Basty bet
Күндізгі бөлім науқастарға жүйелі ем көрсетеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында денсаулық саласы назардан тыс қалған емес. Ал, өткен жылғы ел Президенті «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналатынын және онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылатындығын баса айтты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыратынын, сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытатындығын жеткізді. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
«Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деді Президент.
Жақында аудандық орталық аурухананың Күндізгі бөлімінің меңгерушісі Ермұхан Хусайновтан жұмыс барысы туралы сұраған едік.
10 жылдық жұмыс өтілі бар дәрігердің айтуынша, күндізгі стационарда барлығы 12 төсек бар. Мұнда келушілерге жақсы жағдай жасалған.
Бөлімде Нұржамал Жұманқұлова және Жәмилә Ахмедова есімді медбикелер науқастарға сапалы қызмет көрсетіп, қажетті ем шараларын жасайды.
Сонымен бірге Адолат Кувантаева тазалық ісімен айналысады.
– Қазіргі сәтте денсаулық сақтау жүйесіндегі басым міндеттердің бірі әртүрлі деңгейдегі медициналық ұйымдарды бюджеттік қаржыландыруды оңтайландыру болып табылады. Осыған байланысты, басты мәселелердің бірі жоғары білікті амбулаториялық-емханалық көмек көрсетудің жаңа экономикалық тиімді модельдерін іздестіру. Бұл стационар алмастырушы технологияларды пайдалану болып саналады. Күндізгі стационарлардың қызметі – емханалардың және ауруханалардың қызметінен ерекшеленеді, бұл олардың қызметін бағалаудың арнайы әдістерін әзірлеуді талап етеді.
Біздің жұмыс істеу уақтымыз таңғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 18:00 аралығы. Сенбі-жексенбі күндері демалыс. Негізгі қызметімізге келер болсақ, портал арқылы тіркеліп келген ем алушыларды қабылдап, қойылған диагнозына қарай ем тағайындаймыз.
Көбінде бөлімде жүрек, артериалды қан қысымының жоғарлауы, созылмалы бронхит, тізе, бел, мойын омыртқасының аурулары, ұйқы безі-өт жолдары, бүйрек ауруымен ауырып келген науқастарды қабылдаймыз, – дейді Ермұхан Шаймұханбетұлы.
Міндетті түрде атап өтетін жағдай, күндізгі стационарлар науқастарға қарқынды медициналық көмек көрсететін нысан болғандықтан, тәжірбиеде қолдану үшін әрі қарай жетілдіруді талап етеді.
Науқастарды күндізгі стационарда ем алу барысында тек экономикалық жағынан тиімділігі қызықтырып қана коймай, дәл күндізгі стационарда емделуге қызығушылық танытуын, былай қорытындылауға мүмкіндік береді. Технологиялық ресустарды үнемдеуде кеңінен қолданылатын әлеуметтік бірігу, шын тұрғысында күндізгі стационарлар сөзсіз тиімді және перспективті тұрғындарға көрсетілетін ұйымдастырылған медициналық көмек түрі.
Деніңіз сау болсын, құрметті оқырман!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»