Basty bet

«Алтын жүрек» номинациясын иеленді

Өңірге белгілі азамат, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерғали Тілеубеков жуырда ел ордасы Астана қаласында өткен форумда қайырымдылық істері және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Алтын жүрек» номинациясымен марапатталды. Аталған сыйлықты ұлт жанашыры Д.Бердімұрат салтанатты жағдайда табыстады.
«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген даналық текке айтылмаса керек. Жуалы өңірінде бірнеше жылдан бері қайырымдылық бағыттағы бірқатар игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген Ерғали Тілеубеков халқымыздың ізгі қасиеті саналатын қайырымды істерді ертеректе бастаған азамат. Ерғали Өтемісұлының еңбек жолына аз-кем тоқталатын болсақ, оның өмір жолы ұстаздықпен тікелей байланысты. Өзінің туған ауылында мектепте қызмет атқарды. Тоқырау жылдары тұсында ол шаруашылық және кәсіпкерлік саласына ауысты. Кейіннен мемлекеттік қызметте тер төгіп, алғашқыда Қарасаз ауылдық округінің әкімі, 10 жылға жуық уақыт Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарған абыройлы азамат.
Ол 1997 жылы Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында құрылған «Көлтоған-Ырысы» ӨК-ның басқарма басшысы болған тұста ауылдағы көмекке мұқтаж жандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне және одан кейін «Прогресс» шаруа қожалығын басқарған тұста да бірқатар еңбек ардагерлеріне үш жыл бойы мал азықтарына қаржылай көмектер және ауылдағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға өз қаражаты есебінен көмек қолын созып, жәрдем берген.
Бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Міне, содан бері қайырымдылық бағыттағы жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Е.Тілеубеков аудан көлемінде жалпы 12 миллион теңгеден астам қаражатты тұрғындардың мұқтаж топтарына жұмсағанын айтады. Бұл – үлгі боларлық әрі сауапты іс.
-Қайырымдылық – халқымыздың ізгі қасиеттерінің бірі саналады. Бұл дегеніміз – қолыңдағы барды басқалармен бөлісу деген сөз. Менің осы бағытта жұмыс істеп келе жатқаныма көп жыл болды. Мұқтаж топтарға көмек көрсету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ол үшін адамның бойында адамға деген мейірім болуы тиіс. Қайырымды жандар басқаларға жасаған жақсылықтары үшін ешкімнен алғыс немесе атақ, құрмет пен марапат дәметпейді. «Бір қолыңмен жасаған жақсылығыңды екінші қолың көрмесін» деген ұғым бар. Жылдар бойы жасалған қайырымдылық отбасыма жақсылық болып қайтуда,- дейді қайырымды азамат Ерғали Тілеубеков.
Ел өңірлерінде жылдан-жылға қолы ашық, жүрегі мейірбан «Атымтай жомарт» жандар қатарының көбейіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Олар өз қалталарынан мыңдаған, миллиондаған қаржыларын жұмсап, кейбірі жетім балаларды қамқорлыққа алып, ал кейбірі Алланың разылығы үшін мешіттер салуда. Осындай қайырымдылық Қазақстан қоғамы дамуындағы жақсы нышандарды танытады.
Сайып келгенде, осындай ізгі амалдар мен игі істер елімізді өркендетуге, мемлекетімізді нығайтып көркейтуге септігін тигізері анық.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close