Basty bet

Ексең егін, ішесің тегін

Билікөл ауылдық округіне жасаған кезекті сапарымызда Қарабастау ауылында тұратын, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямовтың шаңырағына арнайы барып, үй іргесіндегі жерді қалай тиімді пайдаланып жатқанын өз көзімізбен көріп қайтқан едік.

Еңсебек Абсалямовтың жары Балқия Әбдірашованың жаны гүлге құмар екендігін біз қақпадан есіктің алдына кірген бетте анық аңғардық. Себебі, аулаға аула гүлдерінің түр-түрі егіліп, көздің жауын алатындай әдемі жайқалып тұр екен.
Еңсебек Абсалямов ұзақ жылдар ұстаздық қызметте болған. Бүгінде зейнет жасында болса да ауыл ардагерлерінің ісін бір арнаға тоғыстырып, ауылдың бетке ұстар ақсақалы атанған. Ал, жары Балқия Әбдірашова Қарабастау ауылдық кітапханасының кітапханашысы болып 40 жыл жемісті еңбек еткен. 2011 жылы абыроймен зейнетке шыққан. Биыл екеуінің шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толады.
Көпке үлгілі жанұя қасиетті қара шаңырақтың түтінін түтетіп, ауласын гүлдендіріп, бақшасына түрлі көкөністерді, жеміс-жидектерді егіп, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып отырған жайы бар.
Айта кету керек, аулаға геаргина аталатын гүлден – 48 түп, раушан гүлінен – 25 түп еккен. Сонымен бірге, шырмауық розасының ақ және қызыл түрі, иісі жұпар аңқитын қытай раушаны, лала гүлі, кілемше, қоразша, тұмарша аталатын гүлдер және канна гүлі, үй иелері “бархат” деп атау берген гүлдері – бәрі-бәрі күнмен бірге күлімдеп тұрғандай.
– Әр гүлдің күтімі әрқандай, – деп бастады сөзін Балқия апай. – Әр гүлге сәби сияқты қарап, тілдесіп отыру керек. Мәселен, геаргина аталатын гүл қып-қызыл болып ашады. Оның тұқымы картоп сияқты болады. Егер ерте көктемде екі қап геаргина гүлін егетін болсам, күз түсіп жер салқындағанда үш қап тұқымды қайта қазып алып, жертөлеге сақтап қоямыз. Яғни, бұл гүлдің тұқымы жыл сайын көбейіп отырады. Тағы бір айта кетерлігі, раушан гүлдерінің жапырақтарына құрт түспеу үшін, арнайы ұнтақ сеуіп отыру қажет. Аудандық орталық базардағы гүл сататын жерлерден гүлдің дәрісін сұраса, сатушылар нақтысын айтып береді, – дейді апа.
Ауыл келіндерінің көбі гүлді күтіп-баптаудың қыр-сырын Балқия апайдан үйренген. Тіпті, бұл шаңыраққа келген қонақтардың өзі өсіп тұрған гүлдердің жанына суретке түсіп, таң-тамаша күйге бөленетін көрінеді.
Аула гүлдерінен бөлек, үй маңында жүзім, қара, сары алхордан 10 түп, шие талынан – 5, шабдалы, өрік, алмұрт және қара, сары алша ағаштарынан егілген.
Апаның айтуынша, алша жемісін жыл сайын 5-6 шелектен береді, оны теріп алып тосап қайнатып, артылғанын көршілеріне үлестіріп беріп отырады. Өкінішке орай, алма ағашын егуге мүмкіндік болмай тұрғанын айтады. Себебі, жер өте сулы, ал алма ағашы сулы жерде тамырын тереңге жая алмай шіріп кетеді екен.
Аула гүлдерін күтіп-баптаудың қыр-сырын ападан білген соң, бақшадағы дәнді дақылдар туралы білу үшін отағасы Еңсебек Абсалямовты сөзге тарттық.
Байқағанымыздай, бақшада көкөністердің барлық түрі егілген. Бірде-бір арам шөбі жоқ, тап-таза әрі тиянақты бақшада құлпынай, қырыққабат, баялды, сәбіз, қызыл қызылша, болгар бұрышы, ащы бұрыш, қызанақ, қияр сияқты көкөністер қаз-қатар тізілген. Ал күз айында, түрлі салаттарды банкіге жабу үшін базарға барып сандалмай, үй бақшасындағы көкөністерді пайдаланады.
– Мәселен, қызанақтың дәнінен көшет шығаруға болады. Біз базардан көшет сатып алмаймыз. Барлығын дән арқылы өндіруге болады. Қызанақтың дәнін алып, көлеңке жерде кептіріп алу керек. Кептірілген дәнді топыраққа отырғызбастан 5-10 минут сутегі тотығы аталатын сұйықтыққа салып қоямыз. Осылайша дәнді, топырақ толтырылған жәшікке егіп, күн түсетін терезенің маңына қоямыз. Сәуір айының ортасына қарай шыққан көшетті бақшаға еге бастаймыз, – дейді Еңсебек ата.
Иә, «Ексең егін, ішерсің тегін» деген мақал осындайда еріксіз ойға оралады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» нақылын ұстанатын, тірлігі мен бірлігі үйлесімді, сыйластығы жарасқан мұндай отбасыларды көргенде көңіліңе қуаныш сезімі ұялайтыны жасырын емес.
Бүгінде екеуінен тараған бір ұл, үш қызы жоғары білімді, үйлі-жайлы жандар. Ұл-қыздарынан 13 немере, екі шөбере сүйіп отыр.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close