Basty bet
Әкенің қоғамдағы қадірқасиетін арттыру қажет
Биылдан бастап маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін «Әкелер күні» мерекесі қарасаңында аудандық орталық кітапханалар жүйесі және «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерінің ұйымдастырумен тағлымды кездесу өтті.
«Әкелер күні» мерекесі Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелердің қоғамдағы қадір-қасиетін арттыруға өскелең ұрпақты тәрбиелеуге негізделеді. Жастарға рухани ақыл-кеңес беруге, қоғамдағы ер азаматтарды өр рухты, өз елінің патриоты болуға шақырады.
Тағылымы мол кездесуге Әбуғали Ералиев, Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері Сапарбек Байсеріков, көп жасаған қазыналы қарт Қайрат Сарыбаев, аудандық «AMANAT» партиясының төрағасы Марат Нарымбеков, Жамбыл облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының теолог маманы Рамазан Абделиев және №2 Мыңбұлақ орта мектебінің оқушылары қатысты.
«Тұлға» психологиялық орталығының психологы Зейнеп Дәуренова мектеп бітіруші түлектерге және оқушыларға ата-ананың ақыл-кеңестерін қабылдау жолдарын түсіндіру мақсатында екі минуттық психологиялық тренинг өткізді.
Шараны жүргізген кітапхана қызметкері Гүлнұр Егеубаева әкелердің қоғамдағы рөлі туралы айта келіп, алғашқы сөзді аудандық әкелер алқасының төрағасы Әбуғали Ералиевке берді. Ол өз сөзінде, жастар елдің ертеңгі болашағы, отбасындағы ер азаматтың мықты болуы ұрпақтарына тәлім-тәрбие беруде үлкен рөл атқаратынын, сонымен қатар, жігіттің толысып, үлкен өмірге жауапкершілікпен қарау арқылы ардақты әкеге айналатынын айтты. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды», – дейді ардагер.
Өмірін көп жылдар бойы еңбекке арнап, бүгінде 82 жасқа толған қария Қайрат Сарыбаевқа сөз берілгенде ол: «Ұрпақ тәрбиесі баршамызды алаңдатпай қоймайды. Ер азаматтар әрқашан бір сөзді, өр рухты болуы тиіс. Отбасылық өмірде де ол солай. Әкенің салған сара жолы баласына үлгі-өнеге болмақ. Сол үшін әке баласын кішкентайынан еңбекке, үнемшілдікке, ұқыптылыққа үйретуі тиіс»,- деді.
Рамазан Әбделиев өз сөзінде, әкенің ұрпақтарына тілеген дұғасы әрдайым қабыл болатынын, қызы мен ұлына, әйеліне барынша дұрыс мәміледе болудың нәтижесінде отбасының беріктігі жыл санап артады және әкелердің отбасын қолдаудағы баға жетпес үлесі зор, сондай-ақ, ер азаматтың қоғамдағы беделін көтеріп, құрметтеуді парыз деп есептейді.
Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов: «Бүгінгі жас өрендер, болашақ бір-бір үйдің отағасына айналады. Оларды біз қоғамның белсенді, білімді мүшесіне айналдырып тәрбиелеуге тиіспіз. Отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларының қоғамда орын алмауы үшін рухани бағытқа, имани тәлім-тәрбиені тереңінен меңгеруіне, қоғамға қажетті маман болуына айналдырудың маңызы зор» деді.
Ал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің инспектор-психологы Назерке Мақтабаева тәжірибелі және көпбалалы әкелерді ортаға шақырып, өмірдегі ситуациялық сұрақтардың шешілу жолдарынын ортаға салды. Оқушылардың әке тақырыбындағы өлең шумақтарына да кезек берілді.
Шара қорытындысында кітапхана қызметкері Гүлнұр Егеубаева оқырмандарды әке тақырыбындағы кітаптарымен таныстырып, шағын шолу жасады. Аталған кітаптарда әкені құрметтеу, әкеге сағыныш, әкенің өнегелік өмір жолы туралы жазылған.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»