Basty bet

Көктем мерекесін көпшілікпен бірге тойлады

Тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамы – Наурыз мерекесін күреңбелдіктер де атап өтті. Күреңбел ауылындағы мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы қалың. Ауылдың жақсы жайсаңы, қариясы мен ақ жаулықты аналары мен балалардың бәрі осында жиналды.
Күн мен түн теңесіп, жыл басы Наурыз мерекесін көпшілікпен бірге тойлау мұнде дәстүрге айналған. Бірін-бірі құшақтай қарсы алысып, көрісе амандасқан ағайынның қуанышы – күллі елдің қуанышы. Көріскен жамағаттың жадыраған жылы жүзі осыны аңғартқандай еді.
Күреңбел ауылының тұрғындары құлшыныс танытқан мерекелік шара өзгеше бояумен әрленіп, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Әз-Наурызға дайындалған мерекелік концертте өнерлі жастар мың бұрала билеп, ауылдың өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.
Бұл күні ауыл әкімі Марат Жарлықасын тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтап, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді. Ардагерлермен бірге ауылдың бірқатар белсенді азаматтарын аудан әкімінің және ауылдық округ әкімінің Алғысхатымен марапаттады.
Шара №10 Күреңбел орта мектебінің 2007 жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламаға және спорттық ойындарға ұласты. Бір айта кетерлігі, ұлттық мерекені ауылдық округте әр жылы мектепті бітірген түлектер эстафета ретінде қабылдап, жыл сайын Наурыз мерекесін ерекше атап өтеді. Ұлу жылғы мерекені 1989 жылы туған күреңбелдіктер ұйымшылдықпен өткізіп, тұрғындарға наурызкөжеден дәм татқызды. Ұлыстың ұлы күнін бірлік пен ынтымақта атап өтіп, тұрғындардың алғысына бөленді.
Мерекеде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, ерекше көңіл-күйде болды. Дүбірлі мерекені думандатып өткізген күреңбелдіктер жылдан-жылға аман жетуге ақ тілектерін арнады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close