Basty bet
Конституция құндылығы – жауапкершілік негізі
1 қыркүйек – Білім күні. Бұл – жаңа оқу жылының басталуын айшықтайтын, білімге, жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамаларға жол ашатын ерекше мереке. Жазғы демалысты артқа тастап, білім ошағының есігі айқара ашылып, мектептің ауласы балғын күлкі мен қуанышқа бөленетін бұл күнді білім алушылар да, ұстаздар мен ата-аналар да асыға күтеді. Дәл осындай мерекелік көңіл күй №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ауласында да ерекше сезілді.
Биыл Білім күніне орай мектепте ұйымдастырылған салтанатты жиын «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» тақырыбы аясында өрбіді. Аталған тақырып өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын айқындай түсті.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, өзбек этно-мәдени орталығының мүшесі, Жуалы ауданының «Құрметті азаматы» Шәкіржан Мамаджанов және білім бөлімінің әдіскері Роза Керімбаева арнайы қатысты.
Салтанатты жиында ең бірінші мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1-сынып оқушыларын ортаға қошеметпен шақырды. Қолдарына түрлі түсті шарлар ұстаған бүлдіршіндер мерекенің басты сәніне айналып, алғашқы қоңырау үніне деген толқыныстарын қуанышпен бөлісті.
Одан кейін мектептің үздік оқушылары Аружан Әбен мен Мұхамедәлі Асқар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтерді. Еліміздің көк байрағы көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран шырқалды.
Мерекелік шарада аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі ерекше құрметпен еске алынып, қайраткердің мектептің ауласындағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры Жанболат Орынбекке берілді. Мектеп директоры өткен оқу жылындағы білім мекемесің жетістіктеріне тоқталып, мектепте биыл 773 оқушы білім алатынын жеткізді. Оның ішінде, 54 оқушы – 1-сыныпта, ал, 77 оқушы – 11-сыныпта білім алады. Директордың айтуынша, мектеп аудан көлеміндегі білім сапасының рейтингтік көрсеткіші бойынша ІІ орында тұр. Өткен оқу жылын мектеп ұжымы табысты аяқтап, білім алушылардың жетістіктері еселенген. Мектеп түлектерінің арасынан «Алтын белгі» иегерлері мен үздік үлгідегі аттестат иеленген оқушылар шықты. Сонымен қатар, “Қазақстан халқы” қоғамдық қорының қолдауымен мектепте үш кабинет, атап айтқанда, физика, химия және биология пәнінің кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаңа оқу жылында оқушылар мен мұғалімдер жаңартылған кабинеттердің игілігін көріп, сапалы білім алуға қажетті мүмкіндіктерге ие болмақ.
Мерекелік шараның көркін оқушы Әділет Жұмат одан әрі қыздыра түсті. Ол көпшілікке «Мен мектепке барамын!» әнін орындап, өзінің әсем өнерімен жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұдан кейін құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызына жаңа оқу жылының басталуымен мектептің ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, оқушыларға жаңа оқу жылында толағай табыстар мен биік белестер тіледі.
Салтанатты жиынның ең толқынысты сәттерінің бірі – мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған 1-сынып оқушыларының алғашқы әсерлерін өлең жолдарымен жеткізуі болды. Ал, мектептің 11-сыныптағы үздік оқушылары Жанерке Әділбек пен Нұрайлым Керімхан бүлдіршіндерге ақжолтай тілектерін арнап, білім жолында талапты да тәрбиелі болуға шақырды. Мектеп түлектері кішкентай достарына «Заң және тәртіп» қағидатын құрметтеудің, қоршаған ортаны қорғаудың, туған жердің табиғатына жанашырлықпен қараудың маңызын айтып, ізгі тілектерін білдірді. Олар білім әлеміне алғашқы қадам басқан бүлдіршіндерге «Әліппе» кітабын және Білім елінің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар, жиында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Хабдуллаева мектептің ішкі тәртіп ережелері бойынша хабарлама жасап, оқушыларды мектеп талаптарын сақтауға шақырды. Сонымен қатар, Конституцияда айқындалған құндылықтарды құрметтеу, елге адал қызмет ету, табиғатты аялау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау сынды маңызды ұстанымдарға тоқталды.
Салтанатты жиынның шарықтау шегі – дәстүрлі алғашқы қоңырау үнімен жалғасты. 11 және 1 сынып оқушылары бірге қоңырау соғып, жаңа оқу жылына жол ашты. Сыңғырлаған қоңырау үні – бірі үшін мектеппен қоштасар шақтың басталғанын білдірсе, енді бірі үшін білім әлеміне жасалған алғашқы қадамның белгісі болғаны анық.