Basty bet

Жазғы демалыстың жарқын сәті

Жаз – мектеп оқушылары үшін асыға күтетін ең көңілді әрі жарқын мезгіл. Жылы күндер мен шат-шадыман достар ортасы осы мезгілдің сәнін келтіреді. Биылғы жазғы демалыс мен үшін ерекше әсерлі басталды. Себебі, мен Б.Момышұлы ауылындағы Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда ұйымдастырылған «BALA’FUN» жазғы лагеріне қатысудамын. Мұнда әр күніміз көтеріңкі көңіл күймен басталады. Таңертеңгі сергіту жаттығулары бізге күш-қуат беріп, жаңа күнге жаңа серпін сыйлайды.
Лагерь жетекшілері мен ұстаздары уақытты тиімді әрі қызықты өткізу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Біз интеллектуалдық ойындар мен логикалық тапсырмаларға қатысып, білімімізді де шыңдаймыз. Ал, спорттық жарыстар мен эстафеталарда бақ сынап, шапшаңдығымыз бен ептілігімізді арттырудамыз. Сонымен қатар, шығармашылық сағаттарда сурет салып, түрлі қолөнер жұмыстарын жасап, өз қабілеттерімізді дамытамыз.
Әсіресе ән айтып, би билеу кештері, топтық ойындар мен достық сайыстар бізге ерекше әсер қалдыруда. Осындай шаралардың арқасында жаңа достар тауып, бір-бірімізді қолдауды және ұйымшыл болуды үйреніп келеміз.
Жетекшілеріміз әрдайым жанымыздан табылып, қамқорлық көрсетеді. Олардың еңбегі мен мейірімінің арқасында лагерьдегі әр күніміз қызықты әрі есте қаларлықтай өтуде. Мектеп әкімшілігі мен ұйымдастырушыларға балаларға қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдіреміз.
«BALA’FUN» лагері бізге тек жақсы демалыс емес, жаңа білім, көтеріңкі көңіл күй және ұмытылмас естеліктер сыйлауда. Бұл жазғы демалыс менің есімде бақытты кезең ретінде сақталатыны сөзсіз…

Айерке Берік,
Ш.Мұртаза атындағы
№1 мектеп-гимназияның
6 “А” сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close