“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы – бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған негізгі бағыттардың бірі. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – билік пен халық арасындағы конструктивті диалог орнату, барынша ашық және есепті мемлекет қалыптастыру. Яғни, азаматтардың барлық өтініштеріне жедел әрі тиімді жауап беруге бағытталған. Ел Президентінің бұл тұжырымдамасы бүгінде көптеген мәселелерге қозғау салып, қалың елдің тарапынан қолдау тауып отыр.
Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Төреқұлов Керімхан Әуесбекұлымен де аталған тұжырымдаманың жүзеге асуы және ауыл әкімі аппаратының жұмысы туралы әңгімелескен едік.
-Керімхан Әуесбекұлы, ең алдымен ауылдың тыныс-тіршілігі, үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттары туралы айтып берсеңіз.
-Бауыржан Момышұлы ауылында 3064 үйде 14 800 тұрғын тұрады. Аудан орталығында үй саны тағы да артып келеді. Яғни, бүгінде ауыл шетіндегі “Көктөбе” алабында жаңадан соғылған үйлердің актілері қабылдануда. Алап үш жылға берілген болатын. Соңғы екі жылдың ішінде берілген 170 жер учаскесінің 62-інде тұрғын үй салынып, құжаттары заңдастырылып, дәл бүгінгі таңда 18-і бойынша қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Әлі де құрылыс жұмыстарын жүргізіп, аяқтап жатқандар бар. Жалпы тұрғындардың үй салу қарқыны жаман емес.
Ауылдың саяси ахуалы тұрақты. Түрлі ұлт өкілдері, ардагерлеріміз, жастар, кәсіпкерлер барлығы қоғамдық жұмыстарға атсалысып, өз саласы бойынша еңбек етуде.
Айына бір рет көмекке мұқтаж бір отбасына көмектесу де басты назарымызда.
Биыл ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен “Асарлатып үй салу” жобасымен аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған бір отбасының екі бөлмелі үйіне үш бөлме қосу, яғни құрылыс жұмыстары жүруде. Қазір шатыры жабылуда. Енді ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жасалып, жылу жүйесі жүргізілетін болады.
Үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстардың бір парасына тоқталсам, биыл “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасының аясында 136 млн теңгеге барлығы 18 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның сегізі негізгі көше, 10-ы кіші көшелер. Жол жөндеу жұмыстары барысында аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары мен мамандары, аудандық мәслихаттың депутаттары мен ардагерлер кеңесінің тарапынан тұрақты бақылау болуының арқасында мердігерлердің жұмысы біршама жүйеленді деп айтуға болады. Жалпы халықтың тарапынан да жолдың сапасы туралы оң пікірлер айтылуда.
Сонымен бірге төртінші бюджеттен түскен қаражат есебінен ауылдағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары асфальтталып, абаттандырылды.
Үш көшеге, атап айтқанда, Д.Пахомов, Қ.Иманбеков, В.Латикант көшелеріне науа қойылды. Аталған көше тұрғындары көктемгі, күзгі жауында көшеге науа аса қажет екенін айтып, өтініп жүрген болатын. Тұрғындардың өтініші биыл сәті түсіп қанағаттандырылды.
11 көшеге 122 бағанаға жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Қарасай арқылы өтетін А.Иманов көшесіне орта жөндеу мен жарықтандыру жұмыстарының жүргізілуі тұрғындарды қуантуда. Себебі, бұл сай, көше арқылы оқушылар мен тұрғындар мектепке көп барады.
Ал, қыс мезгілінде көше жолдарын күтіп ұстау, яғни 83 көше жалпы ұзындығы 53 шақырым жолды күтіп ұстау бойынша жеке кәсіпкермен 1 қаңтарға дейін келісімшарт жасалған. Уақыты келгенде келісімшарттың мерзімі ұзартылатын болады.
Тұрғындар жиі баратын орынның бірі – орталық базар. Сондықтан ондағы тазалық үнемі бақылауымызда. Кәсіпкерлермен жасалған келісімшарт бар. Одан бөлек, өзіміз де тазалық жұмыстарын жүргіземіз.
Базар маңындағы “қызыл сызықтан” асқан төрт кәсіпкерлік нысан иелерінің екеуімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, келісіммен біреуі “қызыл сызықтан” алынып, бүгінде кәсіпкер талапқа сай қайта құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Екіншісімен келісіп қойдық, жұмыс келер жылы ерте көктемде басталатын болады.
Қалған екеуімен де жұмыс жүргізілуде.
Сонымен бірге биыл “Жуалы” мешітінің жанындағы зиратты қоршау жұмыстары жүргізілді.
-Б.Момышұлы ауылы ауданның орталығы болған соң басқа ауылдық округтерге қарағанда мұнда мәселенің де көп болатыны анық. Дегенмен ауылдың тазалығы, көркі, келбеті абаттандырылуы туралы жиі айтылады. Бұл мәселелер туралы қандай жоспарларыңыз бар?
-Бірінші тазалық мәселесіне келсек, бұл жұмыспен айналысатын бүгінгі таңда 25-30 қоғамдық жұмысшы бар. Жаздыгүні 30-40 адам жұмыс істеген.
Ауылда 3100-дей аула болса, соның 1600-і қоқыс шығарушы кәсіпкермен келісімшартқа тұрған. Кәсіпкер екі жүк көлігімен кесте бойынша уақтылы көшелерді аралап, қоқыстарды уақтылы шығаруда. Бұл мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары белгіленбеген жерге қоқыс тастағаны үшін 36 тұрғынға ескерту жасап, бір азаматқа айыппұл салған.
Бүгінгі таңда ауылға 17 жерге бейнебақылау камерасы орнатылуда. Алдағы уақытта жұмысты жүйелеуде бұл камералардың да көмегі тиетін болады деп ойлаймын.
“Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде” демекші, әр тұрғын өзінің ауласын, көшесін, ауылын таза ұстауға мүдделі болса, ауылда тазалық орнайтын болады. Ауылын сүю, табиғатты аялау, экологиялық мәдениет баланың бойында отбасында қалыптасады. Сондықтан әр отбасы оған ерекше мән беруі қажет.
Аудан орталығында бес саябақ бар. Оларды күтіп ұстау жұмыстары жоспарымызда бар.
Келесі жылы ауылда сегіз көше жөнделеді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде, негізі көшелеріміз – Рысбек батыр, Жамбыл көшелері де бар. Қалған көшелерге жөндеу жұмыстары ауызсу, кәріз суы жүйелерінің құбырларын ауыстыру жұмыстарынан кейін жүргізіледі.
Сонымен бірге үш көшеге науа, жеті көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының орындалу барысы туралы айтып өтсеңіз.
-Ауыл әкімінің жұмысы жан-жақты, әралуан. Көп жұмыстың ішінен уақыт тауып аптасына үш күн үй аралау қағидасы бойынша үй аралап, тұрғындардың жағдайымен танысамыз.
Тұрғындарды қабылдау кестесі жасалған. Бірақ оған қарамастан күнделікті кез келген уақытта келген тұрғындарды қабылдап, өтініш-тілектерін заң аясында, өз құзіреттілігіміздің шегінде қанағаттандыруға тырысамыз, кейде кеңес, бағыт-бағдар береміз. Тұрғындар көбінде жеке мәселесімен, ұсынысымен келеді. Негізінен ауызсу, электр бағаналарының ескіруі, иесіз иттердің көбеюі, тал-дарақтардың тұрғын үйіне қауіп төндіруі, т.б мәселелермен қайырылады. Тұрғындардың өтініші мүмкіндігінше қанағаттандырылуда.
-Ауыл әкімі аппаратының алдағы жоспарлары қандай?
-Аппарат қызметкерлері тәжірибелі мамандар. Күшті негізінен маңызды, науқандық жұмыстарға саламыз. Ең маңыздысы тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандыру, дұрыс бағыт-бағдар беру. Жоспарланған мәселелердің сапалы орындалуына ықпал ету.
-Әңгімеңізге рақмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Сұхбаттасқан Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”