Basty bet
Шығармашылықты шыңдаған шара
Оқушылардың шығармашылық қабілетін және эстетикалық талғамын дамыту, балаларды ұйымшылдыққа, өнер мен әсемдікке баулу мақсатында Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінде 5-10 сыныптар арасында дәстүрлі «Күзгі бал – 2025» іс-шарасы ұйымдастырылды.
“Күзгі бал” мерекесінде мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілер мен ата-аналар комитетінің мүшелері және жоғары сынып оқушылары белсенділік танытты.
Шара барысында әр сынып өздерінің дайындаған шығармашылық бағдарламаларын, сәнді күзгі киім үлгілерін, безендірілген композицияларын және өнерлерін көрсетті. Шараға барлық оқушылар ерекше дайындықпен келіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
Байқау төрт, яғни, “Таныстыру”, «Күзгі өнер», «Күзгі сән» және «Күзгі дастарқан» кезеңдерінен тұрды.
Байқауға мектеп директорының құқық, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Қаракөз Қырғызбаева мен Абзал Абенова, аға тәлімгер, тіл маманы Эльмира Сүйінбаева, ұйымдастырушы педагог Манзура Ибрагимова және директордың ғылыми әдістемелік орынбасары Қалампыр Сапаева қазылық етті.
Байқауда балалар арасында көңілді ойындар ұйымдастырылып, шараны қызықтыра түсті. Ойында белсенділік танытқан жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды. Мерекелік кеш көрермендердің көңілінен шығып, оқушылар арасындағы достық пен ауызбіршіліктің нығаюына септігін тигізгені анық.
Әсерлі әрі тартысты өткен байқаудың нәтижесінде, 5-7 сыныптар арасында байқаудың Бас жүлдесі 7 «А» сыныбына бұйырды. Ал, жүлделі I орынды 6 «А» сыныбы, ал, II орынды 5 «Ә» сыныбы иеленді. Жүлделі III орыннан 5 «Ә» сыныбы көрінді. Ал, 8-11 сыныптар арасында байқаудың Бас жүлдесін 9 «А» сыныбы жеңіп алса, I орынды – 8 «А» сыныбы, II орынды 10 «А» сыныбы және III орынды 10 «Ә» сыныбы иеленді.
«Күзгі бал-2025» мерекесі оқушылардың бойындағы шығармашылық әлеуетін ашып, олардың мектеп өміріне деген қызығушылығын арттырған әсерлі де тәрбиелік мәні зор іс-шара болды.
Әйгерім САУРАНБЕК,
ұйымдастырушы педагог