Basty bet
Білікті маман, ардақты әке
Ауданымызда мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып, өз ісінің кәсіби маманы бола жүріп, әріптестерінің сый-құрметіне бөленіп жүрген азаматтар көптеп саналады. Соның бірі – Күреңбел ауылдық округінің бас маманы Ғалимұрат Қойтанов.
Ғалимұрат Әзімшарұлының өмір және еңбек жолы барынша қарапайым. Ол 1961 жылы Жаңаталап ауылында дүниеге келіп, Күреңбел ауылындағы бұрынғы Ленин қазіргі Күреңбел орта мектебін бітірген. 1977 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсіп институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. 1981-1983 жылдары Солтүстік флоттың Мурманск қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын Қостанай облысында инженер-механик болып бастайды. Ал 1989 жылы Күреңбел ауылындағы Чапаев атындағы колхозда инженер-механик болып жұмысқа орналасып, шаруашылықтағы жыл он екі ай үзілмейтін басқа да науқандық жұмыстардың бел ортасынан табылып, саланың ыстық-суығына төселіп, басқарушылық қабілетті бойына жинақтайды. Кейін учаскелік механик болып, жалпы мұнда 15 жыл еңбек етеді.
2004 жылы мемлекеттік қызметке кіруге бел буады. 2004 жылдан осы күнге дейін Күреңбел ауылдық округінде табан аудармастан жұмысын атқарып келеді.
– Кеңес Одағы тұсында сол заманның ықпалымен мектепте орыс тілінде оқуымның салдарынан, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуге шорқақтау болдым. Оған қоса, компьютерлік білімім де аздау еді. Компьютерді қолыма ұстап көрмесем де, жалпы оның атқаратын қызметінен біршама хабарым бар болатын. Сондықтан да, мемлекеттік қызметке тұруға батпай жүрдім. Дегенмен, Алла сәтін салып, ауыл әкімшілігіне бас маман болып қабылдандым, – дейді Ғалимұрат Қойтанов.
Осылайша, Ғалимұрат Қойтанов бас маман, кейіннен сектор меңгерушісі лауазымына дейін жоғарылатылды. Бүгінде ол ұқыптылығы мен тиянақтылығының арқасында саланың бүкіл тыныс-тіршілігін бес саусағындай біледі, құжат тілін де меңгеріп алған. Тіптен, басшы орнында болмағанда, оның міндетін атқаратын дәрежеге жетті. Кейде, газетке шұғыл ақпарат қажет болған жағдайда, біз де қажетті мәліметтерімізді осы кісіден алып жатамыз.
Білікті, тәжірибелі маман Ғалимұрат Қойтанов өмірлік жары Роза Бақтыбайқызымен 1984 жылы отау көтерген. Бүгінде бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген Қойтановтар ұл-қызынан сегіз немере сүйіп отырған шуақты да берекелі шаңырақ иелері. Ұлы Мейіржан Алматы қаласында күзет агенттігін басқарады. Ал қызы Еркемай Тараз қаласында медбике болып жұмыс атқаруда.
Роза Қойбақова орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет істеген, қазіргі таңда зейнеткер. Ұстаздық жолмен қатар үй шаруасында болып, отбасында ерінің сенімді жары бола жүріп, ұрпағының аман-сау жетіліп, тәлімді тәрбие алуына барлық жағдай жасаған жан.
Тиянақты, ұқыпты маман ауылдың экономикалық жағдайын көтеруге өз үлесін қосып, өз саласында жемісті еңбек етіп келеді. Жұмыстағы жетістіктері үшін облыс және аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхатын, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ «Ауылым – алтын бесігім!» атты фестивальдің лауреаты. Ағаның тағы бір қыры музыканы жаны сүйеді. Ауылдағы барлық мерекелік шаралар Ғалимұрат ағасыз өтпейді.
Ғалимұрат Әзімшарұлы таяуда зейнет демалысына шыққан. Енді бейнетінің зейнетін ұзақ көруін Алла нәсіп етсін! Біз де «өсіріп отырған ұл-қыздарының қызығын көріп, шөбере сүйіп, шөпшегінің қолынан май жеуді нәсіп етсін!» деген ақжарма тілегімізді арнаймыз.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»