Basty bet

Алғыстан артық баға жоқ!

«Кәсібіңе мен сенің басымды ием. Басымды ием, несіне арланайын» деп жырлаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дәрігерлер жайлы. Шынымен де дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі мол, атқаратын жұмыстары ауқымды. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан ақ халатты абзал жандар қаншама?!
Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Медицинаның атасы Гиппократ: «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу – ол да бір өнер!
Сондай мейірімді жанның бірі аудандық емхананың №18 учаскелік-аймақтың жалпы тәжірибелі дәрігері Лаура Ержанова.
Ол 1989 жылы Түркістан облысы Созақ ауданының Таукент ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті 2006 жылы аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы медициналық университетке оқуға түседі. 2013 жылы аудандық орталық ауруханаға жас маман болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бері 12 жылдай уақыт өтіп, сол кездегі жас маман қазіргі таңда тәжірибелі дәрігерге айналды.
– Дәрігерлік мамандықты Алланың маған берген сыйы деп білемін. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлікті таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайды қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Мамандықтың жаманы болмайды. Алайда сан түрлі мамандық ішінен дәрігер маманы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәрігер болғысы келетін адамға ең алдымен адамгершілік, содан кейін әрине жауапкершілік – қасиет қажет.
Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керегі, ақ халатты кір шалдырмау керегі де бекер айтылмайды. Біздің қызмет осы – халыққа адал қызмет көрсету,- дейді Лаура Берікқызы.
Мамандығына жандүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген ат қасиетті ұғым болып саналған. Дәрігерлік мамандық – бұл ерлік. Ол өзіне жанашыр, ниеттің адал болуды талап етеді. Дәрігер ой-санасы анық, пиғылы, мінез-құлқы таза және мұнтаздай болуы керек. Бұл қасиеттер біз әңгімелеп отырған жанның бойынан табылады.
-Еңбек жолымды өзімнің туған жерімнен бастағым келді. Бірақ Бауыржан Момышұлы ауылының азаматына тұрмысқа шығып, алғашқы жұмысты осында бастадым. Содан бері міне 13 жылдың жүзі болыпты. Менің учаскеме 2000-ға жуық тұрғын қарайды. Одан бөлек, Қошқарата ауылының да тұрғындарына да қызмет көрсетеміз. Жанымда екі тәжірибелі мейірбике жұмыс істейді. Олар Айгүл Акшекеева мен Аида Тілембай.
Шындықты жақсы көремін. Себебі шындық ащы болғанымен алға бастайды. Сол себепті әрбір істе адал болуға тырысамын. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Біздің басты міндетіміз – аурудың алдын алу, науқастың диагнозын дөп тауып, уақытында ем-шара қолдану. Халықты дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру.
Бақыт деген – көптің алғысы. Ал алғыс адамды алға жетелейді. Қоғамдағы дәрігер статусын көтерсем. Дәрігер мамандығы – ол шексіз білім ордасы. Менің әлі де үйренерім көп. Өйткені дәрігер үнемі ізденіс үстінде жүру керек. Біздің білгенімізден білмегеніміз көп.
Болашақта тәжірибемді шыңдасам, білімімді арттырсам деймін,- дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Лаура Ержанова.
Иә, дәрігер болуды арман ететіндер көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат.
Мамандықтың бəрі жақсы, бірақ дəрігерліктің орны бөлек. Бұл əрі күрделі, əрі қастерлі мамандық. Дəрігер өзін мамандығына лайықты ұстаса, оған құрмет пен халықтың ықылас-сенімі арта бермек.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close