«Жуалының түкпірінде ауыл бар,
Ей, бұлттар, сонда барып жауыңдар.
Сол ауылда қыдыр дарып бақ қонған
Ағайын бар,
Ауылдас бар,
Бауыр бар.
Сол ауылға аспан нұрын төгеді,
Ертелі-кеш тау самалы өбеді.
Ауылымды танытам деп әлемге,
Жер бетінде бір ұланың келеді» деп талантты ақын, журналист, әнші, сазгер Бауыржан Үсенов туған ауылы Қошқаратаны жырлаған еді. Ақынның 65 жылдық мерейтойына орай туған ауылы Қошқаратаның төрінде «Жапыраққа жазылған жыр» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырған «Ауылым – алтын бесігім!» фестивалінің аясында өткен шарада Қошқарата және Боралдай ауылдық округтерінің өнерпаздары өнер көрсетті.
Шараға аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев, облыстық Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының Тарихтану бөлімінің басшысы Асылжан Дулати, Қошқарата және Боралдай ауылдық округінің әкімдері Мейіржан Телеушов пен Бауыржан Абдалиев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев, Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, Боралдай және Қошқарата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағалары Мақсатбек Байболов пен Әділхан Үркімбаев қатысты.
Фестивальда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қос ауылдық округтің келіндері ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, қонақтарға дәм татқызды.
Сонымен бірге, кеш қонақтарына ақынның фотосуреттері, аудандық тарихи-өлкетану музейі дайындаған көрме, кітап көрмесі мен ауыл диқандарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды.
Ауылдың ақжаулықты аналары тұсау кесу рәсімін жасап, ардагер ұстаз Асқанбай Тұралиев бүлдіршінге бата берді.
Фестивальда сөйлеген қонақтар Бауыржан Үсеновтың ерекше таланты, ұлтжандылығы, өжеттігі, алғырлығы туралы әңгімеледі. Тәрбиелік мәні зор шара жалғасын табуына, халқымыздың алтын бесігі ауылдың гүлденуіне тілектестік білдірді.
Боралдай ауылдық округіндегі мәдениет ошақ мамандары ақынның «Жазу керек», «Самғау», «Бір ән» өлеңдерін тебірене оқыды. Аудандық мәдениет үйінің әншісі Бақытжан Әбделиев «Қарлығаш» әнін орындады.
Б.Үсеновтың сыныптасы Серік Белқожаев ақын туралы естеліктерімен бөлісіп, оның бала кезден бәйге шабуға, ән айтуға құмарлығы, жаңашылдығы, қайтпас қайсарлығы туралы әңгімеледі.
Олжас Шымырбек Б.Үсеновтың «Қара машина» өлеңін оқыды.
«Айару» би тобының билері мен Әбілмансұр Русланұлының және аудандық мәдениет үйінің әншілері Салтанат Мейіржанқызы мен Назерке Ахметтің әндері ауыл кешінің ажарын кіргізді.
Ауыл тұрғындарына рухани демалыс сыйлаған кеш соңы би кешіне ұласты.
Перизат Шымыртайқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары