Basty bet

Өнер қонған отбасы

Қарасаз десе, қара шалғын өлеңде өскен, Аспантаудың алдаспаны, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ауылы бірден ойға оралады. Әйткенмен, әр өлкенің өз Қарасазы бар. Ал өнерге шама жеткенше әр адамның үйір келетіні әлімсақтан аян. Сүйегіне сөз қонған қазақтан сөз артылған ба? Мұндайда “әу демейтін қазақ жоқ” деп көкірегін күй, жүрегін жыр тербеген ұлтымыздың мерейін тасытып қоятынымыз да бар.

Жуалының Қарасазында тұратын Дархановтар әулетін ауылдастары тегіс таниды. Тегіне тартып туған отбасын көрші-қолаң, ағайын-туыс, дос-бауырлары әрдайым мақтан тұтады. Кісі баласына пайдасы тимесе, қиянаты жоқ үлгілі отбасы расында да барлық құрмет пен қошеметке лайық. Қарапайым отбасы қарабайыр ғұмыр кешіп жатқан жоқ. Қай кезде де ізденістің ізінде жүреді. Өнерден де құр алақан емес.
Қырықтың бесеуіне қадам басқан отағасы Рәтбек Дарханов Қарасаздағы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ауылдағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте әліпбидің бетін ашып, тарыдай боп кірген ұясынан таудай боп қанат қаққан. Өнер деп атқақтаған жүрегі ақыры оны ұстаздық жолға түсіргендей. Ол Алатау аспады, алысқа қашпады. Қысқасы, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (қазіргі Тараз өңірлік университеті) музыка пәнінің мұғалімі және көркем өнерпаздар хорының жетекшісі мамандықтары бойынша тамамдады.
Аңсары ауылға ауған азамат өзі оқыған мектепте табан аудармай еңбек етіп жатқанына да ширек ғасыр толды. Осында жүріп тәжірибесін толықтырды, маман ретінде қалыптасты. Жоғары оқу орнында көңілге түйгені мен көкейге тоқығанын ауыл балаларының бойына сіңіруден еш жалыққан емес. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деген осы болса керек, сірә. Рәтбектің риясыз көңілмен өткізген сабақтары оқушыларды баурап алатыны рас. Содан да болса керек, тумысынан зерек жасөспірімдер бебеулетіп ән салып қана қоймайды. Қасиетті домбырамен төкпе күйді төгіп, шертпе күйді шертіп отырады. Баян, аккардеон, гитара және Yamaha секілді түрлі музыка аспаптарын да біркісідей меңгеріп алған.
Ұстазынан озған талантты шәкірттері де жоқ емес. Рәкең олар туралы сөз қозғағанда жүзі балбұл жанып кетеді. Кеудесін мақтаныш сезімі кернегенін жалын атқан жанарынан айқын аңғарасың. Әсіресе, бұлбұл үнімен көпшіліктің қошеметіне бөленіп қана қоймай, түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде жүргізіп жүрген кәсіби әнші Жанна Асанқұлованың өнерін қатты құрметтейді. Тәңіртаудың етегіндегі ару қала Алматыдағы әйгілі «Гүлдер» ансамблінің солисті әрі Тараздағы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі болып еңбек ететінін мақтанышпен жеткізеді.
Рәтбек Дархановтың әкесі Миятбек Дарханов ұзақ жылдар бойы Қарасаздағы ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып еңбек еткен екен. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған баталы ақсақалды ауыл жұрты құрмет тұтады. Ал, анасы Орнайым Таласбаева денсаулық сақтау саласының ардагері.
Рәкең айхай жиырма бестің ауылына қарыс қадам қалғанда, анығырақ айтсақ, 2002 жылы ертайлық ару Гүлнұрмен танысады. Әуелгі таныстық әдемі сезімге ұласып, екеуі отбасын құрған. Гүлнұр да қара жаяу емес. Реті келгенде ән шырқап тұратыны бар. Одан бөлек, шама келгенше өнердің көгіне ұмтылып жүрген Дархановтар әулеті аудандық отбасылық байқауларда талай рет топқа түсіп, жүлденің алдын бермеген.
Жарасымды жұп қазіргі таңда Жанерке, Ерқанат, Мухаббат және Ислам есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Жанерке Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында ағылшын тілі мамандығы бойынша білім алса, Ерқанат пен Мухаббат ауылдағы мектепте сегізінші және үшінші сыныпта оқып жүр. Ал үйдің сүт кенжесі Ислам бір жарым жаста.
Р.Дархановтың айтуынша, ұл-қыздарының барлығы өнерге жақын. Олар шарықтатып ән айтумен қатар, қазақтың қасиетті домбырасын шертуді де хоббиге айналдырған. Ән-мен күйдің әуеніне тербеліп өскен ұл-қыздарының жұлдызы жарқырайтын сәт те туар, кім білсін…
“Бала тәрибесінде олардың бойынан мейірім мен қайырымның ұшқынын көргім келгендіктен, имандылыққа айрықша ден қоямын. Иманы бар бала кісілігін жоғалтпайды, кішілігін ұмытпайды. Қаталдыққа емес, мейірім шуағына шомылып өскен ұрпақтың жаман болмайтынын анық білемін. Отбасының ұйытқысы, балаларымның аяулы анасы Гүлнұрдың да мінезі жұмсақ. Бала тәрбиесіне атүсті қарамаймыз, сабырмен түсіндіреміз.
Мектептегі оқушылардың жөні тіпті бөлек. Өз балаларыма қалай қарасам, оларға да солай қараймын. Бойына ізгілік пен имандылық қағидатын дарытып өскен бала жаман болмайды. Пайымы лайық қалыптасқан ұрпақтың ертеңі жарық. Оқушының алдында мұғалім барлық сұраққа жауап бере алуы керек. Ол тек сабаққа ғана қатысты емес, сонымен қатар өмірлік ұстанымдар бойынша қойылған сауалдарға нақты жауап беруге тырысамын. Сабақта оқушылармен бірге еркін форматта ой-пікір алмасу арқылы еркін диалог алаңын орнатамыз. Бұл балалар үшін қызық деп ойлаймын”, – дейді Рәтбек Миятбекұлы.
Ол сабақтан қолы қалт еткенде, бау-бақша егіп, жеміс-жидектерді күтіп-баптағанды жақсы көреді. Даладағы жұмыс адам жанын рақатқа бөлеп қана қоймай, тәнін ширатады. Одан бөлек, үйдегі азын-аулақ малын да өзі жайғайды.
Ауылын ауыспайтын астана санайтын Дархановтар әулетінің туған ауылынан алыстамағанының өзі үлкен олжа. Өнер қонған отбасының отағасынан тәлім алған жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы осындай білікті ұстаздар арқылы арта түсетіні ақиқат. Бала десе барын беруге дайын Рәкеңдей ұстаздарды көргенде мұғалімнің орны расында төр екеніне илана түсесің. Ауылдан алыстамаған азаматтың өнері тоқтамасын, төңірегі жоқтамасын. Өнерлі отбасының мерейі өсіп, мәртебесі арта берсін.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close