Basty bet
Айтары көп аға ұрпақтың өкілі
Ұлы Отан соғысының зардабын тартып, елдің басына күн туған сонау қиын-қыстау жылдарда балалық шағын өткерген ата-апалар мен аға буын өкілдерінің қатары азайып барады. Олардың алдыңғылары тоқсан жастан асса, сексеннің сеңгіріне келгендерінің көзі тірілері ғана ортамызда жүр. Солардың бірі, аудандық басылымның тұрақты авторларының бірі – Қайрат Сарыбаев. Биыл 84 жасқа аяқ басқан еңбек ардагері ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында тұрады. Сонау қиын жылдарды көзбен көріп, сол кездегі сәби жүрегімен сезінген ардақты қарияның соғыс жылдары туралы айтары да көп…
– Мен соғыс жылдары туған аға ұрпақтың өкілімін. Онда әкем Сарыбай мен анам Сәндікүлдің отбасы ауданға қарасты Диқан ауылында тұратын. Әкемнің бір қолы жоқ, шолақ кісі еді. Ол ауылдың азын-аулақ малын бағып, отбасын асырады. Сонда әлі есімде, жайған малдың ақысына бір тостаған ұн немесе бидай береді. Бір отбасында үйелмелі-сүйелмелі төрт бала бірге өскенбіз. Біз онда кішкентай баламыз. Соғыс жылдарындағы қиын күндер әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Ол жылдары халықтың тұрмысы өте қиын болғаны белгілі. Бірақ адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен жанашырлығы мол болатын. Онда ауылда төбесін балшықпен қалың етіп сылаған тоқал тамдар көп еді. Әрбір үйдің төбесінде өреде құрт жайылып тұратын. Жас балалар ойнап жүріп, көбінесе сонымен жүрек жалғайтынбыз. Біздің ауыл бірлігі жарасқан, адамдары да қиын күндерде бір-бірінің тұрмыс жағдайына қарайласқан өте ынтымақты ауыл еді.
Мектептен келген соң ауыл маңындағы бидай егілген алқапқа барып, масақ теретінбіз. Соны үйге әкеліп қуырып, қалтамызға салып күні бойы талғажау етеміз. Ол тұста ауылдың бойжете бастаған қыздары жаңадан құрылған колхоздың қырманына әртүрлі жұмысқа барса, ал ұлдар жағы мал азығына дайындалатын шөпті тырмалап, шөмеле жасайтынбыз. Бала кезде молотилкамен астық бастырғанымыз да естен шыққан жоқ. Азын-аулақ тапқанымызды алып, кешке үйге қуанып қайтатын күндер қайтіп естен шығады?! Таңертең шешем далаға тезекке нан пісіретін. Ол кездерде ауыл маңындағы сайларда жуа өсімдігі көп өсетін. Әр күн сайын соны теріп әкеліп, тамаққа пайдаланамыз.
Айтып, айтпай не керек?! Соғыстың қиын жылдарында ауыл халқының бір-біріне деген сыйластығы мен ынтымақ-бірлігі өте берік еді. Әр үй бір-бірін шақырысып, қолдағы барын бірге бөлісіп жеп, көрген қайғы-қасіретін де бөлісетінін көзіміз көрді. Дастарқанның басында ауыл ақсақалдары ғибратты әңгімелермен қоса, қисса-дастандардан үзінділер айтып отыратыны жадымызда қалыпты. Олар көбінесе бізге: «Адам болыңдар, адал еңбек етіңдер. Сонда аштан өліп, көштен қалмайсыңдар!» деп құлағымызға үнемі құйып отыратын. Адамдардың арасында алалаушылық болмайтын. Біздің ұрпақ қазыналы қариялар мен көпті көрген ақылман әжелердің айтқан өсиетін тыңдап өстік. Ауылдық советтің басшылары (сельсовет) тұрғындардан салық жинайтын. Салыққа әркім қолдағы барын береді. Бірі ет, бірі май деген сияқты.
Біздің отбасы және өз басым соғыстың зардабын тартып өскен ұрпақтың өкілі болғандықтан, соғыс атаулыны жек көремін. Қай заманда болсын, елде бейбіт өмірдің болғаны қандай жақсы?! Бала кезімде есімде қалғанын айтайын. Бір күні жер аяғы кеңіп, күн жылыған көктем мезгілінде ауылдың адамдары ерекше қуанып, малы барлардың үйінде қой сойылып, бауырсақ пісірілді. Сонда ауыл адамдары соғыстың аяқталғанына ерекше қуанғанын кейіннен білдім. Қуанған мен қайғырған бірдей деген емес пе?! Ауыл адамдары сол кезде қуаныштан жылаған екен ғой. Жеңіс күнінің қадір-қасиетінің ерекше екені осыдан-ақ белгілі,- дейді еңбек ардагері.
Қария өз сөзінде, соғыс жылдары дүниеге келіп, кейіннен еңбек майданында шыңдалған аға ұрпақтың рухы мықты болғанын айтады. Қазір тылда тер төккен ардагерлердің алдыңғылары 90 жастан асып отыр. Қ.Сарыбаев та өмірінің көп бөлігін елдің дамуымен қоса, туған өңірдің гүлденуіне арнап, аудандағы бірқатар кеңшарда, сонымен қоса, бірнеше өндірістік мекемеде жемісті жұмыс атқарған. «Казсельхозтехника», «Межколхозстрой», «Ремучасток», іскер азамат Ш.Үлеков басқарған тоқыма-тігін фабрикасы, жеміс-жидек базасы, автобаза, мал бордақылау бірлестігі, аудандық орталық аурухана, т.б. осындай іргелі мекемелерде Қ.Сарыбаевтың еңбегі мен қолтаңбасы қалған десек, артық емес.
Механизатор, жүргізуші болып еңбек еткен жылдары Қазақстанның солтүстігіндегі тың игеру өлкелеріне астық жинауға қатысқаны да еңбек ардагерінің жадынан шыққан жоқ. Одақ тұсында өңірдің дамуын алға бастырып, іргелі кеңшарларды көтерген басшылардан – Затыбек Елшібаев, Жұрымбай Медетов, Қуат Асабаев, Иван Заварыкин, т.б. іскер азаматтардың алдын көріп, тәлімін алған Қайрат Сарыбайұлы еңбекте әрқашан алдыңғы қатарлы маман болды. Сол адалдығынан болар, әлі де сый-құрметке бөленіп келеді.
«Ел аман, жұрт тыныш, жас ұрпақ аман және бейбітшілік заман болсын!» деген ақ тілеулі ақсақал, сексен жастың сеңгіріне сергек жеткен еңбек ардагерінің айтары міне, осындай…
Жазып алған Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»