Basty bet

Жастарға отбасы құндылықтары түсіндірілді

Аудандық “Отбасын қолдау орталығы” мекемесінің ұйымдастыруымен «Берекелі отбасы – бақытты қоғам» тақырыбында №16 Жуалы колледжінің студенттерімен кездесу өтті. Кездесуге “Отбасын қолдау орталығы” мекемесінің психологы Айгүл Дәрібаева және осы орталықтың заңгері Ербол Сейітқұлов, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Бағлан Мамытов жастармен отбасы құндылықтары жайлы пікір алмасты.
Шараны психолог Айгүл Дәрібаева ашып, жүргізді. “Бүгін біз сіздермен отбасы туралы әңгіме өрбітетін боламыз. Отбасы – адамның алғашқы мектебі. Дәл осы ортада біз сүйіспеншілікті, сыйластықты және жауапкершілікті үйренеміз. Берекелі отбасы тек бір шаңырақтың бақыты емес, бүкіл қоғамның берекесінің бастауы. Бақытты қоғам үлкен өзгерістерден емес, әр үйдегі жылулықтан басталады. Бүгінгі жастар – ертеңгі отбасының тірегі. Сенімге сүйенген, құрметке негізделген отбасы ғана берекелі қоғамның негізін қалайды» деп жастармен психологиялық тренинг жүргізді.
Тренингке 15–17 жас аралығындағы колледж студенттері қатысып, отбасының қоғамдағы маңызы мен отбасылық қарым-қатынастағы сенім, махаббат, құрмет, адалдық, сабырлылық және жауапкершілік сияқты құндылықтар туралы ой бөлісті.
Шарада қатысушылар «Бір сөз – бір құндылық», «Отбасы үйін бірге тұрғызайық», «Жағдаяттан шығу», «Болашақтағы өзіме хат» сияқты психологиялық жаттығуларға белсенді қатысты. Жаттығулар арқылы жастар берекелі отбасының негізі сенім мен сыйластықта екенін түсініп, отбасындағы түрлі жағдайларды сабырмен шешу, бір-бірін тыңдау және ортақ шешім қабылдау жолдарын талқылады.
Сонымен қатар, сергіту сәті мен «Тілек ағашы» жаттығуы өткізіліп, қатысушылар болашақ отбасы туралы ізгі тілектерін білдірді.
Тренинг соңында мамандар жастарға отбасы жылулық, түсіністік пен өзара қолдаудан қалыптасатынын атап өтіп, әрқайсысын болашақта жауапты әрі сыйластыққа негізделген отбасы құруға шақырды.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close