Basty bet

Мемлекеттік қызметшілермен кездесті

Өткен аптада Жамбыл облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаев ауданда болып, мемлекеттік қызметтегі әдеп талаптарының сақталуы мәселелерімен жергілікті атқарушы орган құрамында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізді. Атап айтқанда, жиынға аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары, аудандық әкімдікке қарасты бөлімдердің басшылары, бас мамандар және ауылдық округтің әкімдері шақырылды.

Жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды.
-Құрметті жиынға қатысушылар!
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Бүгінде мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметшілердің моральдық және әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылатыны белгілі. Сондықтан олардың жұмысы, іс-әрекеті мен қызметтік әдебі үнемі бақылауда болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жүріс-тұрысы халықтың ұдайы назарында. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің негізгі міндеті. Бұл мәселе бойынша қызметкерлерге арнайы түсіндірме шаралары да қарастырылған.
Мемлекеттік қызмет атқаруда орын алған әртүрлі құқық бұзушылықтарды талдау арқылы оған жол бермеу бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізу Әдеп жөніндегі уәкілдерге жүктелген. Бұл жөнінде ауданда мемлекеттік қызметшілердің арасында бірқатар ағарту және түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізілу үстінде.
Жиын барысында алғашқы сөз Жамбыл облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаевқа берілді.
-Ең бірінші маңызды мәселе ретінде ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға назар аударған жөн. Бұл өте маңызды. Облыс көлемінде жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, көбінесе басшылардың қызметкерлерге әртүрлі қысым көрсететінін анықтап отырмыз. Сондықтан, сіздерге айтарым, қай басшы болсын, қол астындағы қызметкерлердің барлығына бірдей көзқарас ұстанғандарыңыз жөн. Тапсырма бергенде де барлығына бірдей берілуі қажет. Қызметте туыстық, басқа да жақындықтарға жол берілмеуі тиіс.
Екінші мәселе – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтауы. Бұл жөнінде биыл облыста төрт жағдай орын алды. Көбінесе бұл жерде басшылардың әдепсіздігі, қызметкерлерге әділетсіздік танытуы және басқа да мәселелер орын алуда. Сонымен қатар мемлекттік қызметшілердің алкогольдік ішімдік ішіп, көлік құралдарын басқаруы сияқты жағдайлар орын алған. Биыл бізде мұндай фактінің үшеуі тіркеліп отыр. Олардың екеуі Тараз қаласында орын алған. Екі мемлекеттік қызметші жұмыс уақтысында және жұмыс кабинетінде ішімдік ішіп, тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұндай жағдайлар қайталанып орын алуда. Өкінішке орай, мұндай жағымсыз фактілер көбінесе облыстың Қордай және Талас аудандарында көрініс беріп отыр.
Енді Сіздерге айтарым, мемлекеттік қызметшілердің жұмысына және олардың әдеп кодексінің нормаларын сақтауына бұқаралық ақпарат құралдары, Президент Әкімшілігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Үкімет әкімшілігі тарапынан тиісті мониторинг жасалып отырады. Осы мәселе бойынша Жамбыл облысына ең төменгі баға беріліп отыр. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын сақтамауынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін көп жағдай кездесіп отыр. Сондықтан, заңды белден баспай, қызметте белгіленген тәртіптер мен әдептілік нормаларының талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұранамын.
Менің де мұнда Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде келудегі ең басты мақсатым – Сіздерге ақыл-кеңес беру, жоғарыда аталған жағымсыз жағдайлардан сақтандыру және мемлекеттік қызметтің имиджін бірге көтеруге атсалысу. Мемлекеттік қызметті атқару барысында қызметкерлердің тарапынан әдепсіздікке, басқа да келеңсіз жағдайларға жол беруге болмайды. Бұл – мемлекеттік қызметке және мемлекеттік қызметшінің бет-бейнесіне нұқсан келтіретін жағдайлар. Мұндай жағдайдан барынша аулақ болуға шақырамын,- деді Елдос Сайлауұлы.
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін және басқа да қажетті талаптарды жан-жақты түсіндіруге арналған жиында қатысушылардың тарапынан орынды ұсыныс-пікірлер білдіріліп, бірқатар сұрақтар назарға алынды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close