Basty bet

Ауыл тұрғындарына құқықтық тұрғыдан кеңес берIлдI

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет»,- деп атап өткені белгілі.
Президент Жолдауынан туындайтын міндеттердің және таяу болашаққа қойылып отырған межелердің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Ал Жолдауда осындай күрделі кезеңде халыққа құқықтық тұрғыдан кеңес беру, олармен түрлі мәселелерге байланысты түсіндірме жұмыстарын көбірек жүргізуді де Президент міндеттеп отыр.
Әлбетте, бес саусақтың бірдей еместігі сияқты, тұрғындар арасында заңды құқықтарын және міндеттерін, сонымен қоса жылжымайтын мүлікке қатысты, оны дұрыс рәсімдеуге байланысты сұрақтардың күнделікті туындап жататынын ескерсек, ел арасында тиісті орган басшылары мен қызметкерлерінің тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуі өте құптарлық дүние.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған кейбір мәселелерге және жергілікті тұрғындарға түрлі құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізу және Әділет органдарының негізгі бағыттарындағы жаңашылдықтарды түсіндіру мақсатында апта ортасында Жуалы ауданына Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов жұмыс сапарымен келіп, құқықтық жиын өткізді.
Ауданға қарасты барлық ауылдық округ тұрғындары өкілдерінің басын қосқан маңызды басқосу Нұрлыкент ауылындағы мәдениет үйінде өткізілді. Жиынға аудандық заң консультациясының меңгерушісі Оразбай Шуақбаев, Жамбыл облыстық нотариалдық палатасының нотариусы Айгүл Жексенова, мемлекеттік сот орындаушы Серікқали Қапсаланов және жеке сот орындаушы Айдар Зәуірбеков, сонымен қатар ауылдық округтердің де әкімдері шақырылды.
Құқықтық жиынды аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасовқа берілді.
-Қайырлы күн, құрметті жиынға қатысушылар!
Мен Сіздерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген негізгі бағыт-бағдарлар және әділет органдарында болып жатқан жаңашылдықтар туралы баяндағанды жөн көріп отырмын.
Жолдауда белгіленген жаңа мақсаттар негізінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған. Мұндағы басты назар елдегі тұрақты экономикалық өсімге бағытталып отыр. Осы мақсатта орта бизнесті дамыту, берік индустриялық негіз құру, экспортты ынталандыру, макроэкономикалық саясатты қайта жүктеу және т.б. маңызды міндеттер қарастырылған.
Жолдауда Президент қазақстандық балалар үшін бірнеше бағыттар әзірленетін айтты. Сонымен қатар, жылдың басты құжатында су және энергия үнемдейтін технологиялар саласында және жаңартылатын энергия жобаларын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру жауапты ведостволарға қатаң тапсырылып отыр.
«Біз болашағымызға батылдықпен қараймыз, ысырапшылдыққа, табиғи ресурстарды ұқыпсыз тұтынуға орын жоқ, оны балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз үшін сақтауымыз керек» делінген Президенттің Жолдауында.
Жаңа Жолдаудың кейбір тұстарына ғана қысқаша тоқталатын болсам, ең бастысы, Президент атап өткендей: «Бізде болашақтың айқын бейнесі бар: біз Әділ Қазақстан – тең мүмкіндіктер және прогрестер елін құрып жатырмыз».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы жаңа Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттың бірі – әділет органдарының функцияларының бірі зияткерлік меншікті қорғау бағыты болып табылады.
Жолдауда тапсырылғандай, алдағы уақытта ел өңірлерінде дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни кретивті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында ашылатындығы сөзсіз. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілетін болады.
Ендігі кезекте Әділет департаментінің басқа да қызмет бағыттарына тоқталып өтсем деймін. Бұларға негізінен коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, құжаттарға апостиль қою, сот актілерін орындау, нотариат салаларында мемлекеттік қызмет көрсету, құқықтық насихатты жүргізу, нотариустардың, адвокаттардың, жеке сот орындаушылардың, заң кеңесшілердің қызметтеріне әдістемелік сүйемелдеуді жүргізу, зияткерлік меншікті қорғау, келесі қызметтерге әдістемелік сүйемелдеу және профилактикалық бақылау жүргізу, сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды тіркеу салаларында мемлекеттік қызметтерін көрсету және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша қызметтер жатады.
Ендігі кезекте Президенттің мемлекеттік аппарат қызметін бюрократияландырудан арылту жөніндегі Жарлығын іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы орган мен жергілікті өкілді органдардың нормативтік-құқықтық актілерін тіркеу функциясы Департаменттерге берілді. Осыған байланысты, Әділет департаменті жергілікті мемлекеттік органдардың қабылданатын нормативтік-құқықтық актілердің заңдылығын сақтауына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге әкеп соғатын нормативтік-құқықтық актілерді тіркеуге жол бермеу мәселесіне сапалы мониторинг жүргізуде.
2023 жылдан бастап елімізде нотариат және адвокатура саласында бірқатар жаңашылдықтар енгізіліп отырғанын да баса айтқым келеді. Оларды атап айтар болсақ, нотариат саласында 2022 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен (Павлодар, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында) нотариустармен сенімхаттарды онлайн куәландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Аталған пилоттық жоба оң нәтижесін беріп, қазіргі уақытта жоғарыда аталған жоба толығымен республика бойынша іске қосылды. Осыған байланысты қазақстандықтар сенімхаттарды электронды түрде рәсімдеуге мүмкіндік алып отыр.
Қазақстан нотариаттық іс-қимылдың осы түрін цифрлық форматқа ауыстырған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бүгінгі таңда сенімхаттың нотариалды куәландыруы тек Франция мен Литвада ғана онлайн режимінде қолжетімді.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің цифрлық бастамалары шеңберінде әділет, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп іске асырылып отырғанын да атап өткенді жөн көріп отырмын,- деді Нұрғали Есіркепұлы.
Департамент басшысының нақты ақпаратына сәйкес қосымша айта кететін болсақ, егер бұрын сенімхатты ресімдеу үшін құжатқа қол қою және нотариус куәландыру үшін клиенттің жеке қатысуы талап етілсе, енді нотариаттық сенімхат азаматтарға eGov Mobile арқылы қолжетімді болады, ал болашақта ол бірқатар банктік қосымшаларда да пайда болады. «Цифрлық сенімхат» деп аталатын онлайн режимде клиенттің нотариуспен бейне байланысы арқылы рәсімделеді.
Бұл қызметті кез келген нотариус өтініш берген сәтте еркін көрсете алады. Цифрлық сенімхатты барлық мемлекеттік органдарда немесе талап ету орны бойынша қағаз аналогымен теңестіруге болады. Бұл ретте, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында eGov Mobile қосымшасында авторизациялау кезінде де, өтінімге қол қою кезінде де пайдаланушының биометриялық деректерін қолдана отырып ЭЦҚ пайдаланылады.
Тағы бір айта кететін жаңашылдықтың бірі – 2023 жылдың маусым айында Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп eGov Mobile қосымшасына «Нотариаттық онлайн консультация» сервисін енгізді. Бұл сервис білікті заңгерлік көмекке мұқтаж адамдар үшін тиімді құралдың бірі болып отыр.
Онлайн кеңес беру арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке байланысты құқықтық сұрақтарға жауап ала алады. Нотариустар нотариат саласы бойынша кез келген сұрақтарға жауап береді. Бұл уақытты үнемдеуге және уақытылы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты – нотариаттық қызмет көрсетудің ыңғайлылығын, жеделдігі мен тиімділігін арттыру.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары сенімхаттарды куәландыру, өсиеттерді куәландыру, құжаттар көшірмелерін, өтініштерге қойылған қолдың түпнұсқалығын куәландыру қызметтерін ауылдық окруі әкімі аппараттарының мамандарына жүгіну арқылы алуға болады. Бұл қызмет түрі көмек алушы азаматтардың уақыты мен материалдық шығындарын үнемдейді.
Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов бұдан кейін адвокатура және заң консультанттары салаларындағы және нотариаттық және адвокаттық қызмет бағытында мемлекеттік көрсетілетін қызмет салалары бойынша, сонымен қатар, жаңашылықтың бірі – азаматтық хал актілерін тіркеу, заң көмегін көрсету саласындағы бірқатар жаңашылдықтарды атап өтіп, оларға түсінікті тілмен түсінік берді.
Департамент басшысы Н.Андасовтың айтуынша, ҚР Әділет министрінің 2023 жылдың 2 маусымдағы №361 бұйрығымен Адвокат, заң консультанты көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеудің және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай- ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Алдыңғы кезеңде адвокаттар мен заң консультанттарының мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуі бойынша ақы минутпен есептеліп төленген болса, енгізілген өзгерістерге сәйкес, ендігі кезеңде адвокаттар мен заң консультанттарының ақысы сағаттық жүйеде есептелетін болады.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтық хал актілерін тіркеу органы болып табылады. Яғни, барлық азаматтық хал актілеріне қатысты қызметтер азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. Әділет органдары аталған бағытта методикалық көмек көрсету және бақылау функцияларын ғана жүзеге асырады.
Сондай-ақ, Әділет департаментімен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін сапалы және уақтылы басты назарда.
Азаматтардың өтініштерінің көпшілігі нотариустардың атқарушы жазбасын, сондай-ақ мұрагерлік құқығымен байланысты өтініштерді жасаумен, жасаудан бас тартумен және жоюмен байланысты. Осыған байланысты халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
-Әділет департаментінің 2023 жылға арналған басым міндеттеріне тоқталатын болсам, алдымызда Әділет министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізу, бюджеттік бағдарламалардың тікелей түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізе отырып, бюджет қаражатын уақтылы, тиімді және толық игеру, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметті дер кезінде және сапалы көрсету және құқықтық жұмысты халық арысында ұлғайту сияқты қадау-қадау міндеттер тұр.
Сөзімді қорыта келе жиын қатысушыларына айтарым, әділет органдарының бағыттары бойынша халыққа барлық құқықтық сұрақтар бойынша тегін кеңес беру және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының ережелерін түсіндіру үшін құрылған Әділет министрлігінің «119» құқықтық ақпараттық қызметі жұмыс жасайды. Осы байланыс номіріне хабарласу арқылы туындаған сұрақтарға жауап алуға болады.
Президеттің халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауына байланысты барлығымызды алда үлкен және жауапты жұмыстар күтіп тұр, Осы орайда Әділет департаментіның алдына қойылған негізгі міндеттер ойдағыдай орындалады деп сенемін,- деді Нұрғали Андасов.
Тұрғындарға құқықтық тұрғыдан кеңес беру жиынында қатысушылардың тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, оларға нотариус Айгүл Жексенова, адвокат Оразбай Шуақбаев және мемлекеттік сот орындаушы Серікқали Қапсаланов жан-жақты жауап берді.
Айта кету қажет, жиында ауылдық округтердің әкімдері, атап айтқанда, ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округінің әкімі К.Хайралапов, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы, сонымен қатар Нұрлыкент, Мыңбұлақ және Қызыларық ауылдық округтерінің әкімдері тұрғындардың жылжымайтын мүліктерді рәсімдеуге, т.б. сұрақтарын жолдап, оларға тыңғылықты жауаптар алды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close