Кеше аудандық мәдениет үйінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына орай«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» атты педагогтердің тамыз кеңесін өңірлерде өткізу туралы хатына сәйкес «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында аудандық тамыз кеңесі өтті.
Тамыз кеңесінің мақсаты – педагогикалық мамандықтың мәртебесі мен беделін көтеру, «7-ауданымыздағы мақсатты мектептерді дамыту» жобасы аясында мектеп басшылары мен педагогтердің кәсіби қызметінің стратегиялық бағыттарын анықтау, жаңа 2024-2025 оқу жылында орын алатын өзгерістермен таныстыру.
Мәдениет үйінің алаңында жасанды интеллектіні, цифрлық білім беру ресурстарын, зертханалық жұмыстар мен адами ресурстарды жұмыс барысында үздіксіз пайдаланатын №1 Ш.Мұртаза, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия мен №15 Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицей және №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің көрме жұмыстары көпшіліктің назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған аудан басшылығы мен облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзұмбеков көрме жұмысымен танысты.
Тамыз кеңесі ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаевтың бейне құттықтауымен басталды.
«Цифрландыру жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету – басты мақсат» тақырыбында Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бахыт Рахымжанқызы баяндама жасады.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы жиынның алғы сөзін сөйлеп, педагогтар қауымын алдағы Білім күнімен және жаңа оқу жылымен құттықтады.
-Білім – тамыры терең, танымы мол ерекше ұғым.
Өздеріңізге белгілі, биыл бірінші рет педагогтардың республикалық дәстүрлі тамыз конференциясы халықаралық қонақтар – білім берудегі сарапшылардың қатысуымен Саммит форматында өтті.
Биылғы тамыз кеңесі «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында оқу үдерісін цифрландыруға және әлемдік тәжірибені ескере отырып, сабақ беру процесіне жасанды интеллектті енгізу ерекшеліктеріне арналып отыр.
Бұл – білім берудің жаңа өлшемі, білім беруді цифрландыру жағдайында бірыңғай қолжетімді ортаны дамыту тетіктерін енгізу және қолдану, ақпараттық білім беру ресурстарының, ақпараттық технологиялардың базасын қалыптастыруды жалғастыру және оларға білім беру процесінің барлық қатысушыларының қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында елдегі білім сапасына тоқталып өтеді. Мемлекет басшысы Жолдауының бірінде: “Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады»,- деп атап көрсетті.
Бүгінде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа инновациялық бағытта жұмыс жасайтын білім мекемелерінің саны артуда.
Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясына жапсарлас акт зал және қосымша еңбек кабинеттері соғылды.
Ә.Бөкейхан №15 тірек мектеп-лицейінің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылып, аудандағы 3 шағын жинақталған магниттік мектеп оқушыларының тірек мектеп-лицейдің базасында сапалы білім алуына мүмкіндік берілді.
Түктібай ауылындағы қолданыстағы мектеп ғимараты қайта жаңғыртылып, 150 орындық оқу кабинеттерінің, спорт залының, асхананың қосымша құрылысы салынуда.
Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Әрине, мұның барлығы ауылдағы мектеп оқушыларының сапалы білім алуына жасалып жатқан мүмкіндік және қамқорлық.
Құрметті ұстаздар!
Мемлекет басшысы биылғы жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» – деді.
Келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, елі мен жерін сүйетін, ұлтқа қызмет ететін адал азамат ретінде қалыптастыру – баршамызға жүктелген ортақ үлкен міндет.
Мұғалім білімін көтермей, кәсіби шеберлігін шыңдамай, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берем деу қазіргі заман талабына сай келмейді.
Балаларды біліммен сусындатып, тәрбие беруде шығармашылықпен еңбек етіп, шәкірттері тиянақты білімдерін көрсетіп жүрген ұстаздарға алғысымды айтқым келеді.
Игілікті істеріңізде әрқашан асқақ абырой мен жоғары мәртебе тілеймін!- деді Жалғас Әлижанұлы.
«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Сабенұлы «Адами капиталды дамытудың негізі – ұстаз мәртебесі» тақырыбы бойынша өз ой-пікірімен бөлісті.
-Қай қоғамда болсын мұғалімнің мәртебелі міндеті – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Демек, мұғалімнің білімін, рухани деңгейін көтермей елдің рухани деңгейі көтерілмейді.
Елімізде “Мұғалім мәртебесі” туралы заң қабылданды. Заң аясында мұғалімнің материалдық жағдайы жақсарды. Бірақ мұнымын мәселе бітпейді. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі биік болуы үшін мұғалім іс-әрекеті, білімі мен ішкі мәдениеті өзгелерге үлгі болуы керек.
Кәсіподаққа жыл сайын қаншама педагогтар түрлі мәселелермен келеді. Өкініштісі, соның басым бөлігі қаржы мәселесін даулап келеді. …Бұл да ойланарлық мәселе,- дей келіп Ерұлан Сәбенұлы білім саласындағы бірнеше ортақ мәселелер туралы пікірін жеткізді.
Сонымен қатар республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы №30 Көктөбе орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Айшат Қалдасбекова оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятуда жасанды интеллектті пайдалану туралы өз тәжірибесімен бөлісті.
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі, 2023-2024 оқу жылының “Алтын белгі” төсбелгісінің иегері Әнел Затыбек те ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, алғыс сезімін білдірді.
Кезек марапаттау рәсіміне берілді. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданымыздың ұлағатты ұстаздары, яғни бес педагог-шебер санатындағы мұғалімді ҚР Оқу-ағарту Министрлігі тарапынан берілген «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттады. Олардың қатарында №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның математика пәнінің мұғалімі Гүлнар Баймамырова, Гүлнар Сұлташева, бастауыш сынып мұғалімі Мейрамкүл Өтегенова, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Жанар Қаңтарбаева, №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бұлбұл Қасқарбаева бар.
Жалғас Әлижанұлы бір топ мұғалімдерді облыс әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғысхаттарыменде марапаттады.
Озат педагогтарды «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Сабенұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, “АМАNАТ” партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, білім бөлімінің басшысы Бақыт Рақымжанқызы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәжит Айжанов түрлі дәрежедегі марапаттармен марапаттады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің мектепалды даярлық сынып педагогы Бағлан Сәрсенбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбария Тұрыстаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Перизат Жанысбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғысхатымен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Әлия Тоғайбаева марапатталады.
Тамыз кеңесінің соңынан жас мұғалімдер қауымының орындауында жергілікті ақын Дәулетжан Байдалиевтің сөзіне жазылған білім беру саласының Гимнінің тұсауы кесілді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»