Basty bet

«Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасы

Аудан әкімдігінің кіші залында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның қатысуымен жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің аппарат басшысы және орынбасары, бөлім басшылары, аудандық прокуратураның қызметкерлері және инвесторлар қатысты.
Жиынның мақсаты – «Прокуролық сүзгі» жобасы аясында шешімдердің заңдылығына баға беру. Мамандар инвестициялық жобаларға қолдау көрсету арқылы экономиканың дамуын ілгерілетеміз деген пікірде. Прокурорлар бұдан былай инвестициялық жобалардың іске асуын тікелей қадағалайды. «Прокурорлық сүзгі» жобасы арқылы инвесторларды негізсіз айыппұлдан қорғауға мүмкіндік бермек.
Жиналысты аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз аудан прокуроры Ілияс Тойшыбековке берілді. Жиында аудан прокуроры Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Бас прокуратура іске асыратын «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жаңа жобамен таныстырды. Ол жергілікті атқарушы органдарымен, сондай-ақ бизнес-қауымдастығы өкілдерімен кездесуде инвесторларға қатысты тыйым салу және шектеу шараларын прокуратурамен келісу мәселелері бойынша жаңа өзгерістерді түсіндіріп, инвесторларда туындайтын проблемалық мәселелер мен олардың шешу жолдарын талқылады.
Бұл жобаның мақсаты – инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу тетігін жетілдіру және инвесторлар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзудың алдын алудың тиімді құралдарын енгізу.
Сөз кезегін алған «Алель Агро» акционерлік қоғамының заңгері Дидар Сағынов 130 га мемлекет тарапынан берілетін жер теліміне құс фабрикасын салатынын айтып өтті. Бұл жобаның құны 5,2 млрд теңге. Құс фабрикасының құрылысы 2024-2026 жылдар аралығында жүргізіледі. «Қазіргі таңда жер телімі дайын, бір-екі айдың көлемінде құрылысты бастаймыз. Біз құс фабрикасын Байзақ ауданындағы Көктал ауылынан да ашқанбыз. Ендігі жерде құс фабрикасын Жамбыл және Жуалы аудандарынан салуды көздеудеміз. Бұл аудандарда жер телімі дайын,-деді «Алель Агро» акционерлік қоғамның заңгері Дидар Сағынов.
Әрі қарай сөз кезегін жиынға келген инвесторлар алды. Олар өздерінің көкейінде жүрген мәселелерімен бөлісті.
Жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытындылады.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close