Basty bet

Әрбір тұрғынның өтініші маңызды

«Amanat» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен апта ортасында «Достық» мәдениет үйінің кіші залында қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
Қабылдауға аудан тұрғындары белсенді қатысып, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер мәселелері, жұмыспен қамту және басқа да маңызды сұрақтар бойынша өз өтініштерін жеткізді. Әрбір азаматтың мәселесі мұқият тыңдалып, оларға заң аясында түсіндірмелер берілді.
Қоғамдық қабылдауға «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек, «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және жауапты сала мамандары мен жергілікті атқарушы органның өкілдері қатысып, көтерілген мәселелердің бірқатары сол жерде шешімін тапты. Ал, қосымша қарауды қажет ететін өтініштер тиісті мекемелерге жолданып, бақылауға алынды.
Қоғамдық қабылдау барысында «Қарыссыз қоғам» жобасының үйлестірушісі Алтынай Молдашева сөз сөйлеп, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – қоғамдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ашықтық мәдениетін қалыптастыру.
Алтынай Молдашева өз сөзінде, тұрғындармен кері байланысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. «Біз үшін әрбір азаматтың пікірі құнды. Қоғамдық қабылдаулар – халықтың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның нақты шешу жолдарын бірге қарастыратын тиімді алаң» деп атап өтті.
Сонымен қатар, жоба аясында өткізілетін түсіндіру жұмыстары, семинарлар мен кездесулердің нәтижесінде тұрғындардың белсенділігі артып келе жатқаны айтылды. Үйлестіруші азаматтарды кез келген заңсыз әрекеттерге бей-жай қарамай, оны тиісті органдарға хабарлауға шақырды.
Қоғамдық қабылдау әрі қарай Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда да ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, сала мамандарына сұрақтарын қойды. Мамандар әрбір тұрғынның өтінішіне мұқият қарап, оларға нақты жауап беруге тырысты.
Мұндай қабылдаулар тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Аудан тұрғындары алдағы уақытта да осындай кездесулердің жиі өткізілуіне және өзекті мәселелердің оң шешім табатынына сенім білдірді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close