Basty bet

Наурыздың әсем нақыштары

жуалылықтар ұлттық мерекені ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы атап өтті

Кең-байтақ Қазақ елінің басқа өңірлерімен қатар, қасиетті Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылының орталық алаңында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты жалпыұлттық мерекелік шара ұйымдастырылды. Иә, сол күнгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, дәстүрлі мерекені сағынып қалған көпшілік қауымның орталық алаңға қарай асыққаны бір жағынан түсінікті де.

«Достық» мәдениет үйінің ауласында Наурыз мерекесіне арналған театрландырылған шағын көрініс қойылып, онда негізінен Ұлыстың ұлы күнінің ерекшеліктерін айшықтай түсетін салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар көпшіліктің назарына ұсынылды. Атап айтқанда, ұлттық қолөнерден бастап, көрмеге қойылған жергілікті ісмерлердің шебер қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдардың түрлері, онымен қатар, көрпе-жастық түрлері, кестелеу арқылы жасалған, т.б. бұйымдар көздің жауын алады. Жергілікті шеберлер мен ісмерлер және өңірге қарасты ауылдық округтерден келген он саусағынан өнер тамған апа-әжелер фойеде қаз-қатар отырып, бірі жүн сабап жатса, енді бірі жүн түтіп, оны иіріп, одан тұрмыстық тоқыма бұйымдарын жасап көрсетуде.
Залдың бір шетінде ісмерлер кесте, көрпе тігу, киіз басу сияқты көне өнер түрлерін көрсетіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Бір сөзбен айтқанда, фойеге қойылған тұрмыстық заттардың барлығы жергілікті тұрғындардың қолынан шыққан өзіндік тарихы бар қастерлі бұйымдар. Қосымша айта кететін болсақ, «Этноауыл» шағын көрмесінде халық арасында кең тараған қазақтың ұлттық қолөнерлерінен (киіз басу, жүн түту, т.б.) және салт-дәстүрлерінен (тұсаукесер, бесікке салу, беташар және т.б.) және ұлттық тағамдар жасаудан (нан пісіру, құрт және жент жасау т.б.) көріністер көрсетілді.
Ал мәдениет үйінің кіші залында қазақтың тұрмыстық салт-дәстүрлерінің бірі – тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Тұсаукесер мағынасы терең ұлттық дәстүр саналады. Онда енді-енді тәй-тәй басып келе жатқан екі бірдей жас сәбидің тұсауы кесіліп, жаңа өмірге қадам басқан бүлдіршіндерге аудан басшысы Жалғас Мұртаза және ауданның батагөй қариясы Аманжол қажы Дүрәліұлы ақ баталарын берді. Ендігі кезекте көпшілікке этномәдени орталықтардың ұлттық көрмелері ұсынылды. Ұлттық орталықтардың кабинетінде жабдықталған көрмеде әзірбайжан, шешен, өзбек және славян этномәдени орталықтарының ұлттық құндылықтары, олардың салт-дәстүрлеріне қатысты бұйымдар, қолөнер бұйымдары, ұлттардың тарихынан, әдебиеті және мәдениетінен сыр шертетін кітаптар, сонымен қатар ақ дастарқанның сәні болған ұлтық тағам түрлері т.б. құнды заттар қойылған.
Наурыз – думан, наурыз – халықтық мереке болғаннан кейін, мереке күні «Достық» мәдениет үйінің үлкен залында «Наурыз думан» аталатын жастардың сауық алаңы ұйымдастырылып, онда «Селт еткізер», «Ұйқыашар» және «Сақина салу» ұлттық ойындары көрсетілді. Онда жастар жағы ұлттық киімдермен қатар, ұлттық зергерлік бұйымдар (шашбау, шолпы, шаштеңге, шашқап, сырға, шекелік, моншақ, тұмар, өңіржиек, білезік және белдіктің түрлерін) насихаттады.
Аулада жергілікті спортсүйер қауымға «Спорт алаңы» ұйымдастырылып, онда (қошқар көтеру, қол күрес, күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ату және гір тасын көтеру, т.б.) сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізілді. Спорттық шаралардың ең бастысы әрі қызықтысы – қошқар көтеру сайысын мерекеге жиналған жұртшылық қызыға тамашалады. Жігіттер қауымының арасында күш пен шеберлік сынға түскен сайыста салмағы 65 келі тартатын қошқарды тоқтамай 100-ден асыра көтерген боралдайлық жас балуан Олжас Қуанышбек жеңімпаз атанып, қошқарға ие болды. Иә, мерекеге орай өткізілген басқа да жарыс түрлері көпшіліктің көңілінен шығып, мейрам күні бір серпіліп тарасқаны анық.
Мәдениет үйінде мерекелік шаралар ары қарай өз жалғасын тауып, Әз-Наурыз мейрамына жиналған жұртшылықты аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтап, табиғаттың жаңарып, жасаруына, барша тіршілік атаулының жаңғыруына, сонымен қатар еліміздің өсіп-өркендеуіне, халықтар арасындағы береке-бірлік пен татулық-ынтымақтың артуына Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің қосып келе жатқан үлесінің зор екенін айтып, жуалылықтарға биылғы Ұлу жылында ырыс-несібенің мол болуына шын жүректен тілектестік білдірді.
Әз-Наурыз мерекесіне арналған жалпыхалықтық шара ары қарай аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Айта кету керек, Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде кеңінен атап өтіліп, онда жергілікті жұртшылықты ынтымақ-бірлікке жұмылдыруға, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, оны жас ұрпақтың арасында кеңінен насихаттауға арналған тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close