол қойған.

Конституциялық сот – ел азаматтарының конституциялық құқықтарының қорғалуының кепілі әрі Ата заңымыздың ережелерінің мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын орган. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елімізде жұмыс істеген бұл демократиялық құрылым 1995 жылы қабылданған Конституцияда Конституциялық кеңеске айналды, ал сот пен кеңестің құзіреті жер мен көктей еді.

Елімізде 2022 жылы қолға алынған конституциялық реформаның нәтижесінде Конституциялық соттың қайта қалпына келтірілуі ең бір қажетті бастама болғаны анық. Бұл  әділетті Қазақстанды құру кезеңінде құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы нық қадам.

Конституциялық сот жекелеген істерді қарамайды. Ол жалпы заңнаманың Ата заңымызға сәйкестігін қадағалайды. Өйткені белгілі бір нормативтік құқықтық құжаттың кей ережелері еліміздің Негізгі заңына қайшы келіп қалуы мүмкін. Тіпті осы құжатты негізге алып, отандастарымыздың тағдырын шешкен сот шешімдері де шығып кеткен болуы ықтимал.

Біріншіден, «Конституциялық сот қай биліктің тармағы?» деген сұрақ туындайды. Заманауи мемлекеттің моделінде билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп бір-бірінен тәуелсіз, бірін-бірі тепе-теңдікте ұстайтын үш тармаққа бөлінеді.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» заңның 1-бабы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді», деп қана шектеледі.

Конституциялық соттың қайта қалпына келтірілуі әділетті Қазақстанның құқық саласына қан жүгірткені аян. Дегенмен дамудың заңдылығына сәйкес мәселелердің қордаланып келе жатқаны, оны дер кезінде шешу керек екені анық. Біздің мақсат кінәрат іздеу емес, елде құқықтық мемлекеттің институттары қайта қалыптасу кезеңінде туындаған мәселені бірігіп шешу. Бұл – бәрімізге ортақ парыз.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы Заңның 63-бабының 1 бөлігіне  сай, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп танылған заңдар мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қоюға не тиiсiнше ратификациялауға және қолданысқа енгiзуге болмайды. Заңдарды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану оларға қол қою мерзiмiнiң өтуiн қайта бастайды. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп тану оларды ратификациялау процесiн қайта жалғастырады.

Аталған Заңның 64-бабына сай Конституциялық Соттың шешімдерін қолданысқа енгізу және орындау, Конституциялық Сот өзі қабылдаған шешімдерді қолданысқа енгізу және орындау тәртібі мен мерзімдерін белгілеуі мүмкін. Конституциялық Соттың шешімін орындау үшін қолданылған шаралар туралы оған тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар Конституциялық Сот белгілеген мерзімде хабарлайды. Конституциялық Соттың шешімдеріндегі Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың қабылданған шешім туралы Конституциялық Сотты міндетті түрде хабардар ете отырып, міндетті түрде қарауына жатады.

 

 

Жуалы ауданы

 Сот әкімшісінің бас маманы

 Дулат Досыбайлы

Таңдаулы материалдар

Close