Қай халықта болсын өзінің атадан балаға мұра болып жеткен, көзінің қарашығындай сақтап, қымбат ұлттық қазынасына айналған өнері болады. Соның бірі – музыка өнері.
Рухани әлеміміздің азығы – өнердің терең қойнауына ену кез келгенге бұйыра бермейтін қасиет. Осынау Алланың берген таланты мен дарынын, яғни қиындығы мен қызығы қатар жүретін музыка өнерін үлкен еңбекпен дамыта білудің арқасында жуалылық Жандарбек Арыстанұлы Жаңабайдың отбасы бүгінде абыройлы отбасылық өнер ұжымына айналып отыр.
Отбасылық ансамбль алғашқы тұсаукесерін 1994 жылы Жаңатас қаласында өткен облыстық өнерлі отбасылар байқауына қатысып, І орын алған күннен бастады.
Екі ұл, екі қыз сүйген отбасының ұл-қыздары Айжан, Нұржан, Нүркен, Фариза сәби күндерінен-ақ сахна төрінде ән салып, би биледі. Содан бері өнерден қол үзбеген отбасы 2010 жылы өздерінің шығармашылық концертін алдымен аудан жұртшылығына қойып, соңынан Тараз қаласындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткізді. Осы жылы тамыз айында ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Халықтық» атағын қорғау аттестациясынан өтіп, «Жаңабаевтар отбасылық Халықтық ансамблі» атағына ие болды.
2011 жылы қаңтар айында өзінің саналы ғұмырында білім мен өнерді ұштастыра білген айтулы азамат Жандарбек Арыстанұлы дүниеден озды. Артында 30-дан астам ән мен терме, үш күй қалған.
Отбасының анасы 40 жылдық ұстаздық өтілі бар, білім мен өнерді қатар алып жүрген Күлімбала Оразымбетқызы киелі өнердің тізгінін өз қолына алып, өз дәрежесінде іске асырып келеді.
2013 жылы 16 сәуірде Жаңабаевтар отбасылық Халықтық ансамблі Жуалы аудандық Мәдениет үйінде, Тараз қаласы «Баласағұн» орталық концерт залында «Сағыныш» атты әкесі Жандарбек Жаңабайды еске алуға арналған шығармашылық концертін өткізді.
Жыл өткен сайын отбасы мүшелерінің қатары немерелерімен толығып, Нәзия, Дина келіндері және Нұрбақыт, Қуаныш, Жанболат, Еркебұлан, Еңлік атты немерелерімен толықты.
“Әке көрген оқ жонар” дегендей отбасының үлкен ұлы Нұржан сазгерлік өнерге ден қойып, бірнеше әндердің авторы атанып, өз концерттерінде «Туған жер», «Анашым», «Мерейлі отбасы», «Жаңа жыл», «Бақыттымыз бәріміз», «Ақ гүлім», «Балалықпен қоштасу» т.б. әндері орындалып жүр.
Сәрсенбінің сәтті күні “Жаңабаевтар” отбасылық халықтық ансамблі Жуалы ауданының 95 жылдығына орай “Өнерім – өнеге” атты шығармашылық концертін тарту етті.
Шығармашылық кешке Тараз қаласынан ақын, әнші-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова, мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыров, “Шерхантану” орталығының директоры Сауран Қалиев және Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары арнайы келді.
Кештің шымылдығы өнерлі отбасының өнердегі жолы туралы бейне сюжетпен ашылды. Сахнаға ансамбльдің мүшелері толық шығып, “Отбасы” әнін орындады.
Ансамбльдің репертуарында терме де, ән де, күй де, би де бар. Жан-жақты өнер иелері түрлі аспапен ән айтып, көрерменнің құлағының құрышын қандырып, көңілін серпілтті.
Жаңабаевтар оркестермен күй тартса, домбырамен терме орындап, инструментальді ансамбльмен жанды дауыста әуезді, мазмұнды, әсерлі әндерімен көрерменнің жүрегін тебірентті.
Бауыржан Момышұлының рухына арналған Жандарбек ағамыздың “Бауыржанның батасы” термесін Нүркен Жандарбекұлы орындаса, Нүркен мен Нәзия Жаңабаева Ризагүл Темірбекованың сөзіне жазылған Нұржан Жаңабаевтың “Шер аға” әнін шырқады.
Ансамбльдің ең жас өнерпазы Жандарбек Інжу “Қазағымсың елім” әнін орындады. Сонымен бірге Інжі мен Еңлік “Үнді” биін биледі. Ал, Жандарбек Нұрбақыт “209 саунтрек” әнін айтты.
Қызы Айжанның ұлы Арсен де өнерден құр алақан емес екен. Арсен “Жоқ жаным” әнін әдемі орындап шықты.
Отбасылық ансамбльдің шығармашылық концертінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жәнібек Бестерек, аудандық “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әншісі Мадина Свамбаева мен Салтанат Мейіржанқызы да өнер көрсетті.
Шығармашылық кеш соңынан өнерлі отбасының аналары Күлімбала Оразымбетқызы жиналған көпшілікке алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары бата беріп, кеш қонақтары игі тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды.
Мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыров отбасы мүшелеріне ақ тілегін жеткізіп, өнерлі отбасының кішкентай өнерпазы Інжуге ақын Үміт Битенованың кітаптарын сыйға тартты.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова киелі сахна төрінде халыққа мәдени, рухани тұрғыда қызмет көрсетіп, патша көңілді көрерменге өнер мәртебесінің биікте екенін ұғындырып келе келе жатқан 30 жылдық тарихы бар отбасылық халықтық ансамбльге аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Алғысхаты мен ықылас гүлін тапсырды.
Сонымен бірге Анар Садыққызы маусым айында Қызылорда облысы Сыр елінде өтетін байқауға облысымыздың атынан қатысқалы отырған отбасылық ансамбльге сәттілік тіледі.
Шығармашылық кешке жиналған көрермен қауым тамаша көңіл күймен тарқасты.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»