Basty bet
Көпбалалы аналардың мұңы ескерIлсе екен…
Сәрсенбі күні алдын жасалған қабылдау кестесіне сәйкес, аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртаза бірқатар азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізді.
Аудан басшысының қабылдауында ең бірінші Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Бағила Балықова болды. Б.Балықова жалғызбасты ана. Отбасында барлығы бес бала тәрбиелеп отырса, оның үшеуі мектеп қабырғасында оқиды. Ал бір баласы 2-топтағы мүгедек.
-Жалғас Әлижанұлы мен сіздің қабылдауыңызға отбасылық қиын жағдайыма байланысты көмек сұрап келіп отырмын. Отағасы осыдан сегіз жыл бұрын жүрек ауруынан қайтыс болды. Содан бері отбасында бес баланы өзім асырап, тәрбиелеп келемін. Маған осы балаларды жеткізу оңай болмай отыр. Өзім мектепте еден жуушы болып жұмыс істеймін. Техникалық қызметкердің айлық жалақысының тым аз екенін өзіңіз жақсы білесіз. Үш балам мектеп қабырғасында оқиды. Бір балам мүгедек. Сізден балаларымды асырау үшін кәсіп ашуға көмек беруіңізді сұраймын. Екінші топтағы мүгедек балам бухгалтер мамандығын бітірген. Дипломы бар. Соған өзіне лайықты жұмыс қарастырып, тауып берсеңіз екен.
Мұның алдында жұмыспен қамту орталығына қайырылып, қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, конкурстық комиссияның қабылдауында болғанмын. Ондағы ойым – грантттың қаражатына сауынды сиыр сатып алып, тірлік істеп, балаларды асырасам дегенмін. Бірақ, белгісіз себептермен комиссияның шешімімен мүмкіндігі шектеулі балама грант беруден бас тартылды.
Мектепте оқитын балаларыма да білім ошағының тарапынан ешқандай көмек жоқ. Жалғыз өзіме балаларды асырап, жеткізу жылдан жылға қиындап барады. Соған қандай да бір көмек бола ма деген үмітпен келіп отырмын,- деді көпбалалы, ана.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза қабылдауға келген ананың өтінішін мұқият тыңдап, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығына мүмкіндігі шектеулі баласын жұмысқа орналастыруға немесе қайтарымсыз грант алу конкурсына қатыстыруға барлық мүмкіндікті қарастыру жөнінде тапсырма берді. Ал көпбалалы ананың мектеп жасындағы балаларына тиісті көмектер алуын қамтамасыз етуді аудандық білім бөліміне тапсырды.
Ал екінші кезекте қабылдауда болған азаматша Хадиша Тұрлыбекова да аудан басшысын өзінің отбасылық қиын жағдайынан хабардар етіп, тұрмысын түзеу үшін қайтарымсыз грант қаражатын алуға көмектесуін өтінді. Азаматшаның айтуынша, оның басында баспанасы жоқ екен. Отбасында мүмкіндігі шектеулі қыз тәрбиелеуде. Мектепте оқитын басқа да балалары бар. Осындай тұрмыстық жағдайларын айтқан ол тұрғын үй кезегіне тұру немесе үй салу үшін жер телімін алу жөніндегі өтінішін де қоса білдірді.
Бұдан кейін аудан басшысының қабылдауында болған жалғызбасты ана да тұрақты жұмыс тауып беруін немесе тұрғын үйге көмек беруін сұрады. Сондай-ақ Боралдай ауылдық округінің Көлтоған ауылынан және Қарасаз ауылынан қабылдауға келген азаматтар мал жайылымына қол жеткізу үшін конкурсқа қатысуға және басқа да жеке мәселелермен қайырылды.
Қабылдауда айтылған мәселелердің барлығы назарға алынып, аудан басшысы Ж.Мұртаза азаматтардың мұқтаждықтарын ескере келе, тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округтің әкімдеріне тиісті зерделеу жүргізіп, тұрғындардың тұрмыс жағдайына тұрақты бақылау жасауды тапсырды.
Р.S. «Сананы тұрмыс билейді» деген. Аудан басшысының кезекті қабылдауына келген аналардың айтқан мәселелері мен отбасылық қиын жағдайлары бәрімізді де терең ойландыруға тиісті. Отбасы – мемлекеттің бастауы, тәрбиенің де алтын қазығы осы отбасында жатқаны белгілі. Сондықтан тұрғын үйге және шын мәнінде отбасылық қиын жағдайға тап болып, көмекке зәру отбасылардың мүшелеріне көмек-қолдау көрсету – азаматтық парызымыз. Бұл мәселе сайып келгенде, жергілікті атқарушы органдардың басшыларын да ойландыруы қажет.
Біздің айтпағымыз, толыққанды отбасында өсіп, тәрбиеленбеген ұрпақтың ертең қоғамға, мемлекеттің дамуына пайда әкелетін толыққанды азамат болып қалыптасуы да екіталай. Сондықтан шын мәнінде тұрғын үйге, кәсіп ашуға және жұмыспен қамтуға мұқтаж көпбалалы, тұрмысы төмен және асыраушысынан айырылған отбасылардың мәселелерін тездетіп шешу қай кезде де маңызды болып қала бермекші. Біздің де көкейімізде көпбалалы аналардың мұңы ескерілсе екен тілек бар…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»